Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Mail.ru-да неғып жүр қалың қазақ баласы?

Жақында Қазақ тіліндегі жақсы сайттың бірі www.massagan.com сайтынан мына мақаланы оқып қалдым, шынымен де ойландыратын жағдай!!! Қазақ тілінде арнайы Әлеуметтік желі жоқ десем қателеспейтін шығармын! Мақалада былай деп жазылған!

«Бәріміз де Майл.ру-дың жастары едік, Бәріміз де Мой мирді ашқан едік. Онлайндар ойда, Отошелдер тойда, Отключендер, Невидимдер қайда екен?» – деп елімізге танымал айтыскер ақынымыз Балғынбек Имашев м-агентте отырғандарды осылайша күлкіге бір қарық қылғаны бар. Әзілмен жазылса да, түбінде зіл жатқанын байқамаймыз. Неге «Mail.ru», неге «Мой мир», неге «онлайн», неге «отошел», неге «невидим»? Осыны ойладық па?

 

Мұны айтып отырған себебіміз – бүгінде жастарымыз «агенті  бардың күні – жарық, агенті жоқтың күні – қаріп» дегеннің кебін  киіп отыр. Жұрттың бәрі агенттің «шпионы» болды.   Дос ретінде  танысса да, ғашығымен табысса да, арада осы бір  «жеңгетай-  агент» жүреді. Олар тұрмақ, үлкендер де осы агентті қатынас  құралы ретінде пайдаланып жүр. Қысқасы, Ыбырай Алтынсариннің  «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» дегеннің  нағыз өзі.

Өкініштісі сол – өз елімізде мұндай бағдарламаның әлі күнге      дейін  жоқтығы. Сондықтан да м-агенттегі ана тіліміз жетімнің,  жетімнің емес, сорлының күйін кешуде. Ресейдің не өзге біреудің қазақ тіліне қайдан жаны ашысын? Мәселен, мына бір сөздерден қазақ не ұғады? «Бағдарламалар теңшеліміндегі» «елемеу, бірақ сақтау» деген сөзден не түсіндіңіз? Елемеген нәрсе сақталушы ма еді? Тағы бір күлкімізді келтіргені – «Сүзіп жүретін» байланыс ақпараттарын белгілеу», «Суретті «сүзіп жүретін» байланыс ақпараттар ішінде бейнелеу» деген сөздер. Не жайында айтылып тұрғанын ұға алмадық. Кімді не сүзіп жүргенін біліп болмадық. Бұған бұқа қайдан кіріп кеткен деп ойладық. Сүзетін болған соң, ешкі ме деп те ойладық.

Қанша қазақ тілін жақсы меңгердім десең де, м-агенттің тілін ұға алмассың. Ұға алам десең, ұғып көр: «Тілқатысу терезесіндегі қойындылар», «Соңғы клавиатура орналасуын есте сақтап қалу» т.б.

Бүгіндері елімізде Телекоммуникация және IT саласында зерттеумен айналысатын ICT-Marketing тәуелсіз зерттеу компаниясының зерттеу нәтижесі бойынша, 2009 жылдың аяғында Қазақстандағы интернет пайдаланушылар саны 3,16 миллион адамға жеткені белгілі болды. Яғни халқымыздың 19,8 пайызының интернетке шығуға мүмкіндігі бар. «2010 жылы Қазақстандағы интернет желісін пайдаланушылардың саны 3,5 миллион адамға дейін өседі», – деген Елбасының да сөзі есімізде. Бұл мақтанарлық жетістік болғанымен, қарапайым mail.kz пен қазақшасы тәуір м-агент жасай алмай отырғанымыз – ұят нәрсе. Қазақ тілімізді қор қылғанша, осындай пошталарды өзіміз аша алмаймыз ба? Қазақ та интернетке кіргенде, жетімнің күйін кешеді. Электронды поштамыздың құйрығына mail.ru-ды жазғанда, құдды, өзіңді Ресейдің азаматы сияқты сезінеді екенсің. Бұл да машинаның нөміріндегі сериясы сияқты ғой. «М» деп тұрса – Қарағандынікі, «А» деп тұрса – Алматынікі, «Z» деп тұрса – Астананікі, «Х» деп тұрса — Шымкенттікі деген сияқты.

