Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мемлекет және құқық теориясы

 

№1. Мемлекет және құқық теориясының пәні мен әдісі

Мемлекет пен құқық теориясы дегеніміз – қоғамның жалпы заңдылықтарын, құқықтық өмірді ұйымдастырудың принциптерін және теориясын анықтайтын, болжайтын белгілі бір жүйедегі қоғамтану ғылымы.

Мемлекет және құқықтың жалпы теориясының пәні – мемлекет пен құқықтың пайда болуының, дамуының және қызмет етуінің жалпы заңдылықтары.

Кез келген ғылымның өз пәні, өзі зерттейтін заңдылықтарының анықталған шеңбері болады. Зандылықтар дегеніміз – белгілі бір құбылыстардың маңызын білдіретін шынайы тұрақты қатынастар.  Мемлекет пен құқық теориясының пәнін мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың өмір сүруі мен дамуының жалпы заңдылықтары құрайды.

Сонымен, өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып мемлекет пен құқық теориясына мынандай сипат беруімізге болады:

а) мемлекет пен құқық теориясы қоғамдық ғылым, себебі ол қоғамдық өмірдің анықталған бөлігі – мемлекет пен құқықты зерттейді;

ә) тікелей мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды зерттейтіндіктен, құқықтық ғылым;

б) барлық құқықтық ғылымдарға қатысты жалпы мәселелерді зерттейтіндіктен, жалпы теориялық құқықтық ғылым;

в) тереңдетілген байланыстар мен қатынастарды ашудың негізінде басты  қорытындыларды жасайтындықтан, негіз салушы (фундаменталды) ғылым;

г) салалық заң ғылымдарымен өзара байланысты бағыт беруші, әдістемелік мәндегі ғылым;

д)  құқықтық ғылым курсына кіріспе ғылым, себебі ол  мемлекеттік-құқықтық құбылыстарға біртұтас сипаттама беру кезіндегі заңдық түсініктердің негізгі жүйесін қалыптастырады.

Мемлекет пен құқық теориясы пәнінің өзіне тән ерекшеліктерін білу үшін зерттелетін ғылымның басқа да қоғамдық және құқықтық ғылымдармен байланысын қарастыруымыз қажет. Қоғамдық өмірдің ең өзекті мәселесі - мемлекет пен құқық тек мемлекет пен құқық теориясының ғана емес, басқа да философия, экономикалық теория, әлеуметтану, саясаттану, тарих, психология, логика тәріздес қоғамдық ғылымдардың зерттеу обьектілеріне жатады.

Мемлекет пен құқық теориясы мен басқа қоғамдық ғылымдардың арасындағы байланысты сипаттауда екі түрлі қағида маңызға ие болады. Біріншіден, мемлекеттік құқықтық құбылыстарды зерттеу кезінде басқа әлеуметтік шынайылықтан алшақ кетуге болмайды. Сондықтан, мемлекет пен құқықты зерттеу кезінде басқа қоғамдық ғылымдардың жеткен жетістіктері міндетті түрде қолданылады. Екіншіден, құқықтық шынайылық басқа құбылыстармен байланысып жатқандықтан, қоғамдық өмірдің басқа салаларын - экономикалық, мәдени, саяси және тағы басқалар зерттеу  заң ғылымдарының, соның ішінде мемлекет пен құқық теориясының көмегінсіз толық бола алмайды.

Сонымен, мемлекет пен құқық теориясының басқа қоғамдық ғылымдармен байланысы екі түрлі сипатқа ие болады. Бір жағынан, мемлекет пен құқық теориясы қоғамдық ғылымдардың жетістіктерін пайдаланса, екінші жағынан, қоғамдық ғылымдар мемлекет пен құқық теориясының тұжырымдарына сүйенеді. Бұндай қорытынды ғылыми білімнің бірлігі мен өзара байланысы қағидасынан шығады.

Құқықтық ғылымдардың ерекшеліктеріне келсек, олар мемлекеттік құқықтық шынайылықтың өзекті мәселелерін арнайы зерттеумен шұғылданады. Барлық құқықтық ғылымдарды өз пәндерінің ерекшеліктеріне байланысты бірнеше топтарға жіктеуге болады.

Теориялық құқықтық ғылымдар мемлекеттік құқықтық құбылыстардың аса маңызды жалпы сұрақтарын зерттейді. Тарихи құқықтық ғылымдар мемлекеттік - құқықтық мекемелердің (мемлекет пен құқық тарихы) немесе мемлекет пен құқық ілімдерінің (саяси құқықтық ілімдер тарихы) даму процессін қарастырады.

Салалық құқықтық ғылымдар (конституциялық, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, еңбек және т.б.) нақты құқықтық мекемелер мен нұсқауларды және тиісінше құқықтық практиканы зерттейді.

Қолданбалы құқықтық ғылымдар (криминалистика, сот медицинасы, сот психиатриясы және т.б.) табиғи және техникалық ғылымдардың жетістіктерін, құқықтық мәселелерді шешу үшін қолданылады.

Заңдық ғылымдар жүйесінде мемлекет және құқық теориясының алатын орны ерекше. Мемлекет және құқық теориясы мен тарихи-заңдық ғылымдардың ұқсастығы олардың мемлекет пен құқықты тұтас қарайтындығына байланысты, айырмашылығы тарихи-заңдық ғылымдар зерттеу барысында мемлекеттік-құқықтық нысандарды даму үрдісінде хронологиялық тәртіппен, тарихи әдістерді қолдана отырып зерттейді, теория осы құбылыстарды тұжырымдап, олардың дамуының жалпы заңдылықтарын анықтауға тырысады, логикалық әдісті қолданады.

Салалық заңдық ғылымдарға қатысты мемлекет және құқық теориясы тұжырымдаушы роль атқарады. Ол мемлекет пен құқықтың дамуы мен қызмет етуінің барынша жалпы заңдылықтарын зерттеп қорытындылайды, барлық салалық заң ғылымдарына ортақ мәселелерді қарастырады, әдістемелік, бағыттаушы роль атқарады. Сонымен қатар өзі де салалық заң ғылымдарының жетістіктерінен нәр алады, яғни ондағы фактілі материалдарды өңдеп, қажетіне жаратады. Мемлекет және құқық теориясының өзге заңдық ғылымдармен арақатынасы өзара тығыз байланысты екі жақты қатынас екендігіне көз жеткіздік.

Әрбір ғылымның зерттеу пәнімен қатар зерттеу әдістері де болады. Методология дегеніміз – білім алу үшін ғылымда қолданылатын тәсілдер, ережелер және қағидалар жиынтығы. Мемлекет пен құқық теориясының зерттеу әдістері екі үлкен топтан құралады:

-жалпы ғылымдық зерттеу әдістері

- жеке ғылымдық зерттеу әдістері.

Жалпы ғылымдық зерттеу әдістері – барлық ғылымдармен қолданылатын жалпы зерттеу әдістері, барлығына ортақ қағидалар. Оларға анықталған философиялық бағыттарды жатқызуымызға болады. Қазіргі кезеңде жалпы ғылыми зерттеулер материализм мен диалектикаға сүйенеді.

