Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мазасыз сыныптың назарын қалай аударуға болады?

Осы мақаланың орыс тіліндегі нұсқасын мына сілтеме арқылы таба аласыздар.

Өз блогымда мұғалімдер мен ата-аналарға арналған «My Classroom» атты бөлімшені ұсынамын. Бұл бөлімше орыс тілінде де, қазақ тілінде де 3 жастан бастап мектеп оқушыларына дейін бағытталған пайдалы ақпаратқа толы болмақ. Осы күнге дейін мақалаларды орыс тілінде жазып келдім, алайда қазақ тілінде де жазған материалдарым сіздерге айтарлықтай пайдасын тигізеді деп үміттенемін.

Мектепте мұғалім болып істегелі, жан-жақтан «Қиын емес пе?», «Қалай балаларды тыңдатасың?», болмаса «Әлі сенің түбіңе жеткен жоқ па?» деген сұрақтарды естіп келемін. Алайда, мен керісінше бала психологиясының кең әлеміне батыл қадам жасаудан тайынбаймын, әрі әріптерістеріммен тәжірибе алмасып, білім беру  мен тәрбие әдістерін дамытуға атсалысқым келеді. Осы бөлімше тек қана мұғалімдерге ғана емес, сонымен қатар ата-аналарға да пайдалы болары сөзсіз. Бұл менің мектеп қабырғасындағы алғашқы тәжірибем болғандықтан, жазбаларымның өзіме де мамандығымды одан әрі ұшқындату мақсатында ықпалы зор болмақ.

Мен алты жастағы балаларға сабақ беремін, оларға ағылшын тілінде жазуды, оқуды, математиканы үйретемін, кей кездері әріптестерімді ауыстырғанда жоғары сыныптарға да сабақ беретін жайым бар. Осыған орай, талқыланатын тақырыптарым ағылшын тілін үйренуге, өз тәжірибеме сүйене отырып тұжырымдаған бала тәрбиесі әдістеріне, баланы қалай марапаттауға немесе психологиялық тұрғыда шара қолдану әдістеріне байланысты болмақ.

Төменде келтірілген мысалдар 6-8 жастағы оқушыларға бағытталады.

Егер сыныпта оқушылар шулап, мазасыздық танытса

Сілтеу таяқшасымен партаны ұрып, "Балалар, бері қараңдар!" деп бар дауыспен айқайлап оқушы назарын аудару дұрыс таңдау ма? Мен олай ойламаймын.

Көп жағдайда балалар тілазарлық танытып, тіпте шеттен кетіп те жатады. Осындай кезде, балалармен ойын ретінде алдын ала келісіп алғанды жөн деп көремін. Мысалы, заманға сай олардың қызығушылығынан бастауға болады. Мысалы, мұғалім "Pizza" деп айтса, балалар "Cola" деп хормен жауап қайтара алады. Немесе, мұғалім "Class!" деп айтса, "Yes!" деп балалар жауап бере алады.

Тағы басқа мысалдар:

Мұғалім...

Балалар...

Аuuuu

...Macarena

Holy

...macaroni

1, 2 , 3

..eyes on you

Бұл жердегі бар мақсат - балалардың көңілін басқаша, қызықты жолмен аулау. Әрине, бұл ағылшын тілі сабағы болғандықтан, сіздерге ағылшынша нұсқалар ұсынып отырмын. Бұл әдіс қазақ тілі сабағында да, болмаса басқа да қазақ тілінде жүргізілетін пәндерде де қолдандануға жарайды. Қазақ тілінде мұғалім "Бір, екі, үш" деп айтса, оқушылар "Бойға жинап күш" деп, немесе "Ақ қоян" - "Ұстап алсам жеп қоям" деген сияқты басқа да қызықты ұйқастарды бала назарын аударуда қолдануға болады. Тағы да айта кетерлік жайт, бұл әдістің фокусы балалардың еріксіз бір-бірімен "Кім бірінші ақпаратты қағып алды" дегендей жарыса бастауында. Олар жауап бергеннен кейін тыныштық орнайды, дәл осы кезде, сіз өз сөзіңізді қою мүмкіндігіне ие боласыз.

Егер сіз назар аударудан бұрын, тыныштықты қаласаңыз, қолды жоғары көтеру әдісі арқылы бұл мақсатты жүзеге асыра аласыз. Балалармен осы әдісті бернеше рет қайталағаннан кейін, әдетке айналдыру қиынға соқпайды. Әрине, қолды жоғары көтерген кезде, шулаудан қолы тимей жатқан балалардың барлығы сізді байқай қоймасы анық, бірақ біреуі болмаса, екіншісі міндетті түрде байқап, басқасына "Апай қолын көтерді, тыныш!" деп сыбырлайды. Дәл осы кезде тыныштық дегеннің не екенін түсінгендей боласыз.

Бүгінше осы. Басқа да қызықты тақырыптарды осы бөлімшеде сіздермен бөлісуге асығатын боламын. Назарларыңызға рахмет!

Төменде талқылауға басымнан өткен жағдайды ұсынамын:

Кезекті кітапты алты жастағы екі қыз балаға оқып бергеннен кейін, оларға тақырыпқа байланысты сұрақтар қойдым. Кітапта, сиқыршы басты кейіпкердің жақсы әрекеті үшін, оның кез келген тілегін орындайтындығын айтады. Мен олардан "Егер кейіпкердің орнында сен болғанда, қандай тілек сұраушы едің?" деп сұрадым. Сол кездегі бірінші қыздың жауабы - "Мен ата-анаммен қыдырып Дубайға барғанда көрген фокус-фломастерді сұраушы едім". Ал екіншісі, көп ойлана отырып, өзінде керек заттың бәрі бар екендігін және ештеңе қаламайтындығын айтты. Сол кезде, "Өзінде керек нәрсенің бәрі бар баланың арманы қандай екен?" деген сұрақ туды. Ал сіз осы туралы не ойлайсыз?

5
0
2756

Осы тақырып бойынша