Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мәдени мұралар қолдау күтеді

Ағымдағы дамудың маңызды мәселелерінің бірі – Қазақстан экономикасына бағытталған тікелей шетелдік инвестициялар ағынын әртараптандыру. Оларды перспективалы салаларға, мысалы туризм саласына бағыттау керек. Дамыған елдерде туристік кластердің үлесіне ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін тиесілі. Бізде 1 пайыздан да төмен. Бүкіл еліміз бойынша туризмді дамыту нүктелерін зерттеуіміз қажет, олар аз емес», деп атап көрсетті Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Тарихты білмей, терең зерттемей болашақты болжау мүмкін емес. Бүгінгі күні дүние жүзінің көптеген елдері өздерінің әр дәуірде қол жеткізген мәдени жетістіктері арқылы өз халықтарының ұлттық санасын көтеріп қана қоймай, осындай ескерткіштерді қыруар қаражат табудың көзіне айналдырған. Әлемнің қай мемлекеті болмасын, елінің тарихы туралы сыр шертетін рухани және материалдық құндылықтарға келгенде, өзге шаруаны жинап қояды. Салт-дәстүр, тіл мен дін, мәдениет пен тарихты саралап алмай, дамыған ел атану мүмкін емес. Сондықтан, түрлі тарихи жағдайларға байланысты пайда болған, ұлтымыздың өткені туралы баяндайтын баға жетпес мұраларды сақтап, ұрпаққа қалдыру үшін зор қамқорлық қажет екені дау туғызбаса керек!? Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданы табиғатының ерекшелігімен, жер сұлулығымен, флорасы мен фаунасының алуандығымен көз тартып, келушілерді өңірдің табиғи алаптарымен таныстыратын экологиялық туризм мен тарихи-археологиялық және мәдени мұраны танытуға бағытталған мәдени-танымдық туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Жылына мыңдаған адам келіп-кетіп те жатады. Мұнда, әсіресе, жаз айларында табиғатты тамашалауға келетін адамдар өте көп. Олардың арасында шетелдік туристер де аз кездеспейді. Басқа жағын айтпай, тек Ақсу мен Бадам өзендерінің аралығындағы айналасы қозы көш жерде, бүкіл адамзат тарихын қамтитын, көптеген тарихи-археологиялық ескерткіштер өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Келешекте бұл аймақтарда көне ескерткіштердің орнын көптеп ашып, оларды ашық аспан астындағы мұражайға, туризмдік нысанға айналдыру бүгінгі күннің басты қажеттілігі десек, артық айтқандық емес. Бұл, бір жағынан, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиясында көрсетілген басымдықтардың бірі – туризм саласын осы өңірде дамытып, елімізге келетін туристердің санын арттырып қана қоймай, өз кезегінде сол аймақтарда тұратын елдің әлеуметтік ахуалының жақсаруына да өз септігін тигізер еді. Мәселен, Сайрамсу өзенінің оң саласы Сілбілі өзенінің бастауындағы жартастағы сына (руникалық) жазулар, Ақсу өзенінің сол жағалауында орналасқан “Қостөбе” обасы (б.д.д. 1 мыңжылдық), Төңкеріс ауылындағы Базарбайтөбе елді мекені (VІ-Х ғғ.), Қаратөбе ауылының орталығында орналасқан Қаратөбе қалашығы (VІ-Х ғғ.), Қызылбілек-1,2 обалар тобы ( І б.д.д.мың ж.), Кіндіктөбе елді мекені-1 (VI-VIII ғғ.), Майбұлақ ауылындағы Майтөбе елді мекені (VI-VIII ғғ.), Майбұлақтөбе қалашығы (VIII-ХII ғғ.) бар болғаны 10 шаршы метр жерде, суларының химиялық құрамы бір-біріне ұқсамайтын 9 бастауы бар «Нұрата» (шамамен VIII-IX ғғ.) қорымы, ел арасында «Мыңшейіт әулие» атанып кеткен Мыңшейіт (шамамен VIII-IX ғғ.) қорымы, Тасарық ауылындағы Қалашық қамал (ХII-ХVII ғғ.), Диханкөл ауылындағы Жеке обалар (I-IV ғғ.), Жаңажол ауылындағы Шерімбет оба қорымдары (б.