Жеке ғылыми зерттеу әдістері дегеніміз – нақты білім алу үшін қолданылатын ережелер, тәсілдер, әдістер жиынтығы. Олар зерттеу процессінің деңгейі мен бағытына байланысты көптүрлі болады.

- Нақты-әлеуметтік тәсілдер негізінен ғылыми ақпарат жинау кезінде қолданылады. Оларға жататындар: бағдарлау – мемлекет пен құқық теориясында бағдарлау обьектілеріне құқықтық практика мен мемлекеттік мекемелер жатады. Сұрау, анкета жүргізу, сұхбаттасу, сараптама және т.б. әдістер арқылы субъектілердің мемлекеттік-құқықтық аймақтағы нақты әрекеті туралы мәлімет жинауға болады.

Мемлекет пен құқық теориясында қолданылатын негізгі әдістердің бірі – логикалық әдіс. Логика – ойлау тәсілдері мен әдістері туралы ғылым. Заң ғылымының зерттеу процесінде анализ және синтез тәсілдері де қолданылады. Анализ – теориялық және тәжірибелік зерттеу процесінде күрделі обьектілерді талдау, құрамды бөліктерден жіктеп ажырату. Синтез – сол талданған бөліктерді жинақтап қосу арқылы белгілі бір объектіні, затты құрастыру.

Жеке ғылыми зерттеу әдістерінің түрлеріне: формалды-заңдық, жүйелік, функционалдық, статистикалық, әлеуметтік, салыстыру жатады.

Формалды – заңдық әдіс заңдық түсініктерді анықтауға, олардың қасиеттерін ажыратуға, жіктеу жүргізуге, құқықтық нұсқауларды түсіндіруге мүмкіндік береді.

Жүйелік тәсіл – қоғамдағы мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды жүйеге, салаға топтастырып зерттеу.

Функционалдық тәсіл – қоғамдағы заңды құбылыстардың әлеуметтік бағытына, маңызына, қызметіне қарай жіктеп зерттеу жүргізу.

Статистикалық әдіс – заңды құбылыстардың санды деректеріне, фактілеріне сүйене отырып зерттеу жүргізу.

Үлгілік әдіс – болған құбылыстың үлгісін жасап, сол арқылы істің мазмұнын, көлемін жобалап барып зерттеу жүргізу.

Әлеуметтік тәсіл – жүйелік, функционалдық, стстистикалық, үлгілік тәсілдер арқылы жүргізілген зерттеулердің қорытынды нәтижелерін біріктіріп зерттеуді жалғастыру.

Салыстырмалы – құқықтық әдіс – бірнеше мемлекеттерді, құқықтарды салыстырмалы зерттеу және олардың тарихи даму процестерінде теңестірмелі әдіспен зерттеу жүргізу.

Мемлекет және құқық теориясы курсының жүйесі. Мемлекет пен құқық теориясы екі үлкен бөлімге бөлініп қарастырылуда: мемлекет теориясы және құқық теориясы. Мемлекет теориясында мемлекет түсінігінің, мемлекеттіліктің пайда болуының және тарихи дамуының  жалпы мәселелері, мемлекеттің және мемлекеттік аппараттың қызметтері мен үлгілері, қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің алатын орны мәселелері қарастырылады. Ал, құқық теориясында құқық түсінігі, құқықтың пайда болуы және тарихи дамуы, құқық нормалары және жүйесі, құқықтық нормативтік актілер, құқықтық сана, құқықтық қатынас, құқықты жүзеге асыру, құқық бұзушылық, құқықтық жауапкершілік, заңдылық және тағы да басқа көкейтесті мәселелер қарастырылады.

Мемлекет және құқық теориясының қазіргі заңгердің заңдық дүниетанымы мен құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы ролі.

Отандық мемлекет және құқық теориясы, оның дамуы.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Ағдарбеков Қ. Мемлекет және құқық теориясы. Қарағанды, 2001.
  2. Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәуекелов А.Н. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1999.
  3. Ибраева А.С., Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1998.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Гревцов Ю.И. Очерки теории и социологии права. 1996.
  2. Историческое и логическое в познании государства и права. Л., 1988.
  3. Казимирчук В.П. Право и методы его изучения. М., 1965.
  4. Карбонъе Ж. Юридическая социология. М., 1986.
  5. Козлов В.А. Проблемы предмета и общей методологии права. Л., 1989.
  6. Сырых В.М. Метод правовой науки: основные элементы, структура. М., 1980.

 

№2. Мемлекет және құқықтың пайда болуы

Алғашқы қауымдық қоғамның экономикасы ортақ меншікке негізделген және онда екі түрлі қағида жүзеге асырылған: 1) рецепроктылық - барлық табылған өнім ортаға жинақталған, 2) редистрибуция – ортақ табыс барлығына бірдей тең негізде бөлінген.

Алғашқы қауымдық құрылыстың әлеуметтік негізі – ру, яғни туыстық байланыстардың дәнекер болуына және шаруашылықты бірлесіп жүргізуіне негізделген адамдардың тарихи қалыптасқан бірлестігі болды. тайпа көсемін сайлаған. Бұлардың билігі әлеуметтік биліктің негізін құраған.

Оның негізгі белгілері: а) әлеуметтік билік тек ру шеңберінде таралып, оның еркін білдіреді және қандас туыстыққа негізделеді;

ә) ол тікелей қоғамдық болып, алғашқы қауымдық демократия, өзін-өзі басқару бастамасында құрылады;

б) алғашқы қауымдық қоғамның барлық маңызды мәселелерін шешу кезінде билік органдары ретінде ру жиналыстары, көсемдер және әскери басшылар танылады.

Әлеуметтік нормалар дегеніміз адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, әлеуметтік-экономикалық негізде айқындалған, сана-сезім еркімен қалыптастырылған адамдардың мінез-құлық ережесі. Мемлекет пайда болғанға дейінгі кезеңде өмір сүрген нормалардың белгілері:

а) алғашқы қауымдық қоғамдағы қатынастар - әдет -ғұрыптармен, яғни тарихи қалыптасқан, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп, дәстүрге айналған әрекет тәртібі нормаларымен реттеліп отырған;

ә) жазбаша түрде бекітілмесе  де, адамдар әрекеті мен санасында өмір сүрген;

б) негізінен дәстүрге айналу күшімен, сондай-ақ сендіру және мәжбүрлеу (рудан аластау) шараларымен қамтамасыз етіліп отырған;

в) барлық ру және тайпа мүшелерінің мүдделерін білдірген.

Мемлекет ерте таптық қоғамның саяси, құрылымдық, аумақтық ұйымы ретінде. Мемлекет - қоғамдағы аса маңызды таптық қатынастарды және өзге де жалпы адамзаттық мәселелерді шешуді және орындауды қамтамасыз ететін, тарихи қалыптасқан қоғамды ұйымдастыратын бірден-бір жан-жақты әмбебап саяси ұйым.

