«100 нақты қадам - Ұлт жоспарының» 15 қадамына сәйкес, үстіміздегі жылы «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері кешенді аттестаттаудан өтеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №404 Жарлығымен ««Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін аттестаттау Ережелері» қабылданып, онда аттестаттаудың барлық регламенттері белгіленді. Өткен жылдары үш жыл сайын өткізіліп жүрген аттестаттауға қарағанда, биылғы аттестаттаудың өзгешелігі баршылық, бұнда заңнаманы білу бойынша тестілеу болмайды.
Арнайы автоматтандырылған бағдарлама мемлекеттік қызметшінің жеке құзіреттілігін, атқарып отырған лауазымына сәйкестілігін анықтайтын болады.
Аттестациялаудың жалпы мақсаты – мемлекеттік қызметшінің кәсіби деңгейін анықтап, оның әрі қарай дамуына және мансаптық өсуіне бағдар береді. Бұл жерде мемлекеттік қызметшінің тек қана кәсіби жарамдылығы емес, оның адами және тұлғалық қасиеттері, ұйымдастырушылық және инновациялық қабілеттілігі басты назарда болуы қажет.
Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге деген сын пікірлерді жиі кездестіруге болады. Мемлекеттік қызметке келген адам өзінің жеке басының мүддесі үшін емес, қоғамның, халықтың мүддесі үшін еңбек етуі тиіс. Сондықтан аттестаттауды мемлекеттік аппараттың қазіргі қоғамның талаптарына сай және халыққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болуына қол жеткізу үшін жасалып жатқан жұмыстар деп қабылдау қажет.
Аттестаттаудың барынша ашық және әділ өтуі барлық деңгейде құрылып отырған аттестаттау комиссияларының мінсіз жұмысына байланысты болмақ.
Мемлекеттік қызметшінің бойындағы қабілеттері мен жаңа білімдер алу мүмкіндігін келесі көрсеткіштерге қарап сипаттауға болады:
- кәсіби білімдерді меңгеруі, жоғары компьютерлік біліктілігі;
- оқуға ынталылығы;
- парасаттылығы, рухани байлығы, дарындылығы болуы;
- есте сақтаушылығы, жұмыскерлігі, байқампаздығы;
- тәртіптілігі, жұмыс уақытын басқару дағдысы, жеке ұйымшылдығы;
- бірбеткейлігі және мансапты жоспарлауы, өзін-өзі дамытуға және алынған тәжірибесін қайта бағалауға ұмтылуы;
- түрлі жағдайларда өзін лайықты және сенімді ұстауы.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің бойындағы инновациялық қасиеттер – қазіргі заманғы бәсекелестікте жоғарғы нәтижелерге жетудің, сондай-ақ өз саласында жетекші болудың бірден-бір жолы. Жоғарғы буынның инновациялық жетекшісі – бұл жаңа идеяны адами ресурстар үшін өміршең, тиімді өнімге айналдыра алатын қызметкер деп қарастыруға болады.
Жалпы айтқанда, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау дер кезінде қабылданған шара, өйткені бұл мемлекеттік қызметшінің өзіне сенімділігін арттырады және қоғам алдында зор жауапкершілік жүктейді.
Жаннат Танабаева
«Мәңгі Қазақ елі» қоғамдық ұйымының төрайымы