Ұлттық спорт түрлерін дамыту проблемасы — күн тәртібіндегі өзекті мәселе
Бейбітшілік және келісім сарайында «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және өкілдері, сондай-ақ жаттықтырушылар, спортшылар мен ардагерлер ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы партияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Шара барысында «Нұр Отан» партиясының хатшысы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін дамытуды сапалы деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының жаңадан сайланған президенті Бекболат Тілеухан ұлттық спорт түрлерін дамыту — ұлттық мәдениетті сақтап, дамытуға, сондай-ақ «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы міндеттерді жүзеге асыру мен «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуде аса қажет екенін айтты. «Елбасы саясатының, елдегі тұрақтылық, ауызбіршілік пен тыныштықтың арқасында ұлттық спорт түрлері даму үстінде», — деп атап өтті Бекболат Тілеухан. «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек ұлттық спорт түрлері — қоғамымыздың біріктіруші факторы болып табылатынын айтады. «Ұлттық спорт түрлерін дамыту проблемасы — күн тәртібіндегі өзекті мәселе. «Нұр Отан» партиясының жуырда қабылданған саяси Доктринасында осы мәселеге көп мән бердік. Өйткені, мәдениетіміз бен құндылықтарымыздың бір бөлшегі болып табылатын ұлттық спорт мәселесін көтере отырып, Қазақстан халқының ауызбіршілігін нығайтамыз», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.

