АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанның мұнай-сервистік нарығының көлемдерін азайтты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
«Мұнай-сервистік сектордың дамуы мұнай өндіру саланың даму қарқынына тікелей тәуелді. 2014-ші жылғы мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанның мұнай-сервистік нарығының көлемдерін азайтты. Мысалы, 2014-ші жылдың қорытындысы бойынша мұнай-сервистік қызметтердің жалпы көлемі 1,4 триллион теңгені құраса, 2015-ші жылдың қорытындысы бойынша осы салада 1,3 триллион теңге жұмсалды. Бұл Қашағандағы құбырлардың ауыстыру жұмыстарын қосқанда естептеліп отыр. Егер Қашағандағы жұмыстарды алмасақ, бұл көрсеткіш 1,055 трлн теңгені құрады, яғни жиырма екі пайызға азайған», - деді ол.
Министрдің xабарлауынша, ең үлкен төмендеу - бұрғылау, геофизика мен құрылыс салаларында байқалып отыр. Мысалы, мұнай сервисінің жалпы көлемінің отыз екі пайызын алатын және саланың негізгі драйвері ретінде есептелетін «бұрғылау» сегментінде жұмыс көлемінің ең үлкен төмендеуі байқалды. Бұрғылау көлемдері үш есе қысқарған. 2013-ші жылы 1865 ұңғыма болса, биыл 663 ұңғыма пайдалануға беріледі. Сонымен қатар бұрғылау жұмыстарында қазақстандық компанияларының үлесі елу алты пайыз ғана құрап отыр.
«Энергетика министрлігі осы өндірістің күрделі жағдайын түзеу үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп отыр. Министрлік үш ірі оператормен бірлесіп, талдау жасап, аса қажетті және Қазақстанда дамытуға тиімді болатын тауарлар мен қызметтердің ТОП-10 тізбесін жасады. Үздік ондық - бұл электр жабдығы, фланецтер, айналатын жабдықтар, шегендеу құбырлары, магистральді құбыр жүйелері, жылу алмастырғыштар, сұйыққоймалар, химиялық реагенттер.
Осы бастаманың шегінде модульдар, темір конструкциялар, фланец пен фитинг шығаратын, машина жасау саласындағы жабдықтарды жөндейтін және басқа да кәсіпорындар құрылды. Мысалы, биыл шілде айында «Тэнарис» компаниясының Ақтау қаласында құбырларға арналған премиум класындағы бұрандалы қосылыстарды жасайтын зауыты ашылған», - деп атап өтті Қ. Бозымбаев.
Қазір елімізде екі мыңнан астам мұнай-сервистік компаниялар бар, қызметкерлердің жалпы саны 169 мың. Оған жер қойнауын пайдалану саласындағы 150 компанияның 76 мың қызметкерін қосуға болады.
Жалпы жер қойнауын пайдалану саласында мұнай сервисінің үлесі қырық пайызын құрап отыр. Сервистік қызметтердің негізгі бағыттары - ұңғымаларды бұрғылау мен жөндеу, құрылыс, геофизика, жобалау, техникалық қызмет көрсету және сараптау.
Көзі: http://kazinform.kz/kz/munay-servistik-sektordyn-damuy-turalap-tur-energetika-ministri_a2957644