Мемлекетті алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік өкіметтен ажырататын мынадай негізгі белгілері:

1.  Қоғамнан ажыратылған ерекше көпшілік (жария) биліктің болуы. Мемлекеттік биліктің ерекше белгісі - оның жалпылық және әмбебаптық  сипатында.

2. Тұрғындардың аумақтық ұйымдастырылуы.

3. Тұрғындардан салықтарды жинау

4. Мемлекетте арнаулы мәжбүр ету аппараты болады.

5. Жалпыға  міндетті нормативтік актілердің болуы.

6.Мемлекеттің келесі негізгі ерекшелігі – егеменділігінің болуына байланысты. Мемлекет егемендігі - мемлекеттік биліктің саяси-құқықтық ерекшелігі, оның ішкі басқа биліктен және шет мемлекеттерден тәуелсіз өз мақсаттарын шешуге құқығы және еріктілігі.

Мемлекеттің әлеуметтік маңызындағы дуализм: мемлекет қоғамды басқару құралы және таптық қайшылықтарды шешу құралы ретінде.

Мемлекет өндіруші экономиканы қамтамасыз ететін әлеуметтік институт ретінде.

Мемлекеттің шығуының негізгі теориялары: материалистік теория, табиғи-құқықтық теория, органикалық теория, күш көрсету теориясы, психологиялық теория, діни, технократиялық, патриархалды, келісімдік және өзгелер.

Мемлекеттің шығу нысандары: шығыстық, афиндік, римдік, германдық және өзгелер.

Мемлекет анықтамаларының әртүрлілігі. Мемлекет қоғамның саяси, құрылымдық және аумақтық ұйымы ретінде. Мемлекет мәніндегі жалпы әлеуметтік және таптық. Мемлекет саяси-құқықтық қауымдастық ретінде. Мемлекеттік егемендік. Ұлт және мемлекет. Мемлекет пен экономиканың өзара байланысы. Мемлекеттілік дамуы. Мемлекеттің даму кезеңдері. Әр түрлі халықтарда мемлекеттіліктің дамуының әртүрлілігі.

Негізгі әдебиеттер:

1.            Ағдарбеков Қ. Мемлекет және құқық теориясы. Қарағанды, 2001.

2.            Байжанова Г.Т., Әділбекова Қ.Қ. Мемлекет және құқық теориясы пәні бойынша мемлекет бөліміне арналған дәрістер жинағы. Қарағанды, 2003.

3.            Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәуекелов А.Н. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1999.

4.            Ибраева А.С., Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1998.

Қосымша әдебиеттер:

1.            Алексеев А.С. К учению о юридической природе государства и государственной власти. М., 1995.

2.            Бачило И.Л. Факторы, влияющие на государственность // Государство и право. 1993. № 7.

3.            Берман Г. Западная традиция права: эпоха формирования. М., 1994.

4.            Бутенко А. П. Государство: его вчерашние и сегодняшние трактовки // Государство и право. 199,3. № 7.

5.            Власть. Очерки современной политической философии Запада. М., 1989.

6.            Косарев А. И. Происхождение и сущность государства. М., 1969.

7.            Нурпеисов Е.К., Котов А.К. Государство Казахстан: от ханской валсти - к президентской республике. – Алматы: Жеты жаргы, 1995.

8.            Филиппов Г. Г. Социальная организация и политическая власть. М.,1985.

9.            Энгельс Ф. Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің пайда болуы. Алматы,1982.

№3. Мемлекет нысаны

Мемлекет нысаны түсінігі мемлекеттану сипаттарының ішіндегі негізгілерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта мемлекет нысаны ретінде мемлекеттік билік пен оның құрылымдарының ұйымдастырылуы түсіндіріледі. Мемлекет нысаны мемлекет мазмұнымен тығыз байланыста сипатталады. Егер мемлекет мазмұны мемлекеттік билікті кімнің жүзеге асырып жатқанына жауап берсе, ал мемлекет нысаны мемлекетте билік қалай ұйымдастырылып, қандай органдармен жүзеге асырылады, олардың құрылу тәртібі және өкілеттік мерзімдері жайында, сондай-ақ жалпы мемлекеттік биліктің жүзеге асырылу тәсілдері туралы сұрақтарды қарастырады. Мемлекет нысаны – басқару нысанынан, мемлекеттік құрылым нысанынан және саяси режимнен құралатын мемлекеттің ерекшелігі.

Мемлекет нысаны мемлекеттік биліктің құрылымы мәндік жағынан әртүрлі сипаттармен анықталады:

– мемлекеттік билік пен басқару органдарының құрылу және ұйымдастырылу тәртібі.

–  мемлекеттің аумақтық құрылымының тәртібі, орталық, аймақтық және жергілікті биліктің өзара қатынасының белгілі тәртібі.

– мемлекеттік билікті жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы.

Сонымен, мемлекет нысаны үш негізгі элементтен құралады:

- басқару нысаны

- мемлекттік құрылым нысаны

- саяси режим.

Басқару нысаны – жоғарғы мемлекеттік билікті ұйымдастыру, оның жоғарғы және орталық органдардың ерекшеліктері, олардың құрылымы, құзіреті, ұйымдастырылу тәртібі, өкілеттілігінің деңгейі, халықпен өзара қатынасы және олардың оны қалыптастыруға қатысу дәрежесі. Жоғарғы мемлекеттік билікті жүзеге асыру бір адаммен немесе сайланбалы алқалы органмен жүзеге асырылатындығына байланысты мемлекетті басқару монархия және республика деп ажыратылады.

Монархия – жоғарғы мемлекеттік биліктің  бір әулетке  мұрагерлік жолымен немесе өмір бақиға сайланып берілуін білдіретін басқару нысанының бір түрі. Оның мынандай белгілері бар:

- жоғарғы билік мұрагерлік жолмен беріледі;

- шексіз мерзімде жүзеге асырылады;

- сайлаушылар еркінен тыс жүзеге асырылады.

Монархия екіге бөлінеді: абсолютті монархия (Сауд Аравиясы, Бруней) және конституциялық монархия.  Конституциялық монархия екіге бөлінеді:  дуалистік монархия және парламенттік монархия.

Республика – басқару органдары белгілі бір мерзімге сайланатын, шешім алқалы түрде қабылданатын басқару нысанының бір түрі.  Онда биліктің жалғыз қайнар көзі халық болып табылады. Жалпы белгілері:

- бір немесе алқалы түрдегі мемлекет басшысының болуы;

- мемлекет басшысы және  басқа да жоғарғы мемлекеттік билік органдарының белгілі мерзімге сайланатындығы;

- мемлекет басшысының заңмен қарастырылған жағдайлардағы заңдық жауапкершілігі;

- жоғарғы мемлекеттік билік шешімдерінің барлық басқа мемлекеттік органдарға міндеттілігі;

- мемлекет азаматтары мүдделерінің басым түрде қорғалуы, тұлға мен мемлекеттің өзара жауаптылығы. Республиканың екі негізгі түрі бар: парламенттік республика және президенттік республика.

