Мұнайшылар қаласы неден мұңлы?!
Мұнайшылар қаласы қамығып тұр. Бүкіл республика Тәуелсіздік мейрамын тойлап жатқанда, елдің батыс бетінде тосын жағдай болды. Ондаған отбасы қара жамылып, қайғы шегіп қалды. Бұл мәселеге байланысты барлық ақпарат құралдары айтты, бірі асырып айтты, бірі жасырып айтты, енді бірі басу айтты, келесісі елді жұбатып, сабырға шақырды. Түрлі ақпарат құралдарындағы қауесетке, орынсыз пікірлерге, дау-жанжалды одан сайын үдету үшін айтылған жалған ақпараттарға көз тұнады. Әйтеуір, бәрі айтып жатыр. Бірақ бәріне бірдей сенуге болмайды. Қалай болғанда да, сабырлық керек.
Бұл оқиға болған күннің ертесіне – 17 желтоқсан күні Президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, Жаңаөзендегі жағдай талқыланды. Бүгінде Өзенде Елбасының жарлығымен төтенше жағдай енгізіліп, ол 2012 жылғы 5 қаңтардағы 7:00-ге дейін жалғаспақ. Кешкі 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізіліп, Жаңаөзен қаласында жүріп-тұру еркіндігі, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігі шектелді. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектеліп, жалпы бұқаралық іc-шаралар өткізуге тыйым салынды. (Жарлық мәтіні мына жерде). Жаңаөзенде мектептер мезгілінен ерте қысқы демалысқа шықты. Ал, күніне екі рет (12:00-де және 22:00-де) МО ІІД бастығы қаладағы қауіпсіздік жағдайы туралы жергілікті халыққа ақпарат беріп тұрмақ.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, оқиға кезінде полиция автобусы мен бірнеше автокөлік өртелген. Жаңаөзен қалалық және Теңге ауылдық әкімдік ғимараты, «Аруана» қонақ үйі, «Өзенмұнайгаз» компаниясының әкімшілік ғимараты отқа оранған. Бірнеше дүкендер, банкоматтар, банктер тоналған. Барлығы 46 нысан шабуылға ұшыраған. Сонымен қатар, оқиға кезінде ауыр жараланғандар да бар. Олардың саны 60-тан асып жығылады екен.
Бірақ қазақ "малым – жанымның садағасы" дейді ғой. Бас аман болсыншы дейміз. Ең өкініштісі бірнеше адам қаза тапты. Бас прокуратураға сілтеме жасаған tengrinews.kz-тің ақпаратына сүйенсек, қайтыс болғандардың саны 14-ке жеткен. Олардың 11-інің аты-жөні анықталды. Қаза тапқандардың ең жасы 16-жастағы бозбала екен. Құдай олардың отбасына, жақын туыстары мен соңында қалған бала-шағаларына сабыр бергей, аманшылық бергей.
"Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол" деп Абай айтқандай, шын мәнінде, қазір азаматынан айырылған отбасыларға өте қиын. Тек қайырлы қаза болғай дейік. Жаралы жүректерін жақсы күндер емдегей!
Туған қалаңда (қазір тұрмағаныммен) мұндай жағдайдың болып жатқанын естудің өзі қорқынышты. Мұндай кездерде жалған ақпарат көп тарайтыны белгілі ғой. «Бүйтіп кетіпті, сүйтіп кетіпті», «Пәлен адам қайтыс болыпты» дегенді естігенде жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Бүкіл жаңаөзендіктер үшін алаңдап отырдық. Өзіміз Жаңаөзендегі ағайын-туғанға соғып, амандығын білмек болғанымызда, ұялы телефондары істемей тұрды. Үй телефондарына әрең соғып аман-саулық сұрастық. Бірақ дұрыс, толыққанды ақпаратты 16-сы күні ала алмадық. Тек бүкіл интернетті кезіп жүрген (кейін оны барлық телеарна көрсетті) бір ғана бейнеролик бар. Ертесі күні әр жерде ақпараттар жарық көре бастады, телеарналар да оқиға орынын көрсете бастады. Сонда да түсініп болмайсың. Ананы-мынаны кінәлайды, үшінші топтарды іздейді. «Бұзақылар», «хулиганы» деген айыптауларды да құлақ шалып қалады. Олар кімдер сонда? Тек қана болжам, тұспал жасалып жатыр. Әйтеуір, жорамалға сүрініп жығыласың. Кейбір БАҚ-тар жұмысшыларды бұзақылармен шатастырып жатты. Елбасының өзі Қауіпсіздік кеңесі кезінде: "… мұнайшылардың еңбек дауын өздерінің қылмыстық ниеттері үшін жағдайды пайдаланып қалғысы келген бұзақылардың әрекетімен шатастыруға болмайды..." деген жоқ па? Меніңше, басты ұйғарым – осы.
