Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ұлттық сананы жаңғыртудың басты кілті — әліпбиде!

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ға­лым әрі көрнекті мемлекет қайраткері Ах­мет Байтұрсынов: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл (ұлттық сана), дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел ха­лық болудан қалады», – деп айтқан. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үл­кен рөл атқаратындығын аңғарамыз.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен жүр­гі­зілген зерттеуде: «Қазақ елестетілетін қауым­дастығы ХІХ ғасырдың соңында-ақ қалыптаса бастады, бірақ оның дамуын Қазан төңкерісі тоқтатты. Кеңестік кезеңде қазақ елестетілетін қауымдастығының да­муы оны идеологияландыру мен соған байланысты орыстандыру негізінде жүріп, оның басты элементі қазақ тілін кирил­ли­цаға көшіру болды. Елестетілетін қауым­дас­тықты (яғни ұлтты) қалыптастыруға негіз болатын баспа өнімдері Қазақстанда толы­ғымен кириллицада басылды және әлі де басылып келеді. Алайда тілдің мате­риалдық тасымалдағышы ретінде жазу елестетілетін қауымдастықты қалыптастыру ісінде тіпті бірінші кезектегі мағынаға ие бо­лады. Ол қазақтың ұлттық сана-сезімінің орыс тілі мен орыс мәдениеті жағына қа­рай бағдар алуына ықпал етіп келеді. Нә­ти­жесінде қазақ сәйкестілігі көп жағдайда анық­тал­маған күйінде қалып отыр. Осы тұрғыда латын графикасына көшу қазақ­тар­дың нақтыланған ұлттық сәйкестілігін қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Қазақ­станмен мәдени-тарихи тәжірибесі ұқсас Әзір­бай­жан, Өзбекстан, Түрік­мен­станның латын графикасына көшуін дәл осы көз­қа­рас аясында қарастырған жөн» деген тұ­жырым жасалған. Иә, бұған толығымен қо­сы­луға болады. Себебі әліпбидің графи­ка­лық жүйесін сақтау немесе ауыстыру ұлттық сәйкестілікті сақтауға немесе оны жаңадан қалыптастыруға негіз болады. Осы ретте, ұлттық сәйкестілігі қалыптаспай, ұлттық санасы ішінара орыстық сипат ал­ған қазақ­тар үшін кириллицадан шығып, ла­тын гра­фикасын пайдалану кеңестік то­тали­тар­лық сәйкестіліктен босанып, ұлттық сәйкес­ті­лікті қалыптастыруға негіз бол­мақ.

Кириллица жазуы орыс этносының ұлт­тық және діни сәйкестілігінің негізі екен­дігін ескерсек, Ресей Қазақстанның ки­рил­лицаны қолдануына мүдделі. Дәл сол секілді Қазақстандағы орыстармен орыс­танған қазақтар да кириллицада қалуды жөн санайды. Психологиялық тұрғыдан ки­риллицаға үйренген орыстар мен орыс­тілді қауым қазақ жазуын латын гра­фи­касына көшірген тұста наразылық танытуы мүмкін. Осы негізде Қазақстанда эт­нос­ара­лық шиеленіс орын алуы мүмкін деген бол­жамдар да жоқ емес. Осы орайда ғалым Бақытжан Хасанұлы: «Біздіңше, жазудың қандай түріне көшсек те, күн­дер­дің күнінде көше қалсақ, Қазақстанды мекендеген барлық ұлттың, әсіресе орыс­тардың бірге көшуін ұйымдастыру – шарт. Әйтпесе қазақ халқының орыстілді, қазақ­тілді бо­лып жікке бөлінуі беки түседі, қо­ғам ыды­райды», – деп тұжырымдайды. Иә, қазақ жазуын латынға көшіру про­це­сін­­де елімізді мекендеген барлық эт­нос­тар­ға қазақ әліпбиін үйретудің тиімділігі зор болмақ.

Аме­ри­калық этносаясаттанушы Бенедикт Андер­сонның «Елестетілетін қауымдастық» тұжырымдамасына сәйкес, ұлт елестетілетін саяси қауымдастық болып табылады екен. Ол өзінің бұл тұжы­рым­да­масын Еуропада XV-XVI ғасырда басталған «баспа капита­лиз­мімен» (print capitalism) түсіндіреді. Ан­дерсонның айтуынша, осы уақыттан бастап баспа капитализмі ал­ды­мен кітап­тар­ды, кейіннен газет-жур­нал­дарды жап­пай шығаруға ұйытқы болған. Әлемдік мә­­дениет жүйесінен ығысып, өлі тілдер қа­тарынан орын алған латын тілі ағылшын, фран­цуз, неміс, итальян, испан, одан кейінгі кезеңдерде Шығыс Еуропа, Азия мен өзге де аймақ тілдерінің дамуына сер­п­ін берді. Осы кезеңде баспа өнімдерін оқи­тын бұқаралық оқырман қалыптасты. Үнемі бір баспа өнімін (газет, журнал, көр­кем әдебиет, оқулықтар т.б.) үзбей оқу арқылы оқырмандар санасында белгілі-бір іштей байланысқа негізделетін елес­те­ті­летін қауымдастық қалыптасты. Осы­лай­ша олар­дың бойында ортақ сәйкестілік пай­да болып, ол ұлттың қалыптасуына алып келді. Қалыптасатын осы іштей өзара бай­ланысты қауымдастықтың негізі оған кіретін мүше­ле­рінің барлығының ортақ сәйкестілігі болып табылады. Осының нә­ти­жесінде ұлт туып, дамиды. Андер­сон­ның елестетілетін қауымдастық жөніндегі осы тұжы­рым­да­масы арқылы ұлттың қа­лып­тасуына жа­зу­дың ықпал еткенін ұғы­на­мыз.

Айдос Садуақасов,

журналист, саясаттанушы

 

0
0
808

Осы тақырып бойынша

Ұлттық сананы жаңғыртудың басты кілті — әліпбиде! - Yvision.kz