Құмар ойынға миллиондап ақша шашып, алиментке бір тиын да төлемеген
Жетісу облысының прокурорлары алиментін қасақана төлемей жүрген ойынқұмарларды анықтады.

Коллаж: Azattyq Ruhy
Аталған өңірде 50 азамат үнемі құмар ойын (интернет-казинолар, букмекерлік кеңселер) ойнап, оған 150 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Ал олардың балаларына 60 миллион теңге алимент түріндегі қарызы болыпты.
Мәселен, Талдықорғанда жарты миллион теңге алимент бойынша берешегі бар борышкер Д. онлайн букмекерлік кеңседегі есепшотын 52 миллион теңгеге толтырған.
Прокурорлардың жүргізген талдауы бойынша Әділет департаментіне борышкерлерге қатысты шара қолдану туралы ұсыныс енгізілді.
Жалпы, жыл басынан бері Жетісу облысының прокурорлары 87 баланың берешек алименті бойынша 63 миллион теңге қарыздың орнын толтыруға қол жеткізген.
Төлемей жүрген 144 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды (116 адам қамауға алынды және 28-іне айыппұл салынды).
9 тұрақты төлемеуші тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы (балаларды асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
