Маңғыстауда "103" қызметіне шақыртулар екі есе көбейген.
Аурудың жеңіл ағымы анықталған жағдайда ентігу және қауіп факторлары жоқ науқас үйінде қалдырылып, әрі қарай емхананың учаскелік дәрігерінің қадағалауына жіберіледі. Егер науқаста ауыр немесе орташа ауыр, яғни қауіпті фактор болса одан әрі емдеу үшін модульдік стационарға жеткізіледі. Айта кету керек, жедел медициналық көмек бригадаларының қызметкерлері коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды анықтау алгоритміне оқытылып, барлық қажетті медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. Маңғыстау облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты "103" қызметіне түсетін жүктеме де, жауапкершілік те арта түсті. Яғни қоңыраулар саны екі есе артып отыр. Дәрігерлердің айтуынша қатаң санитарлық нормаларды сақтамаған жағдайда отбасы мүшелерін, соның ішінде қариялар, балалар, жүкті әйелдердің жұқтыруына әкеп соқтыруы ғажап емес. Сол себепті өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығып бара жатқанын ескеріп, санитарлық нормаларды, атап айтқанда әлеуметтік қашықтықты сақтау, халық көп жиналатын орындарға баруды азайту сияқты сақтық шараларына көбірек мән беру керектігін еске салады.