Мемлекеттік құрылым нысаны – тұтастай мемлекет пен оның бөлшектерінің белгілі түрдегі құқықтық қатынастарын сипаттайтын мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуы. Мемлекет пен құқық теориясы мемлекеттің аумақтық құрылымының бірнеше түрін көрсетеді :

- біртұтас мемлекет

- федерация

- конфедерация

Мемлекет нысанының соңғы элементі – саяси режим. Ол  басқару және мемлекеттік құрылым нысандары сияқты мемлекеттің мәндік-мазмұндық жағы көрінетін, мемлекет құрылымын және оның басқа да сыртқы жағын сипаттайтын жиынтық түсінік ретіндегі мемлекет нысанының бір компоненті болып табылады. Мемлекеттің билік ету әдістерін зерттей отырып, жеке тұлғаның нақты мәртебесі туралы және мемлекеттегі басқа субьектілердің қарым-қатынасы, олардың құқықтары мен бостандықтарының  кепілдік және қамтамасыз етілушілік деңгейі туралы түсінік алуымызға болады.

Тар ауқымдағы анықтамасы: мемлекеттік билікті жүзеге асыру тәсілдері  мен әдістерінің жиынтығы, оның мазмұндық қасиеті.

Кең ауқымдағы анықтамасы: демократиялық, құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның саяси бостандықтарының кепілдік дәрежесі, ресми конституциялық және құқықтық үлгілерінің саяси жағдайларға сәйкес келу дәрежесі, билік органдарының мемлекет және қоғамдық өмірдің құқықтық негіздеріне қатынасының сипаты.  Саяси режим демократиялық және демократияға қарсы болып екі түрге бөлінеді. Демократиялық режим – халықтың басқаруға қатысуына, барлық адамдардың теңдігі мен бостандығы қағидасын тануға негізделген либералдық режимнің бір түрі.  Демократияға қарсы режим авторитарлық және тоталитарлық режимдерге бөлінеді. Авторитарлық режим – халықтың аздаған мөлшерде қатысуымен бір адамның бақылаусыз толық билік жүргізуін білдіретін қоғамның мемлекеттік-саяси құрылымы.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Ағдарбеков Қ. Мемлекет және құқық теориясы. Қарағанды, 2001.
  2. Байжанова Г.Т., Әділбекова Қ.Қ. Мемлекет және құқық теориясы пәні бойынша мемлекет бөліміне арналған дәрістер жинағы. Қарағанды, 2003.
  3. Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәуекелов А.Н. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1999.
  4. Ибраева А.С., Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1998.

Қосымша әдебиеттер:

1.       Арон Р. Демократия и тоталитаризм. М., 1993.

2.       Ахметов М.М. Особенности становления президентской формы правления в Республике Казахстан (проблемы теории и практики). Алматы, 2000.

3.       Байгельдин О. Новый этап в развитии демократии. // Панорама, 1997, 25 июля.

4.       Гаджиев К.С. Тоталитаризм как феномен XX века // Вопросы философии. 1992. № 2.

5.       Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан-2030». Алматы:Жеті Жарғы, 1999.

6.       Карапетян Л.М. К вопросу о "моделях" федерализма// Государство и право. 1996. № 12.

7.       Масанов Н. Как обустроить Казахстан: к вопросу о модели государственно-политического устройства страны. (ХХ1 век, Алматы, 1998)

8.       Мухамеджанов Э. Унитаризм и его влияние на структуру законодательного органа власти. С.45-47. Фемида, № 2. Алматы,1999

9.       Правовые проблемы унитаризма в РК /Г.Сапаргалиев, Б.Мухамеджанов, Л.Жанузакова, Р.Сакиева.-Алматы:Жеты Жаргы,2000.-309 с

10.   Петров В.С. Сущность, содержание и форма государства. Л., 1977.

11.   Петров В.С. Тип и форма государства. Л., 1967.

12.   Онлашева Ж.О. Республика Казахстан – светское государство. Известия мин-ва образования и науки РК, нац.академии наук РК. № 499

13.   Шайхисламов Ж. Форма правления как фактор устойчивого развития государства. Вестник КазГУ. № 4, 2001

14.   Шайхисламов Ж. Методологические подходы к пониманию формы правления. Вестник КазГУ. № 2Салимбаева Ж.Ч. Казахстан – президентская республика. // Политика. Алматы, 1996. № 8.

15.   Чиркин В.Е. Нетипичные формы правления в современном государстве // Государство и право. 1994. № 1.

16.   Чиркин В.Е. Переходное постсоциалистическое государство: содержание и форма // Государство и право. 1997. № 1.

№4. Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам

Құқықтық мемлекет - адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын барынша толық қамтамасыз етуге жағдай жасайтын, мемлекеттік билікті құқық көмегімен шектейтін саясибилікті ұйымдастыру. Ол гуманистік бастауларды, әділеттілікті бекітуге арналған әлеуметтік құндылықтардың біреуі ғана емес, сонымен бірге жеке тұлға бостандығын,ар-ожданы мен намысын қамтамасыз етудің құралы, халықтық биліктің өмір сүруінің нысаны.

Құқықтық мемлекеттің жәй мемлекетке қарағанда айырмашылықтары болады: 1. Мемлекетте билік шексіздігімен сипатталса, құқықтық мемлекетте құқық үстемдігі танылады, 2.Мемлекет қоғамнан алшақ кетсе, құқықтық мемлекетте азаматтық қоғам мемлекет әрекетін бақылап отырады, 3. Мемлекет өз тарапынан азаматтарға бассыздық пен күштеуденқорғауға толық кепілдік бермесе, құқықтық мемлекетте адам құқықтары мен бостандықтары шынайы қорғалады.

Құқықтық мемлекет мәнінің екі жағын ажыратып көрсетуге болады:

  1. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын барынша толық қамтамасыз ету, жеке тұлға үшін құқықтық көтермелеу режимі қалыптастыру. Бұл құқықтық мемлекеттің әлеуметтік мазмұндық жағы.
  2. Мемлекеттік билікті құқықтың көмегімен шектеу, мемлекеттік құрылымдар үшін шектеу құқықтық режимін қалыптастыру (формальді заңды жағы).

Құқықтық мемлекет функцияларын шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады. Оның ішкі функцияларына:

-          азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың тең құқылығын және заңдылық негізінде қоғам мүддесін қамтамасыз ету;

-          меншіктің әр түрлі нысандарын тең қорғау;

-          монополизмді жоққа шығаратын нарықтық экономиканың дамуын қамтамасыз ету;

-          азаматтардың еңбек жағдайын жақсарту және еңбекті қорғау;

-          азаматтардың мүддесіне сай рухани құндылықтарды қорғау және байыту.

Құқықтық мемлекеттің сыртқы функцияларына:

-          бейбітшілік және бейбіт қатар өмір сүру үшін күрес функциясы;

-          елді сыртқы басқыншылықтан қорғау;

-          дүниежүзілік қауымдастық елдерімен экономикалық ынтымақтастық;

-          басқа мемлекеттермен саяси ынтымақтастық;

-          қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша өзге елдермен өзара әрекеттестіктің әр түрлі нысандарын қалыптастыру шаралары жатады.

