Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Маңғыстаулық адай жылқылары Дүниежүзілік ат спорты ойындарына қатысты

VII Дүниежүзілік ат спорты ойындарына Қазақстан атынан 3 жылқы қатысты. Олар Вестфалиядағы (Германия) Питер Енгельдің ат спорты базасындағы дайындықтан өткен болатын.

Жалпы ат спорты ойындарына 47 мемлекеттен 947 жылқы малы қатысты. VII Дүниежүзілік ат спорты ойындарының ашылу салтанаты 23 тамызда Канн қаласының орталық стадионында өтті.

Ойындар Сартилли қаласында (Нормандия) ұйымдастырылды. 47 мемлекеттің намысын қорғаған 33 құрамада 166 шабандоз сынға түсті.

«Жарысқа жолдама алған 3 жылқы Маңғыстау облысының адай сәйгүліктері. Негізгі сында командалар 160 шақырымдық учаскеде 5 кезеңнен өтуі тиіс еді. Трасса біздің жылқыларымыз үшін өте ауыр болды. Жолда таулар да, теңіз жағалауы, орманды, батпақты жерлер де кездесті. Мұндай жолдарда жарақаттану қаупі де жоғары болды. Біз, әрине, бұған дайын болмадық. Біздің жылқылар — ТМД чемпиондары соңғы үш жылда 7 елдің: Франция, Бельгия, Голландия, Германия, Польша, Белоруссия, Ресейдің аумағында болды. Алғашқы 40 шақырымда сәйгүліктеріміз ондықтың қатарында болған. Кейін біреуі орманда жарақат алса, қалған екеуі ветеринарлық тексерістен өте алмады. Қалай болғанда да құнды тәжірибе алдық», — деді ҚР ат спорты федерациясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Асхат Ноғаев.

«Бұл маңызды жетістік деп те айтуға болады. Жылқылар жекеменшікте болғандықтан, әкімдік пен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың қаржылық қолдауымен ғана жарыстарға қатыстырылуда», — деді Маңғыстау облысы бойынша ат спортының аға жаттықтырушысы Манап Бикенбаев.

Жарысқа қатысқан 166 шабандоздың 38-і ғана мәреге жетті. Ал 47 елдің үшеуі ғана жарысты сәтті аяқтады. Командалық есепте Испания топ жарып, алтын алды. Күміс жүлде Францияға, ал қола Швейцарияға бұйырды. Жеке сында шейх Хамдан бен Мұхаммед әл Мактум (БАӘ) алдына жан салмады.

 

Басты сөздер: СпортМаңғыстау облысы

АҚТАУ. ҚазАқпарат

 
0
0
670

Осы тақырып бойынша

Маңғыстаулық адай жылқылары Дүниежүзілік ат спорты ойындарына қатысты - Yvision.kz