Мақтаралдық тұрғындар ауылдастарына үй соғып беріп жатыр
Табиғаты шұрайлы Оңтүстік өлкесінің ауа райы қандай қолайлы болса, халқы да сондай мейірбан десек артық айтпағанымыз. Олай деуге негіз бар. Өйткені, Мақтарал ауданындағы бір ауыл барша алашқа үлгі боларлық іс жасап отыр.

Тарқатып айтсақ, ауданның Бірлік ауылдық округіне қарасты Қ.Пернебаев ауылының тұрғындары игі бастама көтеріп, ауылдастары, І топтағы мүгедек Абиболла Ибрагимовтың әбден тозығы жеткен үйінің орнына жаңадан үй салып беру үшін асарлатып жатыр.
Бірлігі жарасқан елді мекен тұрғындарының бірі қаржылай көмек беріп жатса, енді бірі, заттай немесе көмектесу арқылы қол ұшын созуда.

«Шыны керек, басында бір ауыз сөзім жерде қала ма деп те ойлап едім. Қаншалықты заман өзгергенімен, ауылымызда иманды адамдар әлі де көп екен. Барлығы қолдап, іске кірісе кетті. Бүгінде көлемі 10х8 м болатын 4 бөлмелі үйдің іргетасы қаланып, қабырғасын өріп жатырмыз. Құдай қаласа, баспананы биыл бітіріп, Абиболлаға қоныс тойын жасатамыз. Ол үшін 40 шақты жігіт үйдің құрылысына жұмылуда» - дейді мұқтаж жанға үй салып беру мәселесін көтерген жергілікті тұрғын Ж.Сариев.

Айта кету керек, 60 жасқа таяған шағында жаңа баспаналы болуды үміт етіп отырған мүмкіндігі шектеулі жан А.Ибрагимовтың көзі көрмейді. Жұмыссыз. Жұбайы мен бір баласы бар.
