Ұлы мәртебелі Футбол. Әлем Чемпионатының «алаң сыртындағы» әңгімелері, І бөлім.
Правин Гордхан, ОАР қаржы министрі
Әлемдегі нөмірі бірінші ойынға айналғалы бері футболға бизнес-жоба статусы да қосылды. «Әуелете асырылған пас» пен «керемет соққы» туралы комментарийлер 90 минут және кейінгі уақыттың еншісіндегі тақырыптар. Миллиондаған жанкүйерге түсінікті. Аз ғана топтың ортасында, бірақ миллиардтар туралы да болатын әңгімелер бар. Оларға айтылатын комментарийлер Әлем чепионатындағы матчтардың қызығынан да кем түспейді. Біздің сөзіміз осы миллиардтар яғни мунидальдың қаржылық қызықтары жайлы болмақ.
Әлем біріншілігінің футбол тарихын ғана емес қазынасын да толтыруға мүмкіндік беретін жоба екендігі сонау 1930 жылда –ақ белгілі болған. Уругвайдағы алғашқы мундиальда ұйымдастырушылар 255 мың доллар табыс тапқан. Бүгінгі кіріс миллиардтап есептелгенімен, ХХ ғасырдың алғашқы жартыжылдығы үшін бұл өте үлкен қомақты сома еді. АЛ келесі чемпионаттарда миллионның ауылы басталды.
1978 жыл Аргентинаға қосарлы жеңіс әкелді. Елдің спорт тарихына алғаш рет әлем чемпионатының иесі ретінде жазылса , ел қазынасын 40 млн долларға көбейткен. Ал 1998 ж біріншіліктен Франция 350 миллион доллар табыс тапты. Спорттың өзі жеңіс пен жеңілістен қатар тұратыны секілді, әлемдік чемпионаттарының кірісі шығынына қарағанда әлдеқайда аз болатын. 1982 жылғы мундиальды өткізу құқығы Оңтүстік Америкадан Еуропа елдеріне келді.

Аргентинадағы El Monumental стадионы, http://int.soccerway.com/
Эстафета таяқшасын алған Испания қарыз бермесе де, қайыр сұратындай дәрежеде емес еді. Елдің ЖІӨ-дегі бөлшегі Еуропадағы жалпы үлестің 4,5 %-ын құраған. Әсіресе, 80-жылдардың екінші жартысында Мадридтің экономикалық жағдайы ерекше қарқынға ие болды. Бірақ «гүлдену дәуірінен» бұрын орын алған 1982 ж әлем біріншілігі Испания қазынасын ортайтып тастағаны да рас. 1980 ж елдің ЖІӨ 226 млрд доллар болса, 1982 ж бұл көрсеткіш 190,3-ке түскен, кейінгі 3 жылда тіптен ауылын алыстатты. Алайда, Италиялықтарға жеңіс сыйлаған мундиаль оның көршісін де құр қалдырмады. Дәл осы кезеңдерде елдегі туризм айтарлықтай қарқынға ие болып, инфрақұрылым дамыды.

Испаниядағы ең ірі стадион - Камп-Ноу, 1982 ж бұл жерде полуфинал ойналды http://www.sports.ru/
Келесі «құрбандық» Мексика. Ең алдымен айта кету керек, 86-жылғы әлем біріншілігі Колумбияға тиесілі еді. 1982 ж «жер астынан жік шыққандай» болған дағдарыс Оңтүстік америкалықтардың бас тартуына мәжбүр етті. Тез арада басқа нұсқаларды қарастырған ФИФА Мексика, АҚШ және Канадаға мойын бұрады. Осыдан 12 жыл бұрын әлем чемпионатын өткізгендіктен де Мексиканың инфрақұрылымы дайын болатын. Бірақ ФИФА-ның иығындағы ауыр жүк мұнымен біткен жоқ. 1986 ж Әлем біріншілігіне 8 ай қалғанда ацтектердің елінде жер сілкісін болды. Стадиондарды тексерген комиссия барлығының жарамды деген мәлімдемесінен кейін ғана ФИФА басшылығы терең тыныс алды. Сол кезеңдердегі қаржы дағдарысы, жер сілкінісінің зардабы, мундиаль шығындары Мексика бюджетін ғана емес, Мехико үкіметінің «жүйке жүйесіне» зиян келтірген жылдар болды.

Мексикадағы финал ойналған Гильермо Канедо ("Ацтека") стадионы, http://football.ya1.ru/
Ал 90 жылдары "футбол- жанкүйер үшін" деген функциясының «ФИФА жанында» деген қосалқы қызметі пайда болды. Бұл "функция" ФИФА құрылған сәттен бастап бар, бірақ осы жылдардан бастап заңды күшіне енді. 1990 ж Италиялық турнир 20 күндік футбол қызығының бастауы ғана емес, Халықаралық футбол федерациясы мен ұйымдастырушылар үшін бизнес жобаның беташары болғандай. Мундиальды екінші рет қабылдап отырған Италияның инфрақұрылымы жаһандық коммерциялық идея үшін тіптен үйлесе келетін. Бұрынғы 10 стадионды күрделі жөндеуден өткізіп, Турин мен Бари де екі стадион салынды. Футболдың Меккесіне айналған бұл ел ұйымдастыру жағында ең жоғарғы сипатқа ие болды. Матчтарға тікелей трансляция арқылы ондаған миллиондаған адамдар куә болды. Дәл осы телетрансляциялар ұйымдастырушыларға жүздеген миллион доллар әкелді. Дегенмен де Ромул мен Ремнің ұрпағы ерекше қызығушылық танытқан дәл осы жылғы чемпионат футбол тарихына «ең қызықсыз» ойындар деген статуспен енді. Бар болғаны 115 гол соғылып, 16 ойыншы алаңнан қуылды. Сары қағаз 164 рет көрсетілді. Бірақ, бұл футбол туралы әңгіменің басқа бөлімі.
Әлемдік футболдың тетігі ФИФА бюджетінің жартысынан көбін 4 жылда бір келетін футбол карнавалынан түскен табыс арқылы келеді. Демеушілердің қаржылай көмегінен бастап, жанкүйерлер «хан тәбәрігіндей» талап алатын ФИФА-ның тауар өнімдері, миллиондаған келісім-шарттар, жүз мыңдаған долларға сатылатын телетрансляциялар – барлық табыс көздері футбол карнавалын «ақша машинасы» деп атауға толық мүмкіндік берді.
Дегенмен, Блаттер де «сыйға-сыйды» ұмытқан емес. FIFA құрамына кіретін барлық федерацияларға 4 жылдық цикл көлемінде қаржылай көмек беріледі. 2000 жылдары дамушы елдердегі футболды қолдау үшін 60 млн доллар, 2002 ж Жапония мен Кореядағы әлем Чемпионатының пиарына 130 млн доллар жұмсалған. Қаржылай қолдауды «жиі ұсынғысы» келді ме әлде кіріс көлемінің ұлғайғындығы қызықтырды ма сол кездері ФИФА басшылығы чемпионатты 2 жылда бір рет өткізу туралы да ұсыныс айтқан. Әр күн сайын туған күнін тойлай беріп,шын мәніндегі туылған күнін ұмытып қалған адамды білесіздер ме? Халықыралық футбол Федерациясының басшылығы бұл аңызды қаншалықты білетіндіктері белгісіз, бірақ бұл ойларынан тез айныды. Әйтпегенде, мундиальдың құнын түсіріп алу қаупі өте жоғары еді.
