Мақтарал ауданында математика, орыс тілі, ағылшын тілі, бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс көп – Лесхан Қойлыбаев

«Мақтарал ауданында мектеп директоры лауазымына орналасу бойынша ашық конкурсы жаңа форматта ұйымдастырылып, бүкіл облысқа онлайн режимінде көрсетілді. Конкурстық комиссия құрамымен қатар сол мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы, конкурс болып жатқан мектеп ұжымынан 20 мұғалім, БАҚ, қоғамдық ұйым өкілдері жұмыс барысына бақылау жасады. Алдағы уақытта мектеп директорларын тағайындауда ашықтықты, тазалықты қамтамасыз етуді жетілдіре түсетін боламыз. Күні кеше аудан мектептеріндегі бос жұмыс орны педагогикалық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған шарада 109 бос жұмыс орны көпшілік қауымға ұсынылды. Оның ішінде математика, орыс тілі, ағылшын тілі, бастауыш сынып мұғалімі мамандықтарына сұраныстар көптеп келіп түсті. Қазірдің өзінде осы мамандықтар бойынша маман тапшылығы сезіліп отыр» - дейді Мақтарал ауданының Білім бөлімінің басшысы Лесхан Қойлыбаев. Бұл туралы ол «Білім беру мазмұнын жаңартуды жүзеге асырудағы көшбасшылық және басқару» тақырыбында Мақтарал ауданында өткен бүгінгі «Тамыз кеңесі – 2016» конференциясында айтты.
Білім бөлімі басшысының айтуынша, ауылдағы мұғалімдер 2017 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасының стипендианты атана алады екен. «Қазір ұстаздарға арналған квотаны берудің талаптары талқылануда. Квотамен оқуға ниетті мұғалімнің қай пәннен сабақ беретіні бәрібір, жас шамасына да шектеу жоқ. Сондай-ақ, шетелдегі оқуын бітіріп келген ұстаз ауылға қайтып барса да, қала мектебінде қалса да қалау өзінен. Басты талап - елге қайта оралып, халқына қалтқысыз қызмет етуге міндетті. Осыған сәйкес алдағы уақытта біз мұғалімдерімізді шетелге жіберіп оқытуды күн тәрбіндегі басты мәселеге айналдыратын боламыз» - дейді Лесхан Қойлыбаев.
(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