Аталған функциялардың негізінде азаматтық қоғамның еркі жатады, олар қатаң түрде қолданыстағы заңдарға және адам құқықтары бойынша халықаралық актілерге сай, тиісті органдарда жүзеге асырылады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарымен және олардың теңдігімен санасады.

Сонымен, құқықтық мемлекет – заң жоғарылығына негізделген, оның жалпыға міндетті еркін білдіретін және жүзеге асыратын, жалпыны қамтитын қоғам ұйымы.

Құқықтық мемлекеттің  негізгі принциптерінің қатарына заң жоғарылығы қағидасы жатады.  Аталған қағидаға сәйкес қандай да болмасын мемлекеттік орган, лауазымды тұлға, ұжым, мемлекеттік немесе қоғамдық ұйым не болмаса жеке тұлға заңға бағыну міндетінен босатылмайды. Құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының толық кепілдендірілуі және ажырамастығы, сондай-ақ азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігі қағидасын бекіту және үнемі қолдап отыру болып табылады.

Келесі бір негізгі қағида – мемлекеттік билікті тәуелсіз тармақтарға бөлу болып табылады. Мемлекеттің дұрыс қызмет ету процесін қамтамасыз ету үшін, онда бір-бірінен дербес, тәуелсіз билік тармақтары болуы қажет. Олардың қатарына заң шығару билігі, атқару билігі және тәуелсіз сот билігі жатады. Заң шығару билігі парламентке берілген, атқару билігі үкіметке, сот билігі соттарға беріледі.

Биліктердің теңділігі халық егеменділігіне негізделеді. Оған сәйкес, заң шығару билігі заңдар қабылдауға, атқару билігі олардың орындалуын ұйымдастыруға, ал сот билігі заң шығарушы органмен қабылданған заңдарды негізге ала отырып, құқық туралы дауларды шешуге тиісті.

Құқықтық мемлекеттің өзге де қағидалары: заңдылық қағидасы, мемлекеттік биліктің шектеулілігі, адам құқықтары мен бостандықтарының ажырағысыздығы, саяси, идеологиялық және экономикалық плюрализмнің болуы танылған.

Құқықтық мемлекет қалыптастыруды анықтаушы факторлар мен мәселелер төңірегінде сөз қозғағанда басым міндеттер қатарында материалдық және идеалдық сипаттағы алғы шарттарды қарастыру қажет. Материалдық сипаттағы қажетті алғы шарттарға әділ, тәуелсіз сот билігінің болуы, мемлекеттік билікті жіктеу, мемлекетте құқықтың (заңдардың) үстемдік құруы, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының шынайы кепілдендірілуі жатады.

Құқықтық мемлекет қалыптастырудың өзге алғы шарттарына тоқталатын болсақ, алдымен оның қоғам тұрақты демократиялық, құқықтық, саяси, мәдени дәстүрлерді ұстанатын жерлерде пайда болатынын атауға болады. Егер мәдениет, құқық, демократия, заңдылық әрбір жеке тұлғаның ішкі құндылығына айналмайтын болса, онда құқықтық мемлекет туралы ойлар да негізсіз болады.

Негізгі әдебиеттер:

1.       Ағдарбеков Қ. Мемлекет және құқық теориясы. Қарағанды, 2001.

2.       Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәуекелов А.Н. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1999.

3.       Ибраева А.С., Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1998.

Нормативті әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы: Жеті Жарғы, 2000.
  2. Қазақ КСР-ның мемлекеттік егеменділік туралы Декларациясы // Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы. 1990.№44.
  3. Қазақстан Республикасы конституциялық заңы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» // Жаршы. 1991.№51.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ахметова Н.С. Разделение властей-важнейший принцип формирования правового государства / / Проблема воплощения принципов правового государства в Конституции Республики Казахстан. Караганда,1995.
  2. Аюпова З.К. Особенности построения демократического правового государства. С.17-20. Мысль, 1999. № 4
  3. Баймаханов М.Т.  Становление правового государства и конституционный процесс в Республике Казахстан. Алматы: КазГЮА, 2001.
  4. Бельгибаев С. развитие гражданского общества в Казахстане. Саясат. № 1. 2002 г. С.43-45
  5. Бельгибаев С. Роль гражданского общества в переходный период. Евразийское сообщество. № 4. 2000 г.
  6. Злотников С. Правовое обеспечение институтов гражданского общества в Казахстане. Прав.реф.в Казахстане. № 1. 1999 г.
  7. Ибраева А.С. Судьба идеи правового государства в новом веке. Вестник КазГУ. № 2. 2000 г.
  8. КарГУ им.Е.А.Букетова Теория и практика формирования правового государства в РК. Сб.научн.тр.-Караганда:Изд-во КарГУ, 1990, 260 с

Марача В.Г., Матюхин А.А. Гражданское общество и государство в Казахстане: основные понятия и особенности становления. Алматы,1999.

№5. Құқық түсінігі, оның белгілері мен функциялары.

Қоғам реттеусіз, яғни әр түрлі саладағы адам әрекетін тәртіпке келтірусіз өмір сүре алмайды. Адам әрекеті әлеуметтік және техникалық нормалар көмегімен  ретке келтіріледі. Әлеуметтік норма – адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, әлеуметтік экономикалық негізде айқындалған, сана-сезім еркімен қалыптастырылған адамдардың мінез-құлық ережесі.

Әлеуметтік нормалардың белгілері:

-          реттеу пәні қоғамдық қатынастар болып табылады;

-          жалпылық сипаты болады, олар адамдардың саналы-ерікті әрекеті нәтижесінде құрылады.

-          субъективті құрамы әлеуметтік аяның өкілдері ретіндегі адамдармен байланысты;

Әлеуметтік нормалар құқықтық, адамгершілік, діни, саяси, эстетикалық, әдет-ғұрыптық, корпоративтік және т.б. болып бөлінеді.

Адамгершілік нормалары – халықтың ұлттық ұғымымен жақсылық, зұлымдық туралы қоғамда қалыптасқан әлеуметтік норманың бір түрі. Діни нормалар – әр түрлі діни сенімдермен тағайындалған және белгілі бір дінді тұтынушылар үшін міндеттілік маңызы болатын әлеуметтік нормалар. Әдет-ғұрып – қауымдағы адамдардың қарым-қатынасын реттейтін географиялық, ұлттық, экономикалық факторларға байланысты тарихи қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа беріліп дәстүрге айналған, қоғамдық әсер ету шараларымен қамтамасыз етілген әлеуметтік норманың бір түрі. Корпоративтік нормалар – қоғамдық ұйымдардың жарғыларында анықталған, ұйым мүшелеріне міндетті болатын әлеуметтік нормалар.

Құқықтың пайда болуы. Құқықтың қалыптасуының негізгі себептері мен жолдары. Құқықтың пайда болуы туралы негізгі теориялар:табиғи-құқықтық, теологиялық, нормативистік, марксистік, психологиялық, социологиялық.

