Мұқағали Мақатаев күнделігінен

Құрметті оқырман, бүгін қазақтың лирик ақыны, шынайы поэзия өкілінің өлеңдерін емес, жеке күнделігінен алынған жазбаларын ұсынамыз.

27 март 1972 жыл
Шын талантты ақын берерін бергенен кейін, сыйымен өле білгені де жақсы. Алайда таңдамалыларының толық жинағына өзі редактор болғанның да зияны жоқ...
30 март 1972 жыл
«ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ БІР ЖЫЛЫ» (баяндама, ойлар).
«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті»...
Дүниеге жаңа келгендеймін. Ой-санам, жүріс-тұрыс, мінезімде сұмдық өзгеріс бар. Сәл кештеу оянған жоқ па?... Әлде дер шағы ма екен?!
22 февраль 1973 жыл
...Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыздың» делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзім алып қалдым... Әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай?! Олай бала қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?... Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын...
Келесі жылы жаңа жинағым жарық көре ме, жоқ па?
Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!
6 март 1973 жыл
...Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!
20 март 1973 жыл
Құрбы-құрдас, замандастар мен туралы көп-көп қауесет таратады. Біріне бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен бірі жаңартып айтады, ал мен олардың қай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді дейсің бе?.. Түсінем. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін, арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?!
Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екіншісі – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.
Уақыт өз рөлімді маған да бөліп берген, соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағам, әрине. Демек, мінездегі жасандылық (артистік) маған да бөтен емес-ау...
9 апрель 1973 жыл
Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені...
24 декабрь 1973 жыл
Бұл жыл да өтті. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім?! Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес. Демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем. Күресем?! Кіммен, немен күресем? Өзіммен өзім бе?!
Соңғы сөзді айтып өлу керек қой... Қандай сәби едім. О, Тәңірім! Түйсік бере көр, түсінік бере гөр!...

Мұқағали Мақатаев
ШЫҒАРМАЛАРЫ көп томдық толық жинағы IV-том
Құрастырғандар – Л.Әзімжанқызы, Оразақын Асқар.
Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2009.
