Мемлекеттік тілді оқытудың ұтымды жолдары
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде мемлекеттік тілді оқыту және оның қолданыс аясын кеңейту жұмыстары өз жалғасын табуда.
Осындай іс-шараның бірі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Иманжүсіп Ақпомбаев бекіткен мемлекеттік тілді оқытудың қысқы оқу кезеңінде Ақмола гарнизоны бойынша ашық сабақтар өткізу кестесіне сәйкес ұйымдастырылды. Ашық сабақты Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы подполковник Манарбек Ибраһим мемлекеттік тілді үйренушілермен «Мен өз елімнің патриотымын» атты тақырыпта өткізді.
Ашық сабаққа Ақмола гарнизонында орналасқан Қарулы Күштердің құрылымдық бөлімшелеріндегі мемлекеттік тілді дамыту мамандары тартылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы полковник Халжан Омаров, редакциялау бөлімінің бастығы капитан Айнұр Оразғалиева, мемлекеттік тілді оқыту және талдау бөлімінің бастығы капитан Салтанат Құсайынова қатысты.
Ашық сабақ мемлекеттік тілді дамыту мамандарының өзара тәжірибе алмасуы, кәсіби біліктілік деңгейлерін көтеруіне және оқыту процесінің тиімділігін арттыруға бағытталды. Олар өткізілген ашық сабақты талдай отырып, қазақ тілін оқытудың жаңа әдістері, озық үлгілері мен ұтымды жолдарын қарастырды. Ашық сабақ соныңда ҚР ҚМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы полковник Х. Омаров қатысушыларды Қарулы Күштердегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған маңызды міндеттерді жүзеге асыру жұмыстарын бірлесе атқаруға шақырды.
Осындай ашық сабақтар Қарулы Күштерде гарнизон бастықтарының ұйымдастыруымен әскери бөлімдер мен мекемелерде де өткізілуде. Ашық сабаққа жиналған мемлекеттік тілді дамыту мамандары Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрындағы Ш. Мұртазаның «Бір кем дүние» спектаклінің тұсаукесерін тамашалап, рухани азық алып қайтты.
ҚР Қорғаныс министрлігінің
Баспасөз қызметі
