Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеудің ашықтығы мен объективтігінің кепілі — байқаушы
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет жалпыға бірдей мүмкіндік және жеке қабілет пен кәсіби даярлыққа сәйкес жоғарылау қағидатына негізделеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған бастамалар байқаушылардың мемлекеттік қызметке орналасу кезіндегі ашықтық пен жариялылық қағидаттарын және мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуін жүзеге асырудағы рөлін арттыруға да қатысты.
Қойылған талаптарға сай келмейтін тұлғалардың конкурс рәсімдеріне байқаушы ретінде қатысуына жол бермеу мақсатында Ақмола облысында байқаушылар пулы қалыптастырылды. Пулдың құрамына 700-дей адам енді, олардың арасында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), коммерциялық ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері бар.
Мемлекеттік қызметке іріктеу жөніндегі конкурс рәсімдерінің айқындығын қамтамасыз етуде үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғам өкілдерінің орны ерекше. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі, Ақмола облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы, Қазақстан дәрігерлері ассоциациясының Ақмола филиалы, «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығы, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы, «Пана», «Защита озер» қоғамдық бірлестіктерінің, «Зеленое будущее», «Sara» қоғамдық қорының, Ақмола облысы жастар ресурстық орталығының, Ақмола облысы туристтік ақпараттық орталығының, «Альянс студентов Кокшетау» корпоративтік қорының өкілдері конкурс рәсімдерінің белсенді қатысушылары болып табылады.
А.ж. 4 қазанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен байқаушылар пулының құрамына енген тұлғалардың қатысуымен «Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеудің ашықтығы мен объективтігінің кепілі – байқаушы» тақырыбына семинар-кеңес өткізілді.
Іс-шараның модераторы – департамент басшысының орынбасары Р.Братаева бүгінгі күні байқаушылар институтының мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерінде объективтік пен ашықтықты қамтамасыз етудегі аса маңызды буын болып табылатынын атап өтті.
Департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының м.а. Г.Евниева байқаушылардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, байқаушылар тарапынан назарды талап ететін негізгі жағдайларға тоқталып өтті.
Ақмола облысының статистика департаментіндегі мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу рәсімдерінде байқаушылардың қатысуын қамтамасыз ету туралы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметінің басшысы Л.Шалғынбаева баяндап берді.
Іс-шараның аяғында қатысушылардың тарапынан сұрақтар қойылып, өз пікірлерін ортаға салды. Барлық көтерілген мәселелер қызу талқыланды.
Марал Атамбаева,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы
