«Мамандығы бойынша ең үздік жас маман» Республикалық байқауы өтті
2015 жылдың 25 желтоқсанында Жастарға қызмет көрсету орталығында «Мамандығы бойынша ең үздік жас маман» Республикалық байқауы өтті. Байқау Павлодар облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының көмегімен «Павлодар облысының Қазақстан Жастар конгрессі» Қоғамдық қорымен ұйымдастырылды. Аталмыш шараның негізгі мақсаты еңбек нарығында сұранысқа ие болған жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, қатысушылардың үздік тәжірибелері мен жетістіктерін насихаттау болды.
Байқауға еліміздің кәсіпорындары мен мекемелерінен 29 жасқа дейінгі жас мамандар қатыса алды. Қатысушылар бірнеше тапсырма бойынша бақтарын сынады. Алғашқы сайыста олар алдын-ала дайындалған слайд пен бейнебаян арқылы өздерін таныстырса, екінші тапсырмада жасампаз, креативті номерлерін әділ қазылар алқасына паш етті. Соңғы сайыста қатысушылар өздерінің үздік маман ғана емес, сонымен қатар жез таңдай әнші, бұралған биші, өлең жазатын ақын да бола алатындарын көрсетті.
Республикалық байқаудың жеңімпазы Қапанов Бекзат атанды. Сондай-ақ Ақсу ферроқорытпа зауытының маманы «Металлургия кешенінің ең үздік жас маманы» номинациясын жеңіп алып, ноутбук пен ақшалай сыйлық иеленді. Екінші орын мен «Энергетика кешенінің ең үздік жас маманы» номинациясын Екібастұз қаласының тұрғыны Цыганков Евгений жеңіп алды. Ал Ақтоғай Агро мекемесінің жұмысшысы Вячеслав Вотчиников үшінші орынды және «Агроөнеркәсіп саласының ең үздік жас маманы» номинациясын иеленді. «Құрылыс кешенінің ең үздік жас маманы» номинациясында Астана қаласының «BI Group» компаниясының жұмысшысы Оспанов Олжас жеңіске жетсе, Сұлтан Динара «Банк саласының ең үздік жас маманы» номинациясын иеленді.
Номинациялар бойынша жеңіске жеткен қатысушыларға 10 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен мақтау дипломдары тарту етілді. Қалған байқау қатысушыларына естелік мүсіншелер, қатысқандығы туралы дипломдар және Тoyota демеушісінен жұбаныш сыйлықтар табысталды.
