Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Малала Юсуфова жайлы біз не білеміз?

Малала Юсуфова жайлы біз не білеміз?

Малала Юсуфзай (1997-) – пәкістандық оқушы, қыз балалардың білім алу құқығы үшін күрескер. Құқық қорғау қызметтері мен талибтердің іс-әрекеттерін сынағаны үшін Талибан қарулы күштерінің қарсылығына ұшыраған. Көптеген әлемдік марапаттардың иегері, 2013 жылғы Нобель сыйлығына ұсынылған ең жас лауреат.

Өмірінің ерте шақтары

Малала 1997 жылы 12 шілдеде Мингор қаласы, Сват ауданы, Пәкістанның солтүстік-батысында сүннит-мұсылман отбасында дүниеге келген. Жергілкті мектеп директоры болған Малаланың әкесі, Зияуддин Юсуфай, қыз балалардың білім алуы қажет деген Пәкістан қоғамында радикалды әрі, кейінгі оқиғалар көрсеткендей, өмірге қауіп төндіретін көзқарасты ұстанып, әрдайым қызының білім алуға деген құлшынысын қолдап отырған.

Пәкістанда болып жатқан террор актілеріне куә болған Малала 2009 жылы анонимді түрде “Гул Макай” лақап атымен BBC үшін жүргізе бастаған блогында талибтердің төндіріп отырған қауіпі тұсындағы гендерлік дискриминацияға деген көзқарастарын ашық жаза бастайды.

Осы уақыт аралығында талиб радикалды ұйымының Пәкістан территориясында ықпалы күшейген болатын. “Кейде баса көктеп кіріп келе жатқан талиб күштерінің артиллериясы анық естілетін”,-деп Малала өз блогында осы сәттерді еске алады. Талиб ұйымы тұтас облыстарды қол астына өткізгеннен соң, теледидар каналдары мен музыканы қоюға, әйелдер мен қыз балалардың дүкендер мен білім беру орталықтарына баруына тыйым сала бастайды. Қыз балаларға арналған көптеген мектептер жарылып, нәтижесінде оқушылар талиб агрессиясы мен репрессиясынан қорққандықтан үйлерінде қалып қойып жатты. Бұл кезде Малала мен оның әкесі өз көзқарастары үшін Талиб Ұйымының тарапынан ескертулер ала бастағандықтан, әкесі Сват алқабынан тысқары жақтағы мектеп-интернақа көшу жайлы сөз қозғайды:

“Неге екенін білмедім, бірақ нысанаға айналатыным жайлы ойлар мені еш толғандырмады. Меніңше барлығы бір күні дүниеден өтетіндігін білетіндей”(“Мен Малаламын” кітабінен цитата).

Ал әкесі Малалаға адам құқықтары үшін жасап жатқан кампаниясын тоқтату керек дегенде: “Мұны қалай жасамақпыз? Өзіңіз емес пе едіңіз, егер біз өз өмірімізден де үлкен нәрселерге сенетін болсақ, тіпті өмірден өтсек те, біздің қатарымыз арта бермек деген? Біз өз көзқарасымыздан бас тарта алмаймыз!” (“Мен Малаламын” кітабінен цитата).

“Адамдар менің әр түрлі шараларда сөз сөйлеуімді сұрайтын. Бұл менің жеке басыма қауіп төндіреді деп қалай ғана бас тарта аламын? Біз, намысқор пуштундар, олай ете алмадық. Әкем, батылдық біздің ДНҚ-да деуші еді.”(“Мен Малаламын” кітабінен цитата).

Блогынан басқа Малала репортер Adam B.Ellick-тің (“New York Times”) деректі филімі арқылы да танылған болатын. Резонансты танымалдылық, сонымен қатар, Малаланың BBC блогын жүргізгені белгілі болған соң пайда болды. 2011 жылы ол өзінің ең алғашқы Пәкістан Жастарының Ұлттық Бейбітшілік сыйлығының иегері атанып, архиепископ Десмонд Тутудың сұрауымен Халықаралық балалар арасындағы Бейбітшілік премиясына ұсынылады. Мұндай Талиб ұйымының іс-әркеттеріне қарсы бағытталған сындар Талибан Ұйымы мүшелерінің 2012 жылы жиналып, Малаланың өміріне қастандық жасау қажет деген мәмілеге келуіне алып келді.

Өміріне жасалған қастандық

2012 жылдың 9 қазанында маскадағы жауынгер Малаланың мектеп автобусына баса көктеп кіріп: “Араларыңдағы кім Малала? Айтыңдар, олай болмаса барлығыңды атып тастаймыз!” Малала балалардың арасында анықталысымен, қаруланған жауынгер оған оқ жаудырып, нәтижесінде Малаланың басы, мойыны мен иықтары жараланады.