д.д.І-ғ.-б.д І ғ.), Шерімбет елді мекені (VIII – ХII ғғ.), Керегетас нығайтылған елді мекені І (VI-X ғғ.), Қазақстан ауылының шығыс шетінде, Сайрамсу өзенінің оң жағасында орналасқан Дәркембектөбе қалашығы ортағасырлық (ХII-ХVIII ғғ..), «Ботбайқырылған» (ХIХ ғ. ортасы). Солардың қатарындағы ең ірісі Кеңесарық ауылының оңтүстік шетінде, Сайрамсу өзенінің оң жағасында орналасқан “Төрткүл­төбе” (VI-VIII ғ.ғ) (Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы қаулысымен бекітілген «Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің» тізімінде «Төрткүлтөбе» Майбұлақ ауылында деп қате көрсетілген. Ал аталған ескерткіш шындығында Кенесарық ауылында орналас­қанмен, Дәуіттөбе (ХVII ғ.) қалашығы деп аталады. Аталған ескерткіштерге қазба жұмыстары жүргізілсе, қазақ тарихына жаңа парақтар қосылатыны сөзсіз. Ауыл маңынан табылған құмыраның біріне – археолог А.Н.Подушкиннің айтуынша – кемінде 2000 жыл, ал құмыра табылған жертөле «Зороастризм» дінінің ғибадатха­насына ұқсайды. Тарихшылардың пікірінше, “Төрткүлтөбе” қазақ тарихының ең аз зерттелген бөлігі Түргеш қағанаты туралы мәліметтер беруі мүмкін. Егер төтелеп барса, арабтар мен қытайлар арасында болған атақты «Атлах» (751 жыл) шайқасы өткен Тараз қаласы алыс емес екенін ескерсек, қасиетті дініміз Исламның қазақ арасына алғаш қалай тарала бастағаны туралы да деректер табуымыз мүмкін. Ал ХVII ғасырда бұл жерлерде Есім ханның ордасы тігіліп, оның Тұрсын ханмен жүргізген кескілескен шайқасына әскерді Сайрамсу бойында жасақтағаны, оған Ұлы жүз қолын бастап Төле бидің бабасы Құдайберді би мен Қарасай батырдың қатысқанын Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме дейін» атты атақты кітабында баяндайды. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин де Есім хан мен Тұрсын хандардың арасындағы шайқас осы маңда өткенін растайды. Қалай болғанда да осы Сайрамсу бойының Қазақ хан­дығы тарихына үлкен қатысы бары сөзсіз. Бұл ауылда екі үйдің бірінде, өз бақша­ларынан табылған жәдігерлер – құмыра, қылыш, қанжар, тіпті біршама жақсы сақ­талған қыш құбырлар бар десек, артық айтқандық емес. Кеңесарық ауылының кейінгі тарихы да назар аударарлық. Мысалы «Жұлдызнама» кітабының авторы, атақты Бекасыл әулие (1822-1915 жж.) осы ауылда туып-өскен, ауыл маңындағы көп үңгірдің біріне тығылған оның көптеген мұрасы әлі табыла қойған жоқ. 1931-1933 жылдардағы алапат аштықта өңір тұрғындарын аштықтан құтқарып қалған Айнабек Ақынбеков (1882-1972 ж.ж.) «Облпромсоюз» мекемесі бастығының орынбасары қызметінде отырып, басын бәйгеге тігіп, Ресейге жіберілуге тиіс астықты астыртын аштыққа ұшыраған ауылдарға жіберіп отырған. Сол үшін оны Кеңес өкіметі 1934 жылы соттап жіберген. Сондай-ақ, бұл ауылдан тұңғыш рет қазақ тілінде «Сызба геометрия» оқулығын жазған ғалым Керімбек Қонақбаев (атақты боксшы Серік Қонақбаевтың әкесі), атақты қылқалам шеберлері Молдағали Қалдыбаев, Тоқболат Тоғысбаев, Бексейіт Түлкиев, Ерболат Төлепбаев, Қанат Қалқабаев, Қазақстанда гобелен өнерінің негізін салушылардың бірі Мұрат Қалқабаев, белгілі қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер Амалбек Тшанов, Халық Абдуллаев, Әмзебек Ақынбеков, ҰҚК генералы Ержан Исақұлов және т.б. шыққан.

