Мәссаған.ком-мен қауышатын күн жақын
Қазақ қауымының көз қуанышына айналған қазақ жастарының тұңғыш порталдарының бірі “мәссаған.ком” жабылып тұрғанына біраз уақыт болды. Осы портал арқылы дос тауып, ән тыңдап, қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының туындыларын сүйсіне оқыған жандар үшін “мәссағанның” орны ерекше. Алайда екі мекеменің қолдауымен жақын арада бұл сайт өз жұмысын қайта жалғастырмақшы.
Бұл әлеуметтік сайтты алтайдың күнгей бетіндегі Бай-Өлкенің тумалары Бақытнұр, Жанарбек, Талғаттар дүниеге әкелгенінен көзіқарақты, қазақтілді ғаламтор оқырмандары хабардар. Олар шетелде білім алып жүріп шәкіртақыларына сервер, домен алып қазақ жастарына арналған сайт жасаған болатын. Сайт дамытылып, қызықты әрі контенті толық, жанжақты болды. Оны қызыға оқитын, жанкүйеріне айналған жастар қатары аз емес. Бұл жоба тіпті Award-2007 Ұлттық Интернет бәйгесінің ”Мемлекеттік тіл номинациясынан” 2-інші орын алғаны бар. Бұл қазақ тілді сайттың айшықты болғанының куәсі. Әрі мүшелерінің көптігінің белгісі.
“Бұған дейін серверді орналастыру мәселесі шешімін таппай келді. Қазір сервер Алматы қаласынан Астанаға көшірілді. Ақпарат және байланыс министрлігі мен “Қазақтелеком” АҚ қолдауымен серверге орын табылды. Әзіргі “Қазақтелекомның” мамандарының рұқсатын күтіп отырмыз. Сол сәттен бастап сервер іске қосылып, веб сайт күнделікті ашылып тұратын болмақ. Бұл жобаның ерекшелігі оның контентін толтыру ерікті авторлардың көмегімен іске асырылады” дейді «Мәссаған» ұлттық веб-порталы демеушiлерiнiң «Жiгер» қоғамдық бiрлестiгiның төрайымы.
Айта кетейін бұл сервер де жоғарыда аты аталған жігіттердің қаржысына алынған екен.
