Мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы заңы бойынша кеңесті 1414 бірыңғай байланыс орталығында алуға болады
«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы бойынша кеңесті енді 1414 Мемлекеттік қызметтер бойынша бірыңғай байланыс орталығында алуға болады.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 30 маусымында ҚР Президентімен қабылданған заң мемлекеттің мүлікті жария ету бойынша біржолғы акциясының өткізілу тәртібі мен шарттарын анықтайды.
Кеңес алу үшін 1414 немесе 8 800 080 77 77 нөмірлері бойынша хабарласу қажет. Қоңырау барлық Қазақстан бойынша кез келген оператордан тегін.
Сонымен қатар, Қазақстанның egov.kz электрондық үкімет порталында мүлікті заңдастыру, өткен жылдардағы заңдастыру қорытындылары, әлемдік тәжірибе мен 2014 жылғы заңдастырудың өзгешеліктері туралы қосымша ақпаратты алуға болады. Көмекші ақпарат «Салық және қаржы» бөліміндегі «Мүлікті заңдастыру» тарауында қолжетімді.
