Әмбебап жас дизайнер - Зарина Даниярқызы

Адамның бақыты - адал достар, сүйікті жар мен сүйікті жұмысы. Алғашқы екеуін жүрек қалауымен бұлжытпай таңдасақ, жұмыс жағына келгенде жүрек үнін кейде естімей қалатынымыз бар. Адам табиғаты өзінің не үшін жаралғандығын әркезде біліп, сезе бермейді. Сондықтан болар, жетістік пен абырой барлығына бірдей келе бермейді. Өз орнын таба білетін бақытты жандар ғана ауыр жұмыстан ләззат ала алады. Бүгінгі кейіпкеріміз Зарина Даниярқызы қызығы мен шыжығы толы дизайн саласының өкілі. Статусы әлі де студент болғанымен, Зарина таңдауында нық, болашағына сеніммен қарайды.

- Зарина, сәлем! Қазір қай жерде, қандай мамандық бойынша оқып жүрсің?
- Сәлем, Айжан! Қазір Қ.И Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің Архитектор және дизайн мамандығы бойынша 4-курста оқып жүрмін. Бұған дейін Т. Жүргенов атындағы өнер колледжінде интерьер дизайны мамандығы бойынша оқығанмын.
- Ал киім дизайнына жолың қалай түсті?
- Былтырғы жылдың ақпан айында Kazakhstan Fashion Week-тың дебютанты болған “Jaka Fashion” деген дизайнердің студиясына көмекшілерді қабылдау жүріп жатыр дегенді естіп, сол жерге бардым. Менің эскиздерім, сурет салғаным оларға ұнады. Содан бастап киім дизайнына да қызығып, осы саланы меңгере бастадым.

- Ол студияда немен айналыстыңдар?
- «Jaka Fashion Studio»-сында дизайнердің өз коллекциясымен қатар, министрлікке арнайы ұлттық киімдер эскиздерін дайындадық.

- Дизайнер болуды кішкентай кезіңнен армандап па едің?
- Кішкентай кезімде кім боларымды анық білмедім, дизайн мамандығына алтыншы сыныптан бастап қызыға бастадым. Бір күні анам мектептегі жиналысқа барғанда сурет пәнінің мұғалімі: балаңыздың таланты бар, оны әрі қарай дамыту үшін оны арнайы оқу орнына беріңіз деп кеңес берді. Содан Т.Жүргенов атындағы колледжге барып едік, байқауға дейін 2 ай ғана қалыпты екен, сол уақыттың ішінде байқауға керекті барлық суреттерді салып шығып, қатысып, грантқа өтіп кеттім. Сондағы байқауға қатысқан балалар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, бағын сынады. Шыны керек, өтемін деп ойлаған жоқпын.
- Қазіргі жоғары оқу орнындағы білім беру жүйесіне көңілің тола ма? Сүйікті оқытушыларың бар ма?
- Иә, оқу маған өте қатты ұнайды. Біздің факультетте әрдайым шығармашылық шабыттың желі есіп тұрады. Мұғалімдеріміз де сан түрлі. Танымал архитекторлар да бар, шетелден келіп жатқан мұғалімдер қаншама. Соның ішінде М. Ниязбайұлы деген мұғалімімді ерекше атап өте аламын. Жалпы білімімнің негізін қалап берген сол кісі. Сондай-ақ шетелдік С.М. Майоров атты архитекторды атар едім, бізге байқау кезінде көп нәрселерді үйретеді.

- Шабытты неден іздейсің, қайдан аласың?
- Біз тау жақта тұрамыз. Ол жердің ауасы таза, кең. Тау жақтың тынысы маған шабыт береді. Кеңдік, табиғат – бәрі де сені еріксіз шығармашылыққа итермелейді.
- Жас дизайнерлер қазір кімді үлгі тұтады? Кімге ұқсағысы келеді?
- Көбінесе шетелдік дизайнерлерді үлгі тұтады. Көбісінің кумирі - Шанель.
- Ал өзің ше?
- Мен шетелдік дизайнерлерді аса қабылдай алмаймын. Маған өзіміздің қазақстандық дизайнерлер жаныма жағады. Олардың жұмыстары, коллекциялары өте ұнайды.
- Аттарын атап өтсең?
- Салта, Құралай – ең сүйікті дизайнерлерім.

- Киім үлгілеріңде ұлттық ою-өрнектер бар. Сенің ойыңша ұлттық нақышқа деген сұраныс бар ма?
- Шетелде бар. Елімізде оған тарих ретінде ғана қарайтын сияқты. Ал жалпы әлемде ондай винтажды заттарға деген сұраныс өте жоғары. Егер де ою-өрнектерді қазіргі киім үлгілерінде жаңғырта берсек, ол тіпті ұлттық стиліміздің айнымас бөлшегі боларына сенімдімін.



- Киім дизайнынан өзге немен айналысасың?
- Кескіндеме суреттер саламын. Соңғы жұмысым 11х3 форматында үлкен сурет болып шықты. Онда теңіз бейнеленген.

- Зарина, сен «дарынды адам барлық салада дарынды» демекші, интерьер дизайнымен, киім дизайнымен, сәулет өнерімен, сондай-ақ кескіндеу өнерімен айналысады екенсің. Осылардың ішінде өзіңнің жаныңа жақыны қайсысы?
- Бәрі де. Тек сәулет өнері мен киім дизайнын болашақта кәсіп еткім келеді. Ал кескіндеу өнерімен өзім үшін айналысамын. Эмоция, сезіміңді шығарып тастау үшін сурет саламын.



- Ал соңғы жасаған жұмысың қандай болды?
- Соңғы жасаған жұмысым - Autumn lights. Интерьерде қолданылатын журнал үстелі немесе жай ғана шам қоятын декоративті бұйым. Ақ төртбұрыштың үстіне қолмен қиылған қара жапырақтар қойылған. Бұл жұмысымды мен Hennessy мен Mechanical piano ұйымдастырған «Ақ күз» көрмесіне шығарғанмын. Бұл үстелдің үстіндегі макеттер: қобыз, торсық, ою - ұлттық рухымызды көрсетеді.


- Болашақта қандай жоспарларың бар?
- Өзімнің киім топтамасын жасағым келеді. Эскиздері дайын. Тек соны өмірге әкелу керек. Сондай-ақ Қазақстан мен Германияның бірігіп өткізгелі жатқан халықаралық архитекторлық байқауға қатысуға ниет білдіріп қойдым. Ол жерде біз Ұлыбританиядағы бір ауданның архитектурасын қайта жасап шығуымыз керек. Қазір соған дайындалу үстіндемін. Мүлдем уақыт жоқ. Алайда мұның бәрі маған қатты ұнайды.
- Мына киім үлгілерінің идеясы қайдан келді?
- Жай ғана көшедегі қыз-келіншектерді көріп, олар осындай киім киіп жүрсе ғой, деген ойдан туындады. Қазіргі сәнді трендтерді әрдайым қадағалап, сақтап тұрамын, және де жеке көзқарасымды қосып отырамын. Көбінесе винтажды киімдерді жақсы көремін.


__________________________________________________________________________
Әңгімелескен: Айжан Кәрібаева
Эскиздер мен модельдер: Зарина Даниярқызы
Сұхбат кезіндегі фото: Әлия Сембай
