Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Мәмпәсидің әлегі»

 

Пойыздамын. Алған бағытым – Астана. Көңіл-күйім жақсы. Алғашқыда пойыздың біркелкі дауысына құлағым үйренбей, мазам қашып еді. Бара-бара, етім өліп кетті. Ендігіде жан-жағыма «таныс адам жоқ па екен» деп елеңдей көз тастадым. Сондағы ойым – жол қысқарту.

Келесі бір стансадан аяғына енді тұрып, қаз-қаз қадам басқан кішкене нәрестесі бар жас келіншек мінді. Бөбегі сондай сүйкімді екен: жәудіреген жанары, кіп-кішкене мұрны, қардай аппақ беті көрген жанды өзіне еріксіз ынтықтырып, елітіп әкетеді. Бөбекке бірден көңілім ауды. Қайтсем көңілін табам деп, анамның «шай ішкенде жерсің» деп қоярда-қоймай салып берген мәмпәсиімен жаныма шақырдым. Бауырмал бала екен, жатырқамай келді. Алғашқыда қолына екі кәмпит ұстаттым. Рұқсат сұрағандай, анасына қарап қояды. Күлдік. Кіп-кішкентай болып алып, соны қайдан біледі екен?!

Димаштың анасымен біраз әңгіме-дүкен құрдық. Өзі әзілқой әйел екен, екі сөзінің бірінде тыңдаушысын күлкіге қарқ қылады. Шай іштік. Димашқа тағы мәмпәси ұсынып едім, бұл жолы бас тартты. «Тойдым» деп қояды.

Есіл стансасына түннің бір уағында келіп тоқтадық. Ерсілі-қарсылы көшіп жүрген адамдардың шуынан ұйықтай алмай жатыр едім, әлгі әйел:

-Баламды қарай тұрмас па екенсің?! Жөргектері таусылып қалыпты, барып алып келейін,- деп өтінді.

-Жарайды, жарайды. Қарай тұрайын,- дедім мен де.

Бөбек ұйқы құшағында. Пойыздың «жүреміз» деп белгі бергендей шығаратын дыбысына ұқсатып пыс-пыс етеді. Осы сәтте балалық шағым есіме түсті. Мен де кезінде былдырлап, анамның етегіне жармасқан ерке бала болып едім. Мен де осы нәрестедей пәк, қамсыз-қайғысыз болғанымды еске алып, еріксіз жымидым. «Сол сәтке қайта оралу үшін дүниенің бар байлығынан баз кешер ем-ау» деген оқыс ойға да шомылдым. Сөйтіп отырып, пойыздың ақырын жылжып, алған бетіне минут сайын, секунд сайын бір табан жақындай бастағанын енді сездім. Далаға шыққандар вагонға ағылып кіріп жатыр. Осыдан жиырма минут бұрын ғана шырт ұйқыда жатқан вагон бір мезетте аласапыран болысты да қалды. Бірі өз орнын іздеп, бірі күбірлесіп жатқан көпшіліктің ішінен көз жүгіртіп, енді Димаштың анасын іздей бастадым. Кешікті ғой.

Пойыз әдетінше жылдам жүрісіне басып, жүйтки жөнелді. Димаштың анасы әлі жоқ. Алаңдай бастадым. Тұрып, жан-жағымнан іздестірдім. Көңілде «әлде үлгермей, стансада қалып қойды ма?» деген алаң пайда болды. Димашты көтеріп алып, дереу жолсерікке жүгінбек болдым. Жолсеріктің купэсіне кіріп қалсам, әлгі әйел сол жерде отыр! Жолсерік апай екеуі алдарына тәтті пішінәй алып, кәдімгідей буын бұрқыратып шай ішіп отыр екен. «Мына әйел тіптен санасыз екен, баласын тастап жүре беретіні қызық» деп ішімнен өзімнен-өзім ашуға булықтым.

-Сіз осында ма едіңіз? Кешіктіңіз ғой, алаңдап қалдым,- дегеннен басқа аузыма сөз түспеді.  Әйел түк болмағандай:

-Мені жай іздеп пе едіңіз?,- демесі бар ма!

-Жай іздегенде...былай ғой... балаңызды маған қалдырған соң...Димаш жылап  қала ма деп... - әйелдің тап  бір баласын емес, қажет емес затын тастап кеткендей тым сабырлы сөйлеуінен тіпті састым. Ол болса, сол қалпынан әлі танар емес.

-Менің балам ба? Не деп кеттіңіз? Бұл сіздің ініңіз емес пе? - Есімнен адастым ба, қалай? «Бұл өзі шынымен сол әйел ме» деп қадала қарап қоямын қайта-қайта.

-Кешіріңіз, сізге бірдеңе көрінді ме? Бұл Димаш қой, сіздің ұлыңыз! – деп  ұйқысын қимай ыңырсып жатқан баланың басын әйелге қарай бұрдым. Ол мырс етіп күлді. Мен ашудан өз-өзімді ұстай алмай, дауысымды көтере сөйледім. Әлгі әйел екеуміз кәдімгідей ұрыстық. Ол маған «бұл сенің інің екенін маған өзің айттың ғой» дейді, мен болсам «бұл сіздің балаңыз» деймін. Айқайдан Димаш оянып кетіп, жылай бастады. Вагонды басымызға көтеріп, біз әлі салғыласып тұрмыз. Бір кезде:

-Тынышталыңдар! – деген жолсерік апайдың ысқырығынан өштік-ау әйтеуір. – Екеуің мына жерге тұрыңдар қатарласып, бала кімге барса, сонікі! Содан кейін тарайсыңдар! Не болып кетті өзі!

«Көкек-анаға» деген ашуым ақылымды жеңіп кеткенін есеңгіреп, енді түсіндім. Әйел екеуміз жолсеріктің айтқандарын бұлжытпай орындадық. Өз анасына қарай барып, тезірек бәрі басылса екен деп тіледім. Вагондағы жолаушылардың бірқатары «мұндай қызықтан құр қалмайық» дегендей, жиылып қапты. Жолсерік балаға бірдеңелерді түсіндіріп, қатар тұрған екеумізге қарай беттеді. Димаш анадайдан қарап тұрып, тұп-тура маған қарай жүгірмесі бар ма! Жаныма келіп, «мәмпәси берші!» деп қиылды. Төбемнен жай түскендей болдым. Бірдеңе түсіндірмек боп енді оқтала бергенде, жолсерік:

-Шоу аяқталды, тараңдар! 7:55-те Астанада боламыз, ертерек тұрып, төсек-жаймаларыңызды тапсырыңыздар! – деп жарияға жар салып жатты. Бәрі тарасты. Бір орында сілейіп қалған мен ғана.

Баланы көтеріп алып, жолсеріктің жанына қайта келдім. Әйел де сонда екен. Мен кіріп келгенде екеуі бір-біріне қарап жымыңдасып, қыран-топан күлкіге батты. Екеуінің келісіп алып, мені сынамақ болғандары санама еміс-еміс енді кіріп жатыр. «Құтылдым ба, құтылмадым ба» дегендей, мен де езу тарттым.

Шай ішкенде жемек болған мәмпәсиім мені осылай әлекке салған.

   
1
0
2101

Осы тақырып бойынша