Құқық философия мен теория категориясы ретінде шынайы мазмұнды құрай отырып, инструменталдық роль атқарады. Құқық түсінігіне, шығу жолына, мәні мен мағынасына қатысты ғылымда сан алуан көзқарастардың  болу мүмкін. Бірақ құқықты өмірде қолдануға келгенде міндетті түрде біркелкі ойдың, көзқарастың тұрғысынан табылу керек. Егер құқық әртүрлі мағынада ұғынылатын болса, онда ол өзінің құндылығын, қоғамдық қатынастарды тұрақтандыру мен ретке келтірудегі ролін жоғалтушы еді. Құқық түсінудегі анықталғандық - қоғамдық қатынастардың анықталғандығы мен тәртібінің бастауы.

Құқыққа деген әртүрлі көзқарастар қоғамды демократияландырумен ұштасады, пікір плюрализміне сәйкес келеді. Субъективті, объективті факторлармен қатар, көзқарастардың көптігіне гносеологиялық та себеп бар. Таным барысында құбылыстың бір ғана жағына еліктеу, оны жоғары санап, өзгелерін жоққа шығару мүмкіндігі бар. Міне, осыдан құқықтың әртүрлі анықтамалары туындайды. Егер бір жақты анықтама өзгелерін алмастыруды мұрат тұтпаса, жалғыз дұрыс деген атауға ұмтылмаса, онда одан келетін еш жамандық жоқ. Құқықты терең түсіну үшін, егер ол шындыққа сәйкес келетін болса, кез-келген анықтама пайдалы. Ал, практикалық қолдану үшін құқықтың тұтас түсінігі болуы қажет.

Құқық көп жақты, күрделі құбылыс. Сондықтан оған берілетін анықтамалар да сан қырлы. Құқық (жалпы әлеуметтік мағынада) тиісті мүмкіндіктердің заңда көрсетілген, көрсетілмегендігіне қарамастан адамгершілік, әдет-ғұрып тұрғысынан әрекеттің негізделуі мен еркіндік ретінде танылады. Құқықтың функционалдық анықтамасы – қазіргі кездегі экономикамен негізделген халықтың, көпшіліктің еркін білдіретін, нормативті анықталған және бұзылудан тәрбиелеу, сендіру және қажетті жағдайда мемлекеттік мәжбүр ету шараларымен қорғалатын, қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін атқаратын, құқықтық демократиялық мемлекет қалыптастыру мақсатында қоғамдық келісім құралы болатын нормалар жүйесі ретінде көрсетеді.

Құқыққа мынандай белгілер тән:

-еріктілік сипаты болады;

-жалпыға бірдей міндеттілік күші танылған;

-нормативтілік;

-мемлекетпен қалыптастырылады және қорғалады;

-жүйелілік;

-қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін атқарады.

«Құқық» термині екі мағынада: обьективтік және субьективтік болып қолданылады, бірақ қай қайсысының да мағынасы толық ашылмаған. Бірінші мағынасында «құқық дегеніміз өмірдің заңдық тәртібі, мемлекетпен қорғалатын барлық құқықтық ережелердің жиынтығы», ал екінші жағдайда – құқық дегеніміз «жеке тұлғаның нақты құқық өкілдігіндегі абстрактылы ереженің нақты көрініс табуы».

Құқық мәнін анықтау барысында екі түрлі көзқарасты ескеру қажет.

1.Таптық қөзқарас, онда құқық экономикалық үстем таптың  заңдастырылған еркін білдіретін, мемлекетпен кепілдендірілген нормалар жүйесі ролін атқарады.

2.Жалпы әлеуметтік көзқарас бойынша құқық қоғамның әр түрлі топтарының арасындағы келістіруші ролін атқарады.

Дегенмен де, құқық түсінігі тәріздес, оның мәнінің де жан-жақты көп қырлы екендігін естен шығармауымыз қажет. Осы тұрғыдан құқықтың діни, ұлттық, нәсілдік және тағы да басқа мәні болатындығын атап өту қажет. Құқық мәнін анықтайтын нормативистік, табиғи-құқықтық, тарихи-материалистік, әлеуметтік теориялар бар.

Құқық түсінушіліктің негізгі типтеріне мыналарды жатқызады:

  • нормативистік;
  • әлеуметтік юриспруденция;
  • табиғи құқық теориясы;
  • философиялық құқықтүсінушілік.

Құқық – қоғамның мемлекеттік еркін, оның жалпыадамзаттық және таптық сипатын көрсететін жалпыға міндетті, формальды-анықталған нормалар жүйесі; мемлекетпен шығарылады  немесе санкцияландырылады және бұзылудан мемлекеттік мәжбүр ету мүмкіндігімен қорғалады; қоғамдық қатынастарды өкімдік-ресми реттеуші болып табылады.(Байтин М.И.)

Құқық – көмегімен құндылық тағайындалымдар анықталынатын және бекітілетін, белгілі бір социумның өкілдерімен жалпы маңызды ретінде танылған және заңдық кепілдіктер жүйесі мен заңдық жауапкершілік шараларымен қамтамасыз етілген біртектестендірілген әрекет стандарттарының жиынтығы.(Ромашов А.И.)

Құқық – мемлекеттен бастау алатын және орындалуы онымен қамтамасыз етілетін әрекет тәртібі жүйесі. Сондықтан даулы мәселе құқықты қалай түсінуде емес, мәселе осы тәртіптің мән - мағынасын қоғамның қалай қабылдайтындығында - деп санайды Раянов Ф.М.

Экономика, саясат және құқық түсініктерінің арақатынасына тоқталмастан бұрын, олардың әрқайсысына жеке-жеке анықтама беру қажет. Экономика – нақты

қоғамның өндіріс тәсілі, өндірістік қатынастарының жиынтығы. Саясат – билікке байланысты таптардың, топтардың қатынасын сипаттайтын қоғамды басқару өнері. Құқық туралы жоғарыда баяндалды. Аталған құбылыстардың арақатынасына екі түрлі көзқарас анықталған.

Бірінші көзқарас бойынша олардың арасында басымдылығымен танылатын құбылыс жоқ, қоғам дамуындағы атқаратын ролі тең деп саналады. Себебі, қоғамдық қатынастардың пайда болуы мен қызмет етуінің алғашқы факторы ретінде адамдардың мүддесі танылады. Белгілі бір жағдайларда мүдде құқықта жүзеге асырылады да, содан кейін әлеуметтік байланыстардың өзге салаларына таралады. Бұл жағдайда құқықтың экономикаға тигізетін әсері туралы айтуға болады.

Екінші көзқарас бойынша экономика саясатты да, құқықты да анықтайды. Кейінгілер қондырмалық құбылыс болғандықтан, базиске (өндіріс тәсіліне) тәуелді болады. Дегенмен де экономиканың үстемдігі шартты, себебі саясат пен құқық экономиканың дамуына немесе кері кетуіне әсер ететіндей күшке ие. Бұнда да саясат экономика мен құқықтың дәнекері болып табылады.

Саясат пен құқықтың да арақатынасы екі түрлі. Кейбір жағдайда ықпал етуші фактор ретінде саясат үстемдігі танылса, кейде үстемдік құқыққа тиесілі болады.

