Мұнай бағасы қанша құбылса да Қашаған мемлекетке пайда әкеледі
2016 жылдың 5 қазан 14:42
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қашаған» кен орны мұнай қандай бағамен сатылса да, мемлекет үшін кірісті жоба. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев баспасөз мәслихатында айтты.
«Бүгінде Қашағанда іске қосу, ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазан айының үшінші онкүндігінде біз коммерциялық өндіріске жетеміз бе деп отыр. Ол шамамен тәулігіне 75 мың баррель. Болашақта бұл көрсеткішті көтеретін боламыз. Мемлекет үшін бұл жоба кез келген жағдайда да кіріс рентабельді. Себебі, роялти (иелік - автор) салық аламыз, сондықтан мұнай қандай бағада болса да бұл жоба бізге тиімді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар, ол құбырларға қатысты шығын мәселесіне де тоқталып өтті.
«Ол шығынды мердігерлер өтеді», - деді ол.
Қашаған - Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Қашаған 75 км x 45 км аумақты алып жатыр. Қашаған соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны болды. Кен орнының коллекторы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр.
Соңғы зерттеу деректеріне сәйкес, кен орынның мұнай қоры 913 миллиард баррель мұнайды құрайды.
Көзі: http://kazinform.kz/kz/kashagan-munay-bagasy-kanshadan-satylsa-da-memleketke-payda-akeledi_a2956276
