Мазмұнға өту
Обложка сообщества Екпiн

Мәңгілік көктем аралы

27 қыркүйек - Халықаралық туризм күні. Туризмге қатысы бар барша оқырмандарымызды осы датамен құттықтай отырып, журналисіміз Айжан Кәрібаевамен бірге Канар аралдарына саяхаттап келуге шақырамыз.

Канар аралдары 7 аралдан тұрады. Туристердің ең көп таралған жерлері: Тенерифе, Гран Канариа аралдары. Тенерифе аралына Барселонадан ішкі рейстермен ұшып баруға болады. Солай арзан да. Бірақ ішкі рейстерде қатаң тәртіп, өзіңмен 1 грамм артық жүк алуға болмайды:) 1-2 сағаттық ұшудан кейін, "миллионерлер аралы" аталатын Тенерифедеміз.

Аэропорттан Тенерифедегі көлемі бойынша 6-шы болып табылатын Пуэрто де-ла Круз қаласына дейін автобуспен тағы да жарты сағаттай жүріп, экзотикалық қаламызға жеттік. Мұнда, әрине, туристер үшін бәрі жасалған: қонақ үйлер мен сувенир дүкендері көп, тамақ ішетін кафе/ресторандар да толып тұр, орысша менюді де әкеліп береді керек болса. Және де, әрине, Атлант мұхиты...

Жалпы ондағы ауа-райы жылы болды. Испандықтар Тенерифені "Isla de la Eterna Primavera" дейді, яғни "Мәңгілік көктем аралы". Қыста температура 20-22 С болса, жазда 26-28 С-ге дейін барады.

Тенерифенің Оңтүстігіне қарағанда, Пуэрто-де-ла-Круздың климаты ылғал. Сондықтан бұл жақ сирек кездесетін флора мен фаунаға бай.

Пуэрто-де-ла-Крузда Испания бойынша ең биік нүкте Тейде вулканы орналасқан. 150 мың жыл бұрын үлкен вулкан атқылауынан кейін мұндағы жағажай құмы көмір іспеттес болып қалған.

Қыста шомылу өте суық, бірақ Атлант мұхитына бір сүңгіп шықпау мүмкін емес.

Сондай-ақ Тенерифе өзінің "Лоро парк" деп аталатын тотықұс паркімен танымал. Тотықұстарды көруге ынтыққаныма ешкім қосылмай қойғанына қарамастан, парктің жабылуына жарты сағат қалғанына да қарамастан, паркке кірем деп шештім.

Парк іші өте "табиғи". Яғни нағыз джунглиде жүргендейсің, күтпеген жерден аяғыңның астынан бір нәрсе жыбырлап өтуі мүмкін немесе төбеңнен тотықұстар ұшып өтеді. Мен ең соңғы жалғыз қонақ болғандықтан, әсерім еселеніп, өзімді "Lost" фильмінде жүргендей сезіндім:)

Өте сүйкімді тотықұстар, олардың түр-түрі өте көп екен. Дәл біздің Алматының хайуанаттар бағындай.

Адреналин дозамды әбден алып шықтым...

Кешке жақын қаланы аралау процесі жалғасты. Бізді әдеттегідей, ескі шіркеулер мен үлкен палаццолар күтіп тұрды.

Махаббат фонтаны:

Әсіресе, маған мынадай ағаштардың безендірілуі ұнады. Бір қарағанда, қарапайым көрінетін бант, ал беретін эффектісі өте әдемі. Біздің ағаштарға үйрену керек екен)

Түнде құтырып жатқан мұхит. Өте сүйкімді шіркеу:

Банан осылай өседі. Сосын одан мезетте коктейль дайындайды:

Келесі күні, біз Тейде жанартауына көтерілуді ұйғардық. Дәл сол күні олардың таусылмайтын бір мейрамдары болып қалды, енді көтерілудің сәті болмайтын шығар деп тұрғанда, жақсы бір таксистке кезігіп қалдық. Ол бізді Тейдеге алып баратын болды.

Бара жатқан жолда тоқтап, түсіргендеріміз. Таксист (аты есімде жоқ) бізге туған жерінің бар әдемілігін көрсетуге тырысып бағуда.

Мынау жанартауға жақындап қалған жеріміз. Бұл жерлерде, айтпақшы, "Звездные войны" фильмі түсірілген.

Таудың басына (3,555 метрге) канаттық жолмен көтерілдік.

Көтерілген сайын, көрініс кереметтене түседі, қысым да түседі... Жаз кезінде тіптен, бір жерде екі түрлі ауа-райын көруге болады дейді. Егер тау бөктерінде жаз болып тұрса, сәл көтерілсең, нағыз қысқа тап боласың.

Бұл жердегі тастар да ежелгі маужыраған жанартаудан қалған. Айтпақшы, оның қайта оянуы - бір сәтте. Сондықтан "ерлік жасадыңдар" деп түскеннен кейін қалағандарға мынадай сертификат тарту етіледі:

Нағыз "3 метра выше неба":)

Көзімізді сұлулыққа тойдырып алғаннан кейін, біз әдемі қайықта келесі аялдама Гран-Канария аралына тарттық. Мәңгілік көктем аралына жасаған саяхатымыз сонымен аяқталды.

© Екпін

9
8
2100

Осы тақырып бойынша