Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Массагетпен сәтті сұхбат

Негізгі мақсаты:

- қазақ жастарының білімге, мәдениетке, өнерге, ғылымға, техникаға қызығушылығын арттыру, таным көкжиегін кеңейту;

- қазақ тілінде сапалы контент жасау, сол арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу;

Аудиториясы: 70%-ға жуығы 18-35 жастағы жастар.

Күніне 30-дан астам мақала жарияланады.

Сайтты латынша және төте жазумен оқуға болады.

Массагет деп аталуының тарихы бөлек. Атау таңдауда көп нұсқалар талқыға түсті. Соның ішінде сәттісі Массагет болды. Сақ тайпаларының бірі массагеттіктердің Арал-Каспий аралығын мекендегені жайлы деректер бар. Сондықтан да осылай атауды жөн көрдік. Әрі айту мен жазуға, оқырман жадында жылдам сақталып қалуға ыңғайлы

Кез келген адам блог жазып, пікір білдіріп, сұрақтарға жауап бере алады. Қуанышты жаңалығы, бастан өткерген оқиғасы, пайдалы кеңестерімен бөліседі. Мотивацияға байланысты көп мақала жазылады. Оқырмандарын әрдайым жігерлендіріп, арман-тілектерін тыңдап, сұранысына байланысты контент беріп отырады. «Массагет» пен «Армандар орындалады» журналының идеяларының бір арнаға тоғысатын тұсы – оcы.

Әр жобасы үлкен сұранысқа ие. Өз аудиториясының талап-тілегін қанағаттандырып, талғамын өсіретін дүниелер ұсынады. Мысалы, «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет». Жаз айында оқушыларды қадағалап, олардың алға қойған мақсатына жетуіне көмектеседі. Биыл үшінші рет өткізілді. Келесі үздік жобаның бірі – «АЙНА». Өмірінен халық өнеге алатын тұлғалардың жүріп өткен жолын танып-білуге мүмкіндік береді. Ол ешкімді сынамайды, ешкімге ақыл айтпайды, ешкімді жеке өмірі туралы сұрап, тығырыққа тіремейді. Өйткені редакцияны қызықтыратыны ол емес. АЙНА-ның сұрайтыны – тұлғаның рухани байлығы.

Жаңалықтары:

- Мобильдік қосымшасы іске қосылды. Қосымша жасаудағы себеп сайт қолданушыларының 70%-ы телефонға арналған нұсқа арқылы кіріп, жаңалықтармен танысады. Бұл барша оқырмандар үшін тиімді тәсіл. Қосымшаны Google Play-ден жүктеуге болады.

- Болашақта видео контентті дамытуға көңіл бөлінеді. Бұл да жастардың сұранысынан құрылған жоспар.

Порталдың бас редакторы Ербол Молдажанмен сұхбаттасудың сәті түсті.

- «Армандар орындалады», сіз бұл тіркеспен келісесіз бе?

- Әрине, келісем.

- Құпия болмаса, орындалған армандарыңызды айта кетсеңіз.

- Білім мен ғылымның қара шаңырағында білім алсам деген арман болды. Орындалды. Шетелге шықсам деген арман болды, орындалды. Түркияда жарты жыл, Мәскеуде 1 жыл қос дипломды бағдарлама бойынша оқыдым . Жырақта жүргенде елге, жерге пайдам тисе деп мақсат қойдым. Қазір жастарды тәрбиелеуге ұжым болып аз да болса өз үлесімізді қосып отырмыз. Шүкір! Бірақ, біз бағындырар белестер алда!

Армандамай орындалған арман!

Әлихан Бөкейханды пір тұтамын. Мәскеуде жүргенде, бір күні видео көріп отырып, Әлиханның мен орналасқан жатаханадан 1 сағаттық жердегі Дон зиратында жерленгенін білдім. Әттең, бұл деректі осы қалаға келмей тұрып естігенімде, «бірінші Қызыл алаңға емес, осы Әлихан бабамыздың басына барып құран бағыштар едім ғой» деп ойладым. Сонда оқитын қазақ жігіттерімен ақылдасып, үлкен ғылыми дөңгелек үстел өткізу керек деп шештік. Мәскеудегі қазақ профессорлары, сонда қы»змет етіп, білім алып жүрген жастар – бәрі-бәрі атсалысты. Елде жүрген азаматтар да қарап қалмады. Мысалы, Нұрсерік аға Жолбарыс Әлиханның туған жері Ақтоғайдан топырақ алдырып, Астана арқылы Мәскеуге беріп жіберді. Топырақты әуежайдан алып, ұлт көшбасшысының табаны тиген Мәскеу көшелерімен жүріп келе жатқанда жандүниемде үлкен тебіреніс болды. Ойлаңызшы, қазақтың дархан даласынан бір қарыс жер бұйырмай кеткен ұлы тұлғаға, ертең туған жерінен топырақ төселейін деп тұр. Сонда Тәңірдің осы бір маңызды іске бізді таңдағанына таңғалдым... Бұл бір сәті түскен тірлік болды.

- Өзіңізді рухани тұрғыдан қалай дамытасыз. Жиі кітап оқисыз ба?

- Массагетті басқару маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан өзімді үнемі дамытып отырамын. Әр түрлі жанрдағы кітап оқимын. Интернеттен пайдалы мағлұматтарды қараймын. Театрға, мұражайға барғанды ұнатамын. Білімді, айтары бар замандастарыммен жиі бас қосамын.

- Қиындықтармен қалай күресесіз?

- Қиындықтарды жеңіл қабылдаймын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бірақ, мен күресуден жалыққан адам емеспін. Жоғары сыныпта оқып жүргенде қатарынан үш жыл дзюдомен айналыстым. Жаттықтырушым Сәтжан ағай мына бір сөзді жиі айтатын: «Бүгін үш минуттық жекпе-жекте дұрыс белдесе алмасаңдар, ертең өмір татамиінде қалай күресесіңдер?». Осы тектес өнегелі сөздер төзімділікке үйретті. Бір сөзбен айтқанда, бозкілемдегі күрес өнері мен өмір күресіне бағытталған тәрбие бүгінде жүрекке күш беріп тұр!

- Уақыттың қадірін түсіндіңіз бе?

- Уақыттың құнды дүние екенін, орны толмас байлық екенін білемін. Алайда, өкінішке орай, парқын әлі де түсіне алмай жүрген сияқтымын. Жас ұлғайған сайын қадірі артып келе жатқандай көрінеді.

- Жұмыстан тыс уақытта немен айналысасыз?

- Бос уақыт аз. Десе де арасында уақыт тауып ұжыммен, достарыммен жиналып, бой сергітем ін. Сол аз уақытты жаныма жақын жандарға тең бөліп беруге тырысамын.

- Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?

- Адалдықты алдыңғы қатарға қоямын. Досқа, жарға, ісіңе, еліңе деген және бастысы ар алдындағы адалдық. Меніңше, әр адамға керек тағы бір қасиет - еңбекқорлық.

0
0
867

Осы тақырып бойынша

Массагетпен сәтті сұхбат - Yvision.kz