Сөз арасында айта кететін жай, әдетте тарихшылар арасында қазақ халқы тек көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан деген біржақты пікір қалыптасқан. Ал осы Ақсу мен Бадам өзендерінің аралығындағы тау жоталарының қия беткейлеріне тартылған арық сілемдерін көріп, таңданбасқа шараң қалмайды. Бұл дегеніміз, өңірде суармалы егіншілік жақсы дамығанын көрсетеді. Осы арықтар да көріп, тағылым алуға тұрарлық дүниелер.

Тағы біраз кешіксек, баға жетпес осы мұраларымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін! Себебі, төбе үстіне ауыл тұрғындары үй сала бастады. Мұнда Отырардағы сияқты ашық аспан астындағы мұражай ашуға үлкен мүмкіндік бар. Оның үстіне бұл өңір «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркімен шектесіп жатыр, тіпті сол парктің құрамына қосып жіберуге де болады. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге де мұрындық болар еді. Аудан тұрғындары өз шаруашылықтарында өндіретін қымыз, айран-сүт, құрт-май сияқты өнімдерін келушілерге ұсынып, ауылдағы жұмыссыздық мәселесі де біршама реттелер еді. Сонымен қатар, осы Кеңесарық ауылының өзінде елімізге белгілі атбегі, құсбегілер мен қолөнер шеберлері бар, солар арқылы қазір дүние жүзінде үлкен қарқынмен дамып келе жатқан экотуризм мен этнотуризмді де дамыту мүмкіншілігі зор. Яғни, келуші туристер тек мұражайды тамашалап қана қоймай, ұлттық дүниетанымнан да біраз хабардар болады. Киіз үйде түнеп, ат үстінде таулы аймақты аралап, қымыз ішу кез келген шетелдік турист немесе қала тұрғынының көңілінен шығатыны анық. Сондай-ақ, ХIХ ғ. соңынан қалған сәулет ескерткіштері – Қасқасу мен Көксәйектегі православие шіркеулері, Тасарықтағы «Көркемсурет» галереясының ғимараты мен галереядағы өңірден шыққан, КСРО Суретшілер одағының 17 мүшесі мен кейінгі толқын жас қылқалам шеберлерінің қаламынан туған өнер туындылары да келушілерді қызықтырмай қоймайтыны сөзсіз.

КСРО тұсында дәл осы жерде «Синегорье» пионер лагері болғанын ескерсек, оқу­шылардың жазғы сауықтыру лагерін ашуға да толық мүмкіндік бар. Ал жоғарыда айтылған ескерткіштер – ең алыс дегені Кеңесарық ауылынан 5 шақырымдай жерде, ауылды қоршай орналасқан. Осы арадан аталған ескерткіштерге қарай бір күндік саяхаттар ұйымдастыруға әбден болады. Өңір тек тарихи-археологиялық ескерткіштерге ғана емес, эндемик өсімдіктер мен жануарларға да бай екені белгілі. Елбасы 2012 жылғы Жолдауында «…оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс»… деп атап көрсетті. Осыған орай, облыстық білім басқармасы қолға алып, лагерьге тарихи-биологиялық бағыт берілсе, оқушылар демалып қана қоймайды, табиғат аясында түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мектепте алған білімдерін ғылыми тәжірибемен шыңдай түскен болар еді. Сондай-ақ, Бекасыл Биболатұлы атындағы орта мектепті тарихи-биологиялық немесе этнопедагогикалық бағыттағы гимназия немесе лицейге айналдыру мүмкіншілігін де жоққа шығаруға болмайды. Себебі, бүгінгі күннің өзінде ауылда атақты құсбегі Пансатбек Кеуенов қарияның құсбегілер, көкпар спортынан ОҚО құрама командасының бас бапкері Ақылбай Манкеев бастаған шабандоздар мен атбегілер және басқа қолөнер шеберлері мен ісмерлердің тұтас бір мектептері қалыптасқан деп айтуға болады. Яғни, аталған ауыл Қазақстан халқы Ассам­блеясының 16-шы сессиясында Елбасымыздың өзі көтерген этноауыл ашуға сұранып-ақ тұр. Егер, мемлекет тарапынан қозғау салына қалса, ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен басқа да жеке азаматтар демеушілік және басқа да көмектер көрсететіні сөзсіз.

Дәл бүгінгі күнге дейін Төрткүлтөбеге әлі археологтердің күрегі тие қойған жоқ. Мемлекет немесе демеушілер қаржыландырып жатса, атақты археолог, тарих ғылымдарының докторы, Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры А.Н.Подушкин бастаған ғалымдар мұнда зерттеу жұмыстарын бастауға дайын отыр. Ал осынау тарихи орындардың сырлары толықтай ашылып жатса, қайталап айтайын, қазақ тарихындағы ақтаңдақтардың ашылуы мен ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауға ғана ғана емес, аймақтың экономикалық дамуына да қуатты серпін беретініне сенімдіміз.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,

№41 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі.

Шымкент.

«Егемен Қазақстан» газеті  Сенбі, 12 мамыр, 2012

 
0
0
1397

Осы тақырып бойынша