Адамгершілік – адам әрекетін жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік тұрғысынан реттейтін нормалар мен қағидалар жүйесі. Адамгершілік пен құқық қоғамдық қатынастарды ретке келтіру барысында өзара әрекеттестікте болады. Олардың адам әрекетіне қоятын талаптары көбінесе ұқсас келеді. Ұқсастықтары мынада:

-әлеуметтік нормалардың ішіндегі ең әмбебап түрі, қоғамның барлық мүшелеріне таралады;

-реттеу объектілері қоғамдық қатынастар болып табылады;

-қоғамнан бастау алады.

Адамгершілік пен құқықтың өз алдына жеке құбылыстар болуына байланысты өзіндік ерекшеліктері де бар:

-шығу тегіне байланысты әртүрлі. Адамгершілік нормалары адамзат қоғамымен қатар пайда болса, құқық нормалары мемлекетпен бірге пайда болған;

-көрініс табу нысандары да әртүрлі. Адамгершілік адам санасында орын алса, құқық жазба нысандағы мемлекеттің арнаулы актілерінде көрініс табады;

-әрекет ету аймақтарына байланысты ажыратылады. Егер адамгершілік қоғамдағы барлық қатынастарды ретке келтіре алатын болса, құқық барынша маңызды бөлігін ғана қамтиды;

-қолданысқа енгізілу мерзімі де ерекше. Адамгершілік түйсікпен сараланған мезеттен бастап әрекет етсе, құқықтың заңды күшіне ену мерзімі нақты анықталады;

-қамтамасыз ету тәсілдері бөлек. Адамгершілік қоғамдық әсер ету шараларымен қамтамасыз етілетін болса, құқық нормалары мемлекеттің мәжбүр ету шараларымен қамтамасыз етіледі.

Ұлттық дәстүрлер және құқық. Еңбектік және отансүйгіштік дәстүрлер және құқық.

Қосымша әдебиеттер:

1. Гегель Г. В. Ф. Философия права. М., 1990.

2. Кленнер Г. От права природы к природе права. М., 1988.

3. Лвйст О. Э. Три концепции права//Советское государство и право. 1991. № 12.

4. Радъко Т. Н., Толстик В. А. Функции права. Н. Новгород, 1995.

5. Явич Л. С. Сущность права. Л., 1985

6. Избасова А. Ценностный подход к правопониманию ­// Правовая реформа в Казахстане.1999.№4.

7. Карипбаев Б. Социокультурные и когнитивные прдпосылки права// Право и государство.2001.№2.

8. Котов А. Государство и сфера права.// Правовая реформа в Казахстане.2001.№ 3.

9. Котов А. Действующее право: понимание и система. Прав.реф. в Казахстане. № 3. 2000

10. Матузов Н. И. Право в системе социальных норм // Правоведение. 1996. № 2.

11. Нұсқабаев О., Әлиев Д. Құқық социологиясы: мәні, құрылымы және қызметі// Заң. 1999. №8.

12. Тихонравов Ю. В. Основы философии права. М., 1997.

№6. Құқық нысандары (қайнар көздері)

Құқық теориясында осы мәселеге қатысты дау әлі де болса дамылдамай отыр. Даудың басы кейбір ғалымдардың нормативті актілер, әдет-ғұрыптар мен прецеденттерді құқық нысаны деп тануы мен екіншілерінің аталған құбылыстарды құқықтың қайнар көзіне жатқызуында десек жаңылмаймыз. Құбылысқа әртүрлі анықтама беру оның мәнінің сан қырлылығын білдіреді дей отырып, аталған екі көзқарасты да қолдауға болатындығын ескеру керек. Аталған қос түсінікті де қолдануға болады, дегенмен де алдымен олардың әрқайсысының жеке мазмұнын анықтау маңызды.

Құқық түп нұсқасы ретінде құқықтың пайда болуы мен әрекет етуін мүмкін ететін факторларды айтады. Бұндай факторларға мемлекеттің құқықшығармашылық әрекеті, халық еркі және қоғам өмірінің материалдық жағдайлары жатқызылады.  Құқық қайнар көзі құқықты тану барысында да қолданылатын термин. Бұл жағдайда оның мазмұнын құқықтың тарихи ескерткіштері (Ману заңдары, Орыс правдасы, Жеті Жарғы), археология мәліметтері, қолданыстағы құқық актілері, заңдық тәжірибе, келісім-шарттар, құқықтанушылардың еңбектері құрайды. Құқық қайнар көзінің бұдан да тар ауқымда қолданылатын түсінігі бар. Ол тәжірибеде нақты істі шешу барысында қолданылатын құжат. Бұнда мемлекеттік еріктің сомдалуын білдіретін құқықтың сыртқы нысаны көрініс табады.

Құқық нысаны – жалпыға бірдей міндетті, заңды маңызы бар, қоғамда орын алған құқық нормаларын ұйымдастыру тәсілі. Құқық нысаны мынандай ерешеліктерімен айшықталады:

-              азаматтардың нормативті бекітілген еркін бейнелейді, әлеуметтік-экономикалық базиспен негізделеді;

-              халықтың саяси билігін бекітеді және қамтамасыз етеді, оның мүддесіне қызмет етеді;

Құқық нысанының негізгі 4 түрі танылған: прецедент, әлет-ғұрыптық құқық, нормативті акт, нормативті келісім.

Прецедент - құзіретті мемлекеттік органның белгілі бір мәселе бойынша қабылдаған шешімінің осыған ұқсас өзге істерді қарағанда міндетті түрде қолданылуы. Прецедент әкімшілік және сот прецеденттері болып екі топқа бөлінеді. Англо-саксондық құқық жүйесінде қолданылады.

Әдет-ғұрып құқығы тарихи қалыптасқан ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрып, салт-дәстүр нормаларына мемлекеттік мәжбүр ету күші тағайындалатын құқық нысанының бір түрі. Қазіргі кезеңде көбінесе діни-ғұрыптық құқықтық жүйелерде (мұсылман құқығы, иудаистік және индустық құқықтарда) танылған. Қазіргі Қазақстанда дүниежүзілік нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес азаматтық және банк құқығы салаларында істік айналым әдет-ғұрыптары қолданысқа енуде.

Нормативті құқықтық акт – құқық нормаларын бекітуге, өзгертуге немесе жоюға бағытталған, айқындалған тәртіпте қабылданатын мемлекеттік органның актісі. Үлкен екі топқа жіктеледі: заңдар және заңға бағынышты актілер.

Заң - мемлекеттің жоғарғы өкілді органы немесе тікелей халықтық дауыс беру (референдум) арқылы қабылданған, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелерін реттейтін және жоғарғы заңдық күші болатын нормативті құқықтық акт. Оның белгілері.

-              заң шығару билігі органдарымен немесе тікелей халықтың дауыс беруімен қабылданады;

-              дайындау және қабылдау тәртібі Конституция мен парламент регламентімен анықталады;

-              халықтың еркі мен мүддесін көздеуі қажет;

-              барынша маңызды қоғамдық қатынастарды реттейді;

-              жоғарғы заңдық күші болады.