Алтынбек Әбішев, «Алтынсофт» компаниясының құрылтайшысы:
– Бүгінгі күні mail.ru қызметіне жүгінбейтін интернет қолданушылардың саны – жоқтың қасы. Олардың әрқайсысында, кем дегенде, бір электронды мекенжайдан бар. Әсіресе жастардың арасында «агентшілердің» қатары қарқындап арту үстінде. Компьютерді қойып, ұялы телефондарына дейін еніп алған бұл байланыстың тиімділігі айтпаса да белгілі. Одан түсетін қаражат та ұшан-теңіз. Бір өкініштісі, осы қаражаттың барлығы көрші елдің қалтасына кетіп жатыр. Тіпті қаражатты былай қойғанда, қаншама біздің маңызды ақпараттарымыз өзге елдің сүзгісінен өтіп, соларға тәуелді болып отыр.
Ойлап қарасақ, ондай байланыс әлемін құрастыру біздің мамандарымыздың да қолынан келеді. Оған бөлінетін қаражат та жоқ емес қой. Ақпарат және байланыс агенттігінің құлағына – алтын сырға. Әрине, егер мұндай байланыс жүйесін құрастыратын болсақ, жылдық жоспарға енген әлеуметтік тапсырма ретінде қарамай, ертеңгі күні шығарған шығын еселеніп қайтатын коммерциялық табыс көзі ретінде назар аударғанымыз жөн. Бұл жоба қолдау тауып, жартылай мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болса, жеке кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып, жобаны стратегиялық тұрғыда әлемдік деңгейге сай етіп жетілдірулері тиіс. Сонда ғана ешкімге тәуелді болмай, өзіміздің mail.ru әлемімізбен мақтана аламыз.

Балғынбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын:
– Иә, ақпараттар мен жоғары технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, м-агент халықтың жоғары сұранысына ие бола бастады. ХХ ғасырдың еншісінде қалып қойған пошта арқылы хат жазысу ескілік болып қалды. Қазіргі кезде жастар бір-біріне ұялы телефон арқылы қысқа хабарламалар жазу немесе м-агент арқылы хабар алмасады. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз десек, ақпараттық технология мамандары осы салаға мейлінше көңіл бөлгені абзал болар еді. Себебі онсыз да өз отанында ресми құжаттар үшін ғана пайдаланылып (құжаттар мемлекеттік тілде жүргізілетін болғандықтан, орыс тілінде дайындалған құжаттарды тікелей сөзбе-сөз тәржімалау кесірінен), аударма тілге айналып бара жатқан қазақ тілінің жай-күйі мұндай бағдарламаларға келгенде де мүшкіл болып тұрғаны жасырын емес. Себебі ұялы телефондарда қазақ тіліне ғана тән төл әріптерді таңбалау мүмкін емес, тіпті сізде болғанымен, хабарламаны алушының телефонында ол әріптер оқылмайды. М-агентте де сол сияқты. Сіз қазақша мәтінді орысша термесеңіз, тіпті пернетақтаңызда қазақша әріптер болса да, хабарламаны алушыда ол әріптер оқылмай, қиындықтар тудырып жатады. Сол себепті «Қарагөз қарындастың әдемі әні» дегенді «Карагоз карындастын адеми ани» деп теріп, тіліңізбен бірге саусағыңыз да сақауланып кетеді.

Бұл – күлетін шаруа емес, намысқа тиетін шаруа. Дамыған елдердің қатарына кіреміз деп талпынған екенбіз, онда осы технологияларды меңгеріп қана қоймай, соны өз тіліміз бен еліміздің қажетіне қызмет етуін қамтамасыз етуіміз керек. Өңтаңбалар (смайлдар) ойлап табу – ол да кезек күттірмес шаруаның бірі. Хат алмасушылар қысқа-нұсқа хабарлар жіберуді қалайды. Сондықтан «бәрекелді», «па, шіркін», «дедім-ай, ау», «япырау», «бұйымтай», «кәде» деген сияқты қазақы өңтаңбалар ойлап шығарып, қолданысқа енгізер болсақ, оның жастар арасында үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Осылайша, ғалым мамандарымыз құлаш-құлаш ғылыми мақалалар жазып, жиналыстарда ұзын сонар баяндамалар жасамай-ақ, тұралап жатқан мемлекеттік тілімізге осы салада қазақша бағдарламалар жасап, қолданысқа енгізу арқылы үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.

Балғынбектің әзілдерінен:

* Шағын блог – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.

* Жасымда «майл.ру-ды» ескермедім,
Поштама хат келсе де, тексермедім.
Енді «Мирга» доступ жоқ жұмысымда,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

* Өмірде – бір интернет, жақсы білсең,
Болмайды қатты сөйлеп, қатты күлсең.
Адам деген – қонағы сол өмірдің,
Бүгін – «онлайн», ал ертең – «отключен».
(Шағын блогтан жазып алынған)

Салтан СӘКЕН

 

 

0
1
600

Осы тақырып бойынша