Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Мафия» ойны махаббатқа жеткізеді.

"Жұма. Сағат кешкі 6:00. Таңертеңнен бастап кешке дейін университетте жүріп, қатты шаршадым. Сонымен қоса, түсте болған зертханалық жұмыстың кезінде керекті нәтижелер де шықпай, көңіл күйім түсіп кетті. Ендігі арманым бөлмеге барып, өзімнің жұмсақ, түймедақтың иісі бар төсегімде рақаттанып демалу. Алайда, менің қарным аш, сондықтан жатаханаға барып, тамақ дайындап, қарынды тойдырып алу керек.

Сағат кешкі 8:00. Ерінгендіктен оңай әрі тез дайындалатын етсіз қуырылған картопқа тойып алдым. Енді не істесем болады екен? Үй жұмысын істейін бе әлде кино көріп, жұманың кешкі уақытында демалып, барлығын ертеңге қалдырайын ба? Біраз ойланып, химияны оқуға шештім, өйткені сейсенбі күні емтихан болады.

23:00. Химияның жиырма алтыншы бөлімін бітіріп, шамалы тынығуды ойладым. Сол себепті ноутбукты қосып, "Вконтакте" желісінде отырайын дедім. Енді ғана ноутбугымды қоссам, Айнұр ұялы телефоныма қоңырау шалып, жатахананың атриумында "Мафия" ойнын ойнауға шақырған болатын. Біраз кідіріп, ойнауға бел будым. Үсті-басымды бір қарап өтіп, түрімді қалпына келтіріп, бөлмеден шықтым.

"Мафия" ойнағанамызға екі сағаттай болды. Ержан есімді бала менен көз алмай, тесіле қарайтындай көрінеді. Өзім негізінде ұялшақ қыз баламын, сондықтан өзімді ыңғайсыз сезіндім. Білмеймін не себепті маған қарай беретінін, "Мүмкін, шашым тікірейіп тұр? Әлде сабақ оқығанда қаламмен бетімді сызып жібердім бе?" -деп, Айнұрдың артына тығыла бердім.

Сенбі. Сағат түскі 12:00. "Вконтакте" желісіне кіріп, қандай жаңалықтар бар екенін көрейін дедім. Кірсем, кешегі Ержан мені күзеткендей, мені желіде екенімді көрген соң ба әлде кездейсоқ болған нәрсе ме, білмеймін, бірақ ол маған дереу хат жіберді:

-Сәлем, Айым! Ұйқыдан тұрдың ба?

-Cәлем, Ержан. Тұрмасам, осылай желіде отыратын бе едім?

-Ха-ха-ха! Не жауап берерімді білмей қалдым ғой. Шындығында, саған айтатыным бар. Айым, сен маған қатты ұнап қалдың.

Осы сөздерді оқи отырып, не істерімді білмей қалдым. Бір көргеннен ұнатып қалуға бола ма? Ол мені дұрыс танымайды да ғой. Қалжың шығар. Ал шынымен де ұнатып қалған болса ше? Жоқ, ол мүмкін емес.

-Айым, үндемей кеттің ғой. Күтпеген жағдай болды ғой саған. Сен шамалы осы оймен қала тұр, кешкісін сені қыдыруға алып кетемін. Қай бөлмеде тұратынынды біліп алдым. Кешкі 8:00-де келемін, ал сен дайын бол,-деді де Ержан, желіден шығып кетті. Ал мен болсам, сөзсіз қалып, не істерімді білмей отырмын".

Кеш батқаннан бастап, осы әңгімені компьютерімде тере отырып, өзімді Ержанның орнына қоюға тырыстым. Маған ұнап қалған адамға сезімімді бірден білдіре алар ме едім деген ойлар пайда болды. Шынымен де, өз сезімін біреуге білдіріп көрсету немесе тура бетке айту қиынға соғады. Не себепті олай екен? Мәселе адамның психологиясында жатқан шығар. Біріншіден, адам өз сезімін біреумен бөліскен кезде, сол адамнан сондай сезімдерді күтеді, бірақ жүрегінде қорқыныш сезімі ұялайды. Оған себеп-адам өз бетінің қайтарылып тастауынан болатын үрей. Екіншіден, адам өзіне ұнайтын адамына жүрегін ашқанда, өзінің де, сол адамның сезімдері үшін де жауапкершілікті алады. Мысалы, ол өзінің махаббатында толығымен сенімді болмаса, ал екінші адам оған ғашық болса, ол осы жағдайды болдырған үшін жауапты. Үшіншіден, адам өзінің бақытына сенбейді немесе бақыты шексіз болмайтынын ойлайды. Сол себепті, адам өзінің тыныштығын ойлап, сезімдерімен бөліспейді. Алайда, ол шын бақытын тапқанын уақытылы түсінбей, кейін өкінуі әбден мүмкін. Сондықтан, адам ештеңеден қорықпай, тәуекелге баруы қажет деген пікірлер туғызды. Кейін өз жайыма келіп, үстелімнің үстінде тұрған лимоны бар қантсыз қара шайымды ішіп, аузыма кәмпитті салып, жұтып жібірдім. Сосын келесі сөздерді тердім: "Автор: Диас". Қыздарға арналған онлайн журналдың редакторы болғаныма қайтадан ұялып, бас редакторға үшінші беттің үлгісін жібердім.

Біраздан соң өзіме досым Жасұлан қоңырау шалып, «Мафия» ойнауға шықырды...

 
2
2
743

Осы тақырып бойынша

«Мафия» ойны махаббатқа жеткізеді. - Yvision.kz