Мақпалкөл мен Мақпал қыз

Терең-терең түспеп ем ойға бұлай,
Бір көруге зар етіп қойғаны ма-ай.
Мақпалкөлдей Өгемнің сылқымына,
Жол жүрмекпін, күш берсін бойға құдай.
Тамағыма қалғандай қылтық тұрып,
Көрген сәттен суретін тым тұп-тұнық.
Бала ғашық бір кезгі Мақпал қыздай,
Мақпалкөл де барады ынтықтырып.
Жолы жайсыз, бұралаң асқар белі,
Кедергі емес,
Арманым бастар мені!
Қол жетпестей көріну керек сұлу,
Жақын болса көрінген ластар ма еді!
Тамсанбасам жүзіне – көз айыбы,
Жырламасам таң қала – сөз айыбы.
Бір де бір жыр жазбапты ешбір ақын,
Мақпалкөлге – Оңтүстік ғажайыбы.
Бас тартпаған арманнан – Ер екен-ді,
Алда өткізер тосайын мерекемді!
Бала ғашық Мақпалға жетпесем де,
Мақпалкөлге жетуім керек енді.
Аңыз қылып айтатын атын үнем,
Атына сай ғажайып заты, білем!
Күннен көзін қолымен көлегейлеп,
Күтіп алсын саф ауа әтірімен.
От пен суды апарып туыстыққа,
Түсіп алып суына күн ыстықта,
Қарбаласын ұмытып тас қаланың,
Жыр жазайын мүлгіген тыныштықта.
Мұң, сырымды келгені түзде ақтарғым,
Қолы тимес тыңдауға біз жақтардың.
Мақпалкөлге кетемін осы жазда,
Қылықтарын еске алып, қыз Мақпалдың.
Дәурен АЙМАНБЕТОВ