Ол мынадан көрінеді: 1)өзге құқықтық актілердің барлығы заңнан бастау алуға және оған қарсы келмеуге тиісті, егер белгілі бір қайшылықтар болатын болса, заң үстемдігі танылады; 2)заңдар оны қабылдаған органнан басқа ешкімнің бекітуін қажет етпейді; 3)заңды қабылдаған органнан басқа ешкім оны қайтарып алуға немесе өзгертуге хақысыз.

Заңның өзі заңдық күшіне байланысты бөлінеді: конституциялық заңдар, заңдар. Конституциялық заңдар қоғамдық және мемлекеттік құрылымның аса маңызды мәселелерін реттейді және парламенттің басым көпшілік (депутаттардың 2/3 бөлігінің) даусымен қабылданады.

Заңға бағынышты акт дегеніміз заң негізінде және заңға сүйене отырып қабылданатын, қоғамдық қатынастардың заңмен реттелмеген бөлігін қамтитын, міндеттілік күш болатын нормативті-құқықтық актінің бір түрі. Оның түрлері:

-              Президенттің жарлықтары мен өкімдері;

-              Үкіметтің қаулысы, Премьер-Министрдің өкімі;

-              Министрліктер, ведомстволар мен мемлекеттік комитеттердің нормативті бұйрық, нұсқау, ережелері;

-              Мемлекеттік биліктің жергілікті органдарының қаулылары мен шешімдері;

-              жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешім, өкім, қаулылары.

Нормативті келісім – субъектілердің өзара мүддесін есепке алуды мүмкін ететін құқықтық қатынастар жүйесін жасайтын, әрі азаматтық қоғамның дұрыс өмір сүруін қамтамасыз ететін, оның субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін анықтайтын құқық нысаны. Нормативті келісім - құқықшығармашылық субъектілерінің жаңа құқық нормасын қалыптастыратын келісімі. Нормативті актілермен қатар қолданылуы мүмкін.

Нормативті актілер әрекеті кеңістік, уақыт және адамдар арасында таралады. Нормативті актілердің кеңістіктегі әрекеті территория ұғымымен анықталады. Нормативті актінің қабылдаған органның құзіреті қандай аумақта міндетті болса, актілер сол аумақта орындалады. Қазақстан Республикасының аумағына оның құрғақтағы аумағы, ішкі және территориялық сулар, әуе кеңістігі, жер қойнауы жатады. Сондай-ақ, шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктердің аумағы, ашық теңіздегі сауда кемелері мен әскери кеме, әуе кемесінің іші мемлекет аумағы ұғымына кіреді. Сондықтан, аталған жерлерде Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге заңға бағынышты актілерінің юрисдикциясы жүреді.

Нормативті актілердің уақыт аралығындағы әрекеті оның заңдық күшіне енуі және заңдық күшінен айырылуы түсініктерімен беріледі. Заңның уақыт аралығындағы әрекеті үш түрлі қағидаға сәйкес жүреді.

1.Заңның тікелей әрекеті. Қазақстан Республикасының заңдары қабылдағаннан кейін заңмен немесе Парламент палаталарының қаулыларымен өзге тәртіп анықталмаса, 10 күн мерзім ішінде заңдық күшіне енеді де содан кейін пайда болған қоғамдық қатынастарды реттейді.

2.Заңның кері күші. Заңның кері әрекеті немесе кері күші деп заңның заңдық күшіне енгеннен кейін де, соған дейін де пайда болған қоғамдық қатынастарды реттеуін айтамыз. Жалпы қағида бойынша заңның кері күшін қолдануға болмайды. Заңға кері күш беру екі түрлі жағдайда мүмкін деп саналады. Біріншісі, егер заңның өзінде кері күші болу мүмкіндігі туралы тікелей айтылатын болса, екіншіден, егер заң қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін немесе тіпті жоятын болса заңның кері күші танылады.

3.Заңның мерзімінен аса әрекет етуі. Кейбір жағдайларда заңдық күші жойылған заң актілері жаңа заң қабылданғанға дейін толықтай немесе белгілі бір бөлігінде қолданылуы мүмкін. Ол көбінесе азаматтық-құқықтық қатынастар аймағында қолданылады. Бірақ жалпы тәртіп бойынша бұндай заң әрекетіне де жол беруге болмайды.

Сонымен, нормативті актілер мынандай жағдайларда заңдық күшінен айырылады:

-актінің әрекет ету мерзімі аяқталғанда;

-бұрынғы әрекет еткен актінің орнына жаңа акт қабылданғанда;

-нақты органның актінің күшін жою туралы шешімі шыққанда.

Нормативті құқықтық актінің адамдар арасындағы әрекеті жоғарыда айтылған мәселелермен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасының заңдары оның аумағындағы барлық мемлекеттік органдарға, кәсіпорын, мекеме, ұйымдарға, ҚР азаматтарына, осы аумақта тұрақты немесе уақытша тұратын шет ел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға міндетті. Дегенмен де аталған қағидадан ауытқу кездеседі. Арнаулы актілерге байланысты мемлекет басшыларының экстерриториялық құқығы болады. Олар қай мемлекеттің аумағында болса да, тек өз елдерінің заңдарына бағынады. Депутаттардың, дипломатиялық өкілдіктердің арнаулы қызметкерлерінің иммунитеті танылған. Сондай-ақ, шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың саяси құқықтары шектелген.

Қосымша әдебиеттер:

1.            Алимжан К. Вопросы теории обычного права. Алматы, 2003.

2.            Ахметова Н.С. ХҮІІІ-ХІХ ғас. Қазақтардың әдет-ғұрып заңдары. Қарағанды. 1997.

3.            Баймаханов М.Т. О некоторых формах воздействия Конституции на развитие и функционирование текущего законодательства. ПиГ. № 1. 2001

4.            Богдановская И. Ю. Прецедентное право. М., 1993.

5.            Зивс С. Л. Источники права. М., 1981.

6.            Кросс Р. Прецедент в английском праве. М., 1978.

7.            Конституция. Закон. Подзаконный акт. М., 1994.

8.            Куандыков М. Судебный прецедент как фактор устойчивого развития государства.// Вестник КазГУ. 2000. №2.

9.            Куандыков М. К вопросу о понятии источников права //Вестник КазГУ.2001.№2.

10.          Марченко М.Н. Проблемы правопонимания в связи с исследованием источников права.Вестник МГУ.2002. №3.

11.          Сюкияйнен Л. Р. Мусульманское право. М., 1986.

12.          Тихомиров Ю. А. Теория закона. М., 1982.

13.          Тлембаева Ж. Роль конституционного закона в правовой системе Казахстана.//Право и государство. 2000. №1-2.

14.          Черняков А. Вопросы воплощения идеи права в Конституции РК. Прав.реф.в Казахстане. № 3. 2000 г.

15.          Шахаманов С. О практике государственной регистрации нормативных-правовых актов. Прав.реф.в Казахстане. № 3.2001 г.

0
0
531

Осы тақырып бойынша