Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мақтаралдың орталық ауруханасын еріктілер нұрландырып жіберді

Бүгін Мақтарал ауданының орталық ауруханасында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі 2016 жылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес «Еріктілер мектебі» жобасы аясында Мақтарал ауданының ерікті жастарының ұйымдастыруымен «Айналаңды нұрландыр» акциясы болып өтті.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен ауданымыздың орталық ауруханасының балалар бөлімінде қабырға суреттері салынып, қызықты ертегі кейіпкерлерін бейнелеу арқылы науқас балалардың көңіл-күйін көтеруге ауданның ерікті жастары ат салысты.

«Адамзат атаулының барлығы бір-біріне мейірімділікпен назар аударса керемет емес пе? Сүйіспеншілік, мейірімділік, ізгілік нұрын басқаларға сыйлап, жан дүниесін жылы сезімдерге толтырып жүрсек, жер бетінде бақытсыздар болмас еді. Сырқаттанып, аурумен күресіп жүрген балалардың жүрегіне жылылық, жүздеріне шаттық орнатсақ, онда біз өз мақсатымызға жеттік, айналамыздың нұрлануына сәл де болса үлес қостық деп есептеймін» - дейді аудандық ерікті жастардың көшбасшысы Сүндет Кенжебаев.

Қазақ ертегілерінің кейіпкерлері науқас балалардың көңіл күйін көтерсе, екінші жағынан Өрмекші адам, Микки маус, Маша мен аю, Тасбақа ниндзиялар сияқты т.б. толып жатқан шетелдік кейіпкерлерден балалардың санасын арылтып, қазақы руханиятты бойына сіңдіруге әсерін тигізді. Осындай қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, науқас балалардың көңіл-күйін көтергені үшін аурухана басшылығы ерікті жастарға өз алғыстарын айтты.


1
0
1635

Осы тақырып бойынша

Мақтаралдың орталық ауруханасын еріктілер нұрландырып жіберді - Yvision.kz