Құман ұстап, қыр асатын заманнан өттiк
http://www.eco.gov.kz/new2012/KK/2013/11/100-11/
Қызылорда десе – “экология”, экология десе – Қызылорданы тiлге тиек ететiн көзқарас бар. “Осы бiр сұрықсыз теңеудiң түп-тамырына қашан балта шабылар екен?” деген сұраққа жауап iздеп жүргендер жақсы бiледi, бұл теңеуден бүгiн-ертең құтыла алмасымыз анық. “Протонымыз” бар, сорға айналған теңiзiмiз бар. Жә, таусыла бергеннен пайда жоқ, талап қылғандар тiрлiгiн айтайық.
Қызылорда облысында табиғат жанашырына айналған “Сыр табиғаты” қауымдастығы жұмыс iстейдi. Бұл қауымдастық өкiлдерi өткен айда Қызылорда облысы әкiмi Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болып, өңiрдегi экологиялық мәселелер турасында өз ұсыныстарын жеткiзген болатын. Қауымдастық көтерген мәселелерге аймақ басшысы қолдау көрсетiп, жуырда кеңейтiлген мәжiлiс өткiздi. Онда күн тәртiбiне бес мәселе қойылып, хаттамалық негiзде тиiстi шешiмдер қабылданды. Бiз мамандар сөзiне сүйене отырып, мәселелердi назарға ұсынсақ.
Алдымен тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар жайы сөз етiлдi. Бүгiнгi күнi облыстың елдiмекендерiндегi полигондарда барлығы 835 мың тонна тұрмыстық қалдықтар шоғырланған. Оны сұрыптап, өңдеу, кәдеге жарату жайын былай қойғанда, сақтау полигондарының өзi талапқа сай емес. Тек қана Байқоңырдағы типтiк жобаға сай келедi. Облыс бойынша экология департаментiнiң басшысы Марат Құрманбаев Қызылордадағы құрылысы басталатын шыны зауыты жанынан шыны қалдықтарын қабылдайтын пункт жобаланса дейдi. Ең болмаса, шыны қалдықтарының қатары азайған болар едi. Сондай-ақ, өз кезегiнде департамент басшысы бүй дедi:
– Қызылорда қаласында өндiрiс және тұрмыстық қалдықтарды айыру және жою жобасын жүзеге асыру үшiн техника-экономикалық негiздемесi дайындалып, 337 млн. теңге қаржы бөлiнген болатын. Алайда бұл жоба жүзеге аспай қалды. Ал “Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыты құрылысы” жобасы дайындалып оны салуға қаржы бөлiнбедi және инвесторлар қызығушылық танытпады.
