Мазмұнға өту
Обложка сообщества Екпiн

Мұражайдағы түн, немесе біз неге осындаймыз

18 мамыр — Халықаралық мұрайжалар күні. Осы мерекеге орай 1997 жылы Германияда Мұражайлар түні атты шара пайда болды. Шараның мақсаты — көрерменді мұражайға тарту, жастар арасында мәдениетті насихаттау, мұражайлар күндіз ғана жұмыс жасайды, түнде клубқа баруға тура келеді деген сылтауға қарсы тұру.

Кешке қарай мейрамхана немесе киноның орнына мұражайдағы жәдігерлерді көріп қайту, шынымен де, романтикалық сезімдерді тудырады... Тудыруы керек... Алайда, бұл мұражайдың басшылығы мен мамандарына тікелей байланысты шаруа.


2006 жылдан бастап Алматы қаласында орналасқан ҚР Мемлекеттік орталық музей «Музей түні» акциясын өткізіп тұрады екен. Жалпы біздің орталық мұражайдың бір ерекшелігі бар — көрме өтіп жатыр дегенді естіп, жетіп барсаң, мекеменің табалдырығын аттағаның үшін міндетті түрде ~100 теңге төлейсің. Көрме үшін емес (олар көп ретте тегін), мұражайға кіргенін үшін. Әрине, бұған мен ештеңе демеймін, бірақ мереке күні де ересектер — 100, балалар — 50 теңге төлеп, кіріп жүрді. Білуімше, көптеген мұражайлар бұл күндері көрермендерден ақша мүлдем сұрамайды (бұл жерде менің деректерім теріс болса, дұрыстап жіберіңіз).

Шара сағат 17:00 — 00:00 дейін болып жатты. Жұмыс күні болса да, алматылықтар сағат бестен бастап мұражайға ағыла бастады. Көбісі балаларымен келді. Байқасам, көп балалар мұражайға алғаш рет келіп отыр. Бірінші қабатта концерт те басталып кетті, екінші қабатта жәрмеңке. У-шу, ұйымдастыру «әдеттегі» деңгейде. Мұражай мәдени ошақ емес, бір күнге/түнге Мегаға айналып кеткендей. Қаламызда соңғы кездері трендке айналған Garage Sale-ға ұқсас «базар» бүкіл екінші қабатты жаулап алды. Сонымен қатар, мектеп бітірушілерді өз университетіне шақырып жүрген ЖОО мен колледждер де мүмкіндікті пайдаланып, проспекттерін таратумен болды. Қазақфильм де шараға қатысып, кинозалға «Сказ о розовом зайце», «Ликвидатор», «Балалық шағымның аспаны» сынды картиналарды ұсынды. Ал Орифлейм, Эйвон секілді косметикалық брендтер (олардың қатысы қанша?) бет әрлеуге байланысты шеберлік сабақтарын берді. Сондай-ақ, қалалық хайуанаттар әлемінің жануарларын тамашалап, үнді шайын ішіп, автобуспен түнгі экскурсияны тамашалуға мүмкіндік берілді.

құммен сурет салу сабақтары да болды

сол баяғы жәдігерлер

косметикамен таныстыру

кеште көптеген түсінікті және түсініксіз дефиле болды

ал енді Леди Гага әлде зомби стилін таңдаған "Сымбат" сән академиясы

осыдан кейін балалардың мұражай туралы түсінігі қалай өзгермейді...


бағасы былай тұрсын, фотоға түсіруге де болмайды

Енді бұл алматылық шараны Стамбул емес, Мәскеу емес, Санкт-Петербург те емес, Ресейдің қарапайым қаласы Воронежбен салыстырайық, мына сайтта жазылғандай, 19 күні қалада театраландырылған экскурсия, вальс сабақтарын үйрететін бал, тарихи квест, алхимиялық үйлену той, мюзикл, велотүн және басқа да қызықтар болып өткен екен. Оған қоса, шараға жалғыз мұражай ғана емес, кітапханалар мен театрлар да қосылды. Ал біз болсақ, бір түнге де мәдениеттің маңыздылығын сездіре алмадық... Ендігі үміт осыларда.

Әлия Сембай

12
8
3334

Осы тақырып бойынша