Малала критикалық күйде Rwalpindi ауруханасына жеткізілген болатын. Әкесі ішкі органдары зақымдануы мен бүкіл денесіне таралған инфекция әсерінен комаға түскен қызының о дүниелік боларына кәміл сеніп, жерлеу рәсімдеріне дайындалып жатқан тұста, 15 қазан күні Малала Ұлыбританиялық Бирмингемдегі мамандандырылған соғыстан зардап шегушілерге арналған ауруханаға жеткізіліп, бірнеше күн өткен соң есін жияды. 2013 жылдың 3 қаңтарында ауруханадан шығарылып, отбасымен бірге Уэст-Мидлендстегі үйге уақытша көшіп келеді. Өзінің “Мен Малаламын” кітабында осы оқиға жайлы:

“Менің аман қалғаным ғажайып құбылыс.”,-дейді.

“ Менің өкінетінім тек бір ғана зат, ол менің сол кісімен маған оқ атпас бұрын сөйлесе алмауымда. Енді ол менің не айтқым келгендігін ешқашан да біле алмайды. Мені атқан адам жайлы ешбір теріс ойым жоқ - менде өшпенділік жайлы ойлар болмады- мен тек Сватқа қайта оралғым келді. Үйіме оралғым келді."

Қастандыққа деген әлем реакциясы

Мұндай адам өміріне жасалған қастандық әлем жұртшылығының қарсылығын көтеріп, бүкіл Пәкістан бойынша наразылық акцияларына алып келді. Осы оқиға нәтижесінде “Білім алу құқығы” петициясында 2 миллионнан астам қол жиналып, Пәкістандағы "білім алу құқығы заңнамасының" ратификациялануына алып келген болатын.

Эхсанулла Эхсан, пәкістандық талибтердің бас өкілі, Юсуфай - опасыздық пен ұятсыздық символы деп мәлімдеп, оған жасалған шабуыл жауапкершілігін өз мойындарына алған-ды. Бұл террор актісіне байлансты Пәкістандағы ислам діни қызметкерлері Талибан лидерлеріне қарсы фетва жариялап, мұндай оқушыға жасалған қастандықты ешбір дін ақтай алмайды деп мәлімдеді.

БҰҰ-на мүше болуы

15 қазан күні БҰҰ-ның дүние жүзілік білім беру қозғалысының арнайы елшісі Гордон Браун Малаланы ауруханада жатқан жеріне кіріп шығып өзінің “Малала күрескен құндылықтар үшін” атты петициясын бастап кетті. “Мен Малаламын” атты ұранды алға тартқан петиция келесі талаптарды алға тартқан:

Біз Пәкістан үкіметін әр балаға білім алу құқығын беруге бағытталған жоспарды қабылдауға шақырамыз

Біз бүкіл елдерді қыз балалар дискриминациясына тыйым салуға шақытамыз

Біз халықаралық ұйымдардың 2015 жылдың соңына қарай мектеп қабырғасын аттай алмай жүрген 61 миллион балаларға білім алу мүмкіндігін беруге шақырамыз

2013 жылдың 12 шілдесінде Малала БҰҰ жастарының алдында сөйлеген сөзінде бүкіл әлемде еркін білім алу идеясын алға тартады:

“ Мен ешкімнің қарсыласы емеспін, мен бұл жерде талибандарға не өзге террористік ұйымдарға деген өшпенділік жайлы айту үшін бұл жерде тұрғаным жоқ. Мен мұнда әр баланың білім алу құқығы жайлы айтуға келдім. Мен талибтердің, барлық террористер мен экстремистердің ұлдары мен қыздарының білім алуын қалаймын " (“Мен Малаламын” кітабынан цитата).

Иа, Малаланың ерлігі, өз көзқарасы мен принциптеріне деген осыншама жас кезіндегі беріктігі қазіргі таңда әлемді жақсы жаққа бұруға болатындығын көрсететіндей. Жер шарының бір бөлігіндегі көбелек қанаттарының әсері басқа жердегі құйынға әкелуі ғажайып құбылыс. Жер жүзін жайлаған дискриминация мен теңсіздік мәселесін шешуде осындай ұлы тұлғалардың атқарған еңбектері еш өлшеуге келмес.

0
0
1861

Осы тақырып бойынша

Малала Юсуфова жайлы біз не білеміз? - Yvision.kz