Мамандығым - мақтанышым...

Адам өмірге келгенде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі тиіс деп жатады. Бірі – өмірлік жартыңды таңдау болса, екіншісі – мамандық таңдау. Осыдан алты жыл бұрын маған жоғарыда аталғандардың бірін таңдау сәті түсті. Ел қатарлы ҰБТ тапсырып, қолыма он бір жылдық білімімнің қорытынды қағазын алып, ЖОО таңдауға кірістім. Алған білім мен тәрбиенің арқасында еліміздегі сексен жылдық тарихы бар, қарашаңырағымыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті атанып, еліміздің шалғай елді мекендерінде біле бермейтін «әлеуметтану» деген мамандыққа оқу грантын иемдендім.
Әлеуметтану – қоғамдық пікірді зерттейтін ғылым. Шетелде өте жақсы дамыған, Қазақстанда жақсы қарқынмен дамып келеді. Кеше ғана ғылым ордасында бесінші әлеуметтанушылар конгресі өтті. Қоғамның барлық құбылыстарын, қоғамдағы жағдайларға сараптама жасап, халықтың көзқарасы мен пікірін анықтап тұратын дәл осы әлеуметтанушылар. Отбасы, жанжал, мәдениет, саясат, жарнама, экономика, статистика, демография, жастар, медицина, философия және т.б. салаларды қамтып оқытатын да менің мамандығым. Дәл осы мамандықта бакалаврды бітіріп, аз уақыттың ішінде аталған мамандықтың магистрі атанғалы отырмын.
Алты жыл алған білімім мен тәжірибемнің арқасында алдағы уақытта әлі талай жетістіктерге жетемін деп сенемін. Осы орайда тәрбиелеп, жақсы-жаманды ажыратуға үйреткен ата-анама, әліппені танытып базалық білім берген алтын ұя мектебімнің ұстаздарына (Ж.Бусаков атындағы орта мектеп) және әрине, алты жыл бойы мамандығымның қыр-сырын оқытып, жан-жақты дамуыма септігін тигізген университеттегі оқытушыларыма алғысым шексіз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Әлеуметтану мамандығының 2 курс магистранты
Тленчиева Шырын Муратқызы
