«Мүгедек баланы тәрбиелеуші анасына немесе әкесіне, бала асырап алушыға, қамқоршысына (қорғаншысына) жәрдемақы тағайындау» мемлекеттік қызмет стандарты
1. Мемлекеттік қызметті мекенжайлары осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органдары көрсетеді.
Өтініштер қабылдау және ресімделген құжаттарды беруді мекенжайлары осы стандартқа 1, 2-қосымшаларда көрсетілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – уәкілетті ұйым бөлімшесі) және халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі – орталық) көрсетеді.
Мемлекеттік қызметтің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына мобильдік орталықтар арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге жол беріледі.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет «Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы Заңының 4-бабы 1-тармағы 4) тармақшасының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 қарашадағы № 1092 қаулысымен бекітілген Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақыларды тағайындау және төлеу ережесiнің негізінде көрсетіледі.
4. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және қажетті құжаттар туралы толық ақпарат:
1) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің http:/www.enbek.gov.kz интернет-ресурсында;
2) уәкілетті ұйым бөлімшесінің www.gcvp.kz интернет-ресурсында;
3) «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының www.con.gov.kz интернет-ресурсында;
4) уәкілетті ұйым бөлімшесіндегі, орталықтағы стенділерде.
Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты сондай-ақ call-орталығының (1414) телефоны және уәкілетті ұйым бөлімшесі call-орталығының (1411) телефоны бойынша алуға болады.
5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нәтижесі:
1) уәкілетті ұйым бөлімшесінде немесе орталықта:
мүгедек баланы тәрбиелеуші анасына немесе әкесіне, бала асырап алушыға, қамқоршысына (қорғаншысына) жәрдемақы (бұдан әрі – жәрдемақы) тағайындау туралы хабарлама не қызмет көрсетуден бас тарту туралы электронды құжат нысанындағы немесе қағаз жеткізгіштегі дәлелді жауап.
6. Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға: «Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жәрдемақы алуға құқығы бар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет алушылар) көрсетіледі.
7. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері:
1) орталық уәкілетті ұйым бөлімшесінде мемлекеттік қызмет алушы өтініш берген сәттен бастап (құжаттарды қабылдаған күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді) бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет алушыдан қабылданған осы стандарттың 11-тармағында айқындалған құжаттармен қоса хабарлама береді.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі уәкілетті ұйымның бөлімшесінде мемлекеттік қызмет алушының өтініші немесе мемлекеттік қызмет алушыдан қабылданған құжаттармен қоса хабарлама тіркелген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде.
Уәкілетті ұйымның бөлімшесі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылданған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет алушыны немесе орталықты хабардар етеді.
Порталда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау туралы ақпарат алу – уәкілетті ұйым бөлімшесінің ақпараттық жүйесіне сауал түскен сәттен бастап – 30 минуттан аспайды;
2) мемлекеттік қызмет алушы өтініш берген күні сол жерде көрсетілетін (тіркеу, талон алу кезінде) мемлекеттік қызмет алғанға дейін күтудің ең ұзақ шекті уақыты - 20 минуттан аспайды;
3) мемлекеттік қызмет алушыға қызмет көрсетудің ең ұзақ шекті уақыты – 20 минуттан аспайды.
8. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
9. Жұмыс кестесі:
1) уәкілетті ұйым бөлімшесінде: демалыс және «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Заңында белгіленген мереке күндерін қоспағанда, сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін түскі үзіліспен күн сайын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.
Мемлекеттік қызмет алушыларды қабылдау: сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін, бұл ретте сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін азаматтарды қабылдауды кезекші мамандар жүргізеді.
Алдын ала жазылу және жедел қызмет көрсету көзделмеген;
2) орталықта – мемлекеттік қызмет еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес түскі үзіліссіз дүйсенбіден сенбіні қоса алғанда күн сайын сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.
Қабылдау жеделдетіп қызмет көрсетусіз «электронды кезек» тәртібімен жүзеге асырылады.
Мобильді орталықтар құжаттарды қабылдауды орталық бекіткен кестеге сәйкес жүзеге асырады, бірақ бір елді мекенде алты жұмыс сағатынан кем емес.
10. Мемлекеттік қызмет мыналарда көрсетіледі:
1) қызмет көрсетілетін уәкілетті ұйым бөлімшесінің жеке кіреберісі, күту залы бар, мүмкiндiктерi шектеулi адамдар үшiн қолайлы жағдайлар көзделген, қажетті құжаттарды дайындау үшін орындықтармен (отырғыштармен) және үстелдермен, ақпараттық стенділермен жабдықталған ғимаратында.
Уәкілетті ұйым бөлімшелерінің үй-жайлары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға, ғимараттардың қауіпсіздік талаптарына сай, күзет және өртке қарсы сигнализациямен жарақталған;
2) мемлекеттік қызмет алушының таңдауы бойынша орталықтың мүмкiндiктерi шектеулi адамдар үшiн қолайлы жағдайлар көзделген ғимаратында. Аумақтық органдардың үй-жайларында және орталықтың ғимаратында күту залы, ақпараттық стенділер бар.
