Мұрат Кеңтонов: «Қазақстан Барысына» осалдар қатыспайды
Шын мәнінде бұл бәсекеге ең мықтылар іріктеліп, өз өнерлерін көпшілікке паш етеді. Бұл жерде кез келген балуан қарымды қарсылас болып табылады. Барлығы да біз сияқты іріктеу бәсекесінде топ жарып, өз облыстарының үмітін үкілеген оғыландар.
Маусым айының соңғы жексенбісінде Астана қаласында қазақ күресініңүздігін анықтайтын «Қазақстан Барысы» бәсекесі өз жалауын үшінші рет көтермек. Бәсі жоғары бәйгеде бақ сынайтын Қостанай облысының қосқыраны қазір қызу дайындық үстінде. Соның бірі «Қостанай қыраны» атағын екінші рет иеленген – Мұрат Кеңтонов. Ел арасында «Сымайыл балуан» деген лақапатпен белгілі қазақ күресінің тарланына арнайы жолығып,әңгімелескен едік
– Мұрат аға, жақында бәсі жоғары белдесуде қарсыластарыңызды айқын басымдықпен ұтып, «Қостанай қыраны» атағына тағы бір мәрте қол жеткіздіңіз. Осы сайыстың облыстық іріктеу кезеңі қалайөтті?
– Аталмыш сайыс өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. «Нұр Отан» ХДП-сының облыстық филиалының қолдауымен өткен жарыс Қазақ күресі федерациясының тікелей мұрындық болуымен өтті. «Қостанай қыраны» атағына таласқан балуандар белдесуіне халық көп жиналды. Өңіріміздің әр ауданынан келген жанкүйерлердің ықыласы балуандарға ерекше жігер берді.
– Жалпы, осы іріктеу сайысында сізге қарымды қарсылықтанытқан балуандардан кімдерді атар едіңіз?
– Финалда бойдағы күштің салмақ пен білекке қарамайтынына айқын дәлел болатын Максим Гербермен жолықтым. Бірақ, бұл белдесу мен үшін оңай болмады. Максим республика жұртшылығына танымал балуан әрі Азия чемпионы. Жеңіске жеткенімнің бір сыры көп жылдық тәжірибемнің арқасы деп білемін. Бір қуаныштысы, Максим де «Қазақстан Барысына» жолдама алды. Алла жазса, айтулы додада Қостанайдың намысын қорғау Максим екеуміздіңмойнымызда.
– Алдағы «Қазақстан Барысы» додасына дайындығыңыз қалай?
– Шын мәнінде бұл бәсекеге ең мықтылар іріктеліп, өз өнерлерін көпшілікке паш етеді. Бұл жерде кез келген балуан қарымды қарсылас болып табылады. Барлығы да біз сияқты іріктеу бәсекесінде топ жарып, өз облыстарының үмітінүкілеген оғыландар. Осындай азулы қарсыласқа төтеп беру тиянақты дайындықты талап етеді. Бүгінде дайындығым ойдағыдай жүріп жатыр.Қалғанын кілемдегі белдесу көрсетеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

