Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 8 ақпандағы №76 Қаулысы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы №1131 Қаулысы, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 26 маусымдағы №856 Қаулысымен жұмыс атқарылады.
Аталмыш Қаулыларға сәйкес төмендегі топ өкілдері тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы. Атап айтар болсақ:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
3) 1 және 2-топтағы мүгедектер;
4) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 қарашадағы №1309 қаулысымен бекітілген аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
6) жасы бойынша зейнеткерлер;
7) кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма үш жасқа толмаған жетім
балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзімді әскери қызметтен өту мерзіміне ұзартылады;
8) оралмандар;
9) экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
10) көп балалы отбасылар;
11) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық немесе оны жүзеге асыру, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
12) толық емес отбасылар жатады.
Мемлекеттік қызметті алу үшін мемлекеттік қызметті алушы не оның сенімхат бойынша өкілі мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:
1) Бекітілген стандарттың 3-қосымшаға сәйкес есепке қою туралы өтініш;
2) өтініш иесінің және оның отбасы мүшелерінің жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесін;
3) некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктердің көшірмесін;
4) аумақтық әділет органының анықтамасын (өтініш берушіде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде меншік құқығында оларға тиесілі тұрғын үйдің бар немесе жоқ екендігі туралы);
5) жергілікті атқарушы органының анықтамасын (өтініш берушіде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйдің жоқтығы туралы);
6) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесін (құжатты салыстыру үшін) не тиісті елді мекенде тұратынын растайтын анықтама бюросының немесе ауылдық округ әкімнің анықтамасы;
7) басқа адамдарды өтініш берушінің отбасы мүшесі деп таныған жағдайда оларды өтініш берушінің отбасы мүшесі деп тану туралы соттың шешімі;
8) әлеуметтік жағынан осал топтарына жататынын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) әлеуметтік жағынан осал азаматтарға жататынын растайтын құжатты;
9) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар (жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және мүгедек балаларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы жиынтық айлық табысы туралы анықтаманы;
10) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орынынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасы Үкіметімен берілген мәртебесін растайтын құжаттарын ұсынады;
11) жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар осы фактіні растайтын анықтаманы қосымша ұсынады;
12) отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмеген немесе жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатқан немесе отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, бiр үй-жайда (пәтерде) олармен бiрге тұру мүмкiн болмаған жағдайда өтініш берушілер тиісті уәкілетті органның анықтамасын қосымша ұсынады.
Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою - Yvision.kz