Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Мұғалім мәртебесі» деген не?

 

"Мұғалім мәртебесі" тек жалақының мөлшерімен өлшенеді ме?

"Мұғалім мәртебесі" туралы сөз болғанда біздің қоғамдағы басты адасушылық - бәрін жалақы мен әлеуметтік жәрдемге әкеліп тіреп қою.

Айналайындар-ау!

Мұғалімнің жалақысы министрге теңестіріле отырып, оны мұғалімнің функциясына жатпайтын міндеттерді атқаруға мәжбүрлеуді мәртебе көтеру деп айтуға болмайды.

1. Мәртебелі мамандық иесі - толып жатқан түрлі деңгейдегі сайлау, халық санағы, мерекелерде немесе жоғары мәртебелі лауазым иесі өңірге келгенде алаңдар мен стадиондарды толтыру секілді жұмыстарға жегілмейді.

2. Интернет дамыған заманда өзіне қажет болсын-болмасын түрлі газет-журналға мәжбүрлеп жаздырылып, әлдебіреудің бизнесін дамытуға жегілмейді.

3. Коммунистік қоғамнан қалған анахронизм - сенбіліктерге жегілмейді. Азаматтар сенбілікке тек ерікті түрде қатысуы тиіс.

"Патриотизм" туралы әңгімеңізді өзге ортада айтасыз.

Сайлау, санақ секілді мемлекеттік маңызы бар шараларға бөлінетін қаражат орнымен жұмсалса, мұғалімдерді мәжбүрлеуге деген қажеттілік жойылар еді.

Ал, елді мекеннің қыруар ақша бөлінетін  коммуналдық саласының жұмысы дұрыс ұйымдастырылса, сенбілік дегендерге де  қажеттілік болмас еді.

Балаларды еңбекке баулуды еңбек сабағында да іске асыруға болады.

(Кейбір ауылдарда орын алатын котельный күзету туралы айтпай-ақ қояйын).

Енді осы жерде аз ғана тереңдесек, тағы бір үлкен проблемаға тірелеміз.

Осы проблемалар елдегі етек жайған жемқорлықпен байланысты емес пе?

1. Мәселен, сайлау-санақ пен коммуналды қызметті дамытуға бюджеттен бөлінген қаражат неліктен жетпейді?

2. Толып жатқан газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыртуға кім мүдделі?

Тек қана мұғалімдер өз білім көкжиектерін кеңейтіп, елдегі оң жаңалықтар мен жаңа шыққан заң нормативтерімен уақтылы таныссын деген ізгі тілек пе?

Неліктен мұғалім әлдебіреулердің жұмысындағы былық-шылықты жабуы тиіс?

Осы ма көтерген мәртебелеріңіз?

 

Ресми статистикаға сүйенсек, 2015-2016 оқу жылында елімізде 325 мыңға жуық мұғалім болды.

Осынша азаматтың наразылығын тудыру - әлеуметтік араздықты қоздыру емес пе?

Оны анықтауды өздеріңізге қалдырдық.

"Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын".

 
0
0
2684

Осы тақырып бойынша

«Мұғалім мәртебесі» деген не? - Yvision.kz