Цензура әр заманда, әр қоғамда бар құбылыс. Ал шындық деп шырыл қаққанның түбіне дәл сол өз шындығы жететұғын заманда қайраты мол империалистердің қазақты қалай зар заманға салғанын баяндаған Міржақып Дулатұлының бір өлең, бір мақаласы бүтін газеттің бүгін басталған тағдырын ертеңге жеткізбей тамырынан шауып түсірді. Дәлірек айтқанда Ресей отаршылдарының озбырлығын тайға таңба басқандай әшкерелеген “ Біздің мақсатымыз” мақаласы олардың үрейін туғызса керек, бір ғана саны жарық көрген басылымның екінші санын баспадан шығып, дайын тұрған жерінен көзін құртады. Бұл жағдайдың астарын ойлансақ ауыр ойлар жатыр. Енді соларды тарқатайық.
1905-1907 жылғы бірінші орыс буржуазиялық-демократиялық революциясы кезінде бейресми басылымдардың етек жаюы аздап болсын ащы сөзді, ауыр ойды жеткізуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде жарыққа шыққан татар тіліндегі "Улфат" газеті қазақ оқырмандары үшін де актуалды мәселелерді қозғайтын. Осыны ескере отырып 1907 жылы Улфат газетіне қосымша ретінде Шәймерден Қосшығұловтың басшылығымен, Хажы Ибрагимовтың редакторлығымен " Серке" газеті жарыққа шықты.
"Серке" - қазақтың бейресми, саяси бағыттағы демократиялық баспасөзінің тұңғыш бастау көзі" - деген зерттеуші Ә. Әбдімановтың сөзі ойға оралады. Демократиялық бағытты ұстанған басылымның бірінші саны "Нәжет" жинағы берген дерекке сүйенсек 1907 жылдың 28 наурызында Улфаттың 67-санына қосымша ретінде жарық көрді. Тұңғыш басылымда-ақ "Арғын" деген бүркеніш атымен М. Дулатұлы "Жастарға" өлеңін қалың көпшілікке ұсынып, қазақты сөзбен қамшылады. Ал оқырман қолына тимей жатып тәркіленіп кеткен екінші санында өзіміздің "Арғынымыз" тоғыз ай толғанын толғатқандай етіп бір-ақ сәтте бар қазақтың зарын "Біздің мақсатымыз" атты мақаласына жазды да салды. Автор мақаласында қордаланып келген мәселенің қатпар-қатпарын анықтап, жіктеп тұрып, жіліктеп бөліп Ресейдің бодандарын қалайша қан қақсатып отырғандығын тіке жеткізді.
“ Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық” - деген алғашқы сөзімен-ақ Арғын өзінің саяси позициясын танытты. Сәйкесінше, жалпы ойы Ресейдің сұрқай саясатынан құтылуидеясын алға тартады. Мақалада біріншіден, министр, депутат, басшы сымақтардың бәрі де қара халықтың қамын емес нанын жеп, салықты салып, пайдасыз дүниені алып, одан қалса мал-мүлкін талан-тараж ететіндерін, соның әсерінен елдің экономикалық жағдайы тым нашар екеніндігі жайлы мәселе көтерілген. Ал Міржақып ашына айтқан екінші проблема - орыстандыру саясаты негізінде қазақтың діні, тілі, салты мен дәстүрі де тұншықтырылып жатқандығы.
Ал соңында автор атадан қалған жеріміздің өзгенің меншігіне айналып бара жатқанына күйініп, көп ой қозғайды. Расымен, тарихи деректерге сүйенсек 1917 жылға таяу қазақтың 45 миллион десятина, яғни, 49 162 500 гектар жері тартып алынған. Сәйкесінше, Ресейдің орталық аудандарынан келген шаруалар осы жерді мекен етті. Ондап емес, жүздеп емес, бүтін-бүтін село халқы қазақтың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жеріне көшірілді. Меніңше, оның екі мәні бар: алдымен қазақты орыспен араластырып, ақыры ұлт ретінде жою, содан соң Алтайдан Атырауға дейінгі көз жетпес шексіз байтақ даланы картадан Қазақ ретінде құртып, Ресейдің қарамағына бас-аяғы бүтін қосып алу еді. Осыны жақсы түсінген зиялы азамат Дулатұлы “ Россияда жер аз ба? “ – деген риторикалық сұрағымен отаршылдардың оң емес ниетін меңзейді. Бабалар қасық қаны қалғанша қорғап, қаншама ғасырдан атамекен еткен жерімізді орыстардың иелігіне заңсыз беріліп жатқанын, ал алаш жұрты не егін салар, не мал жайғар жері жоқ, шарасыз қалғанын көріп көкірегі қарс айырылған Дулатұлы қалың елі қазағын ойлап осылайша қалам тербеді.
Өзінің басына үйірілер бұлттан емес, ұлтының тағдырына төнген сейілмес тұманнан қорыққан Міржақып мақаласын Серкенің бетіне бергенін білген ұзын құлақ ресейдің қолшоқпарлары келіп, барлық даналарын жинап, Серкені біржола жапты. Ғасыр басында, нәубет кезде саяси бағыт алып, ұлт мүддесі үшін күреске шыққан Серкедегі озық ойлы ұлт зиялысы Міржақып Дулатұлының “ Біздің мақсатымыз” мақаласындағы саналы сөздері қазақ қоғамының мұң-мұқтажын айқын көрсете алды. Алайда, айға шапқан арыстандай серке ақыры мертігіп тынды.