Мұстафа Шоқайға арналған еңбек үш тілде жарық көрді
АСТАНА. 29 қаңтар. BAQ.KZ – Шоқайтанушы белгілі ғалым Әбдіуақап Қараның Мұстафа Шоқай туралы бұдан бұрын түрік және қазақ тілдерінде жарық көрген еңбегі француз тіліне аударылып Париждегі «Ларматтан» баспасында басылып шықты.
Аталмыш кітап Мұстафа Шоқайдың өмірі, күресі мен шығармашылығына арналған. Кітап авторының айтуынша бұл басында докторлық диссертация болып дүниеге келген еңбек екен. Сөйтіп 2002 жылы Түркия жазушылар одағы тарапынан «Биографиа саласындағы үздік кітап» деп бағаланып, түрік тілінде жарық көреді. Көп өтпей 2004 жылы Алматыда қазақ тілінде қайта басылған биографиялық еңбек үш ұлттың тілінде шығып, оқырмандарына жол тартты.
Кітапта Мұстафа Шоқайдың қазақ, түрік, орыс, ағылшын, француз тілдерінде жазылған 700-дей мақаласы тұңғыш рет анықталып, жинақталған. Оқырмандардың пікіріне сүйенсек, бұл еңбек 13 жыл бұрын жазылса да қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың өмірін басқалай зерттеген толық еңбек әлі күнге өмірге келмеген екен.
Майгүл СҰЛТАН
