Мария Шарапова Rogers Cup турнирінің 3-айналымына өтті
Канаданың Монреал қаласында өтіп жатқан Rogers Cup турнирінде Ресей теннисшісі Мария Шарапова испан спортшысы Гарбин Мугурусадан басым түсті. Есеп: 4/6, 6/3, 6/1. Ойын 2 сағат 11 минутқа созылды. Кездесу барысында Мария 9 рет эйс жасап, осынша қателік жіберген. Ал Г.Мугуруса 7 рет эйс жасап, 5 мәрте қателікке бой алдырған. Екі теннисші осымен үшінші рет кездесті, оның барлығында да Мария жеңіске жетті. Енді М.Шарапованың 3-айналымдағы қарсыласы Каролина Плишкова мен Карла Суарес Наварро кездесуінен кейін белгілі болады. Айта кетейік, аталған турнирдің жекелей сынында жерлесіміз Юлия Путинцева да өнер көрсетуде. Ол турнирдің негізгі сеткасына іріктеу арқылы өтті. Қазақстандық теннисші іріктеу сынының 1-айналымында неміс Анника Бекті 6/7(5), 6/1, 6/1 есебімен, ал келесі кезеңде жапонның 43 жасар спортшысы Кимико Дате-Круммды 4/6, 6/3, 1/0 есебімен ұтты. Ал турнирдің негізгі сеткасының 1-айналымында итальян спортшысы, әлемнің 14-ракеткасы Флавия Пеннеттадан 7/6(5), 6/3 есебімен басым түсті. Енді Юлия Rogers Cup турнирінің 3-айналымына шығу үшін Винус Уильямске қарсы ойнайды. Авторы: Мұхаммедәли Құрманәли
Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/sport/item/19373-mariya-sharapova

