Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Маңғыстау облысында бекіре өсіретін ферма ашылды

khabar.kz

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында бекіре балығын өсіретін ферма іске қосылды. Еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасына енген жобаны жеке кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырып отыр. Жылына 60 тоннадай бағалы балық еті мен 8 тонна қара уылдырық алу көзделуде. Айта кетейік, Каспий жағалауы болғанымен, аймақта бекіре балықтарын өсіретін кәсіпорын алғаш рет ашылып отыр.

Ресей мен Атыраудағы бекіре зауытынан әкелінген 3,5 мыңдай  шабақ арнайы жасалған аквариумдарға жіберілді. Олардың тез дамып, мол өнім беруі үшін барлық жағдай жасалған. Кәсіпорын озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Мұнда бекіре тұқымдас балықтың бірнеше түрі өсірілмек.

Гүлмира Әбішева, Тілші:
- Қазір ғана суға жіберілген бекіре балықтарының шабақтары тәулігіне 10 мезгіл тамақтанады, яғни таңғы 06.00-дан түнгі 00.00-ге дейін тамақтанады. Мына шабақтардың ең кішісі 5 грамды құрайды. Бұл 2 жылдан кейін 3 келі болатын ірі балыққа айналады.

Еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасына енген жобаны жеке кәсіпкер Тұрсынгүл Жақыпова мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырып отыр. Ол жеңілдетілген несие алып, аймақтағы алғашқы бекіре өсіретін кәсіпорынды іске қосты. Жобаның құны 582 миллион теңге.

Темірбек Асауов, Түпқараған ауданының әкімі:
- «Жол картасы» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге, газ мәселесін тартып беруге, тоқты тартуға және жол мәселесін шешіп беруге мемлекет тарапынан көмектер берілді.

Тұрсынгүл Жақыпова, Кәсіпорын басшысы:
- Елбасының көмегімен үлкен шаралар жасалып жатыр. Жобалар іске қосылып жатыр. Қазір еңбек етемін деген кәсіпкерлерге жолдар ашық. Елбасы әр ай сайын, жыл сайын жүйелі жұмыс бағдарламаларын ұсынып отыр. Көмектер беріліп, қаражаттар бөлініп жатыр. Құрал-жабдықтар алуға лизинг сияқты түрлі көмектер алуға мүмкіндік бар.

Мұнда қазір 25 ауыл тұрғыны еңбек етіп жатыр. Барлығы да балықты жемдеуді, оны баптап өсіруді ірі кәсіпорындарға барып, оқып келген. Арнайы келісім-шарт негізінде Ресей мен отандық ғалымдар өндірістің аяқтан тұрып кетуіне қолұшын беруде. «Бұйырса, бағалы балық етін жейтін күн алыс емес»,-дейді кәсіпорын басшысы. 1 келілік балықтар келер жылы, ал майда шабақтар 2 жылдан кейін өнім бере бастайды. Ал, қара уылдырық 4 жылдан кейін алынады. Жоба сәтті жүзеге асса, өнім көлемін молайтып, отандық өнімді ішкі нарықпен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзге елдерге сату жоспарланып отыр.

http://www.eco.gov.kz/new2012/KK/2014/07/105-4/

 
0
0
1010

Осы тақырып бойынша