Мұнда — ойсыраттық, ал онда — 23:45-те
Көрерменнің жанкүйер бөлігі бүгінгі Скендербеу-Шахтер ойынын демін ішіне тартып күтіп отыр. Астанада жауапсыз 3 голмен жеңген соң, Тиранада өтетін ойынға о басында уайымдай қойған жоқпыз. Бірақ айы-күні толғанда бәрі бекер екен.
Қазір жанкүйерлердің скептик бөлігі "былай боп қалуы мүмкін, олай боп қалуы мүмкін" деп, қара аспанды түнертіп жатса, оптимист бөлігі - албаниялықтарды тек ғайып-ерен қырық шілтен құтқарады деп, тоқмейілсіп отыр. Қай кездегідей, күдік пен үміт аралас болжамдар.
Ақпарат айдынына онша таныс емес Скендербеудің ойын алаңы жұтаң деп жатыр әлеуметтік желідегілер. Базбіреулер тіпті қаржылық әлеуетін біліп алғанға ұқсайды. Бірақ "жеңіс" деген бақытқа соқыр сенім - жеңілістің алғышарты екенін естен шығармайық. "Шахтерға" тілекші болып, добына жанкүйерлік "дем салу" міндетінен бізді әлі ешкім босатқан жоқ.
Астанада өткен матч кезінде шығыс трибунада аз болса да көптей көрінген албаниялық азаматтардың болғанын білеміз. Ендеше Тирана төрінде де қазақтың бір байрағы табылар деген үміттеміз. Көк жәшіктің бер жағындағыларға жалаудың қандай серпін беретінін біздер бұрыннан білеміз :)
Трансляция: бүгін, 06.08.2013, "Қазақстан" арнасы, сағат 23:45
