Жаңа басшылықтан жаңалық күтеміз
ҚХЛ-дағы додаға биыл да қатысып жатқан хоккейден ұлттық құрамамыздың базалық клубы болып табылатын «Барыс» жаңа маусым шымылдығы түсірілген сәтте қарсыластарына жиі ұпай таратып, жанкүйерлерін біраз әбігерге салды. Сәл кейінірек елордалық ұжым бабын тауып, олқылықтың орнын толтыра бастады. Бірақ соңғы ойындар барысында командамыз тағы да бірінен соң бірі маңызды ұпайларды жоғалтты. Қазіргі уақытта Владимир Крикунов жаттықтыратын команда чемпионаттың жалпы турнир кестесінде 16- орында келеді. Өкінішке қарай, дәл ертең плей-офф басталар болса, «Барыс» оған қатыса алмас еді. Өйткені команда «Шығыс» конференциясының турнирлік кестесінде 9- орында тұр, өзінен бір саты жоғарыдағы Нижнекамскінің «Нефтехимигінен» 6 ұпайға қалып келеді.
Биылғы маусым қарсаңында клуб басшылығында елеулі өзгерістер болып, клуб президенті Нұрлан Оразбаев отставкаға кетті. Оның орнын белгілі конькиші Вадим Шақшақбаев басты. Сондай-ақ «Барыстың» бас бапкері Андрей Шаянов та қызметтен босатылып, команданы жаттықтыру міндеті ресейлік маман Владимир Крикуновқа жүктелді. Жоғарыда айтқанымыздай, «Барыс» ұлттық құрамамыздың базалық клубы болғандықтан жаңа маусымда құрамға қазақстандық хоккейшілер көбірек тартылды. Қазақстан құрамасын алдағы уақытта екі бірдей ірі, жауапты жарыс күтіп тұрғаны мәлім. Өкінішке қарай, «Барыстың» бақ-берекесіндей болған Кевин Даллмэн бастап, Иржи Новотны, Лукаш Кашпар, Камил Крепс секілді белді хоккейшілер командадан кетті. Әсіресе канадалық капитанымыз, қорғаушы болса да кейбір шабуылшылардан әлдеқайда көп гол соғатын Даллмэннің өзге клубтың қатарын толықтырғаны өзекті өртейді. Қазіргі уақытта бұл жігіт Санкт-Петербордың СКА командасының сапында жүр. Төрт жыл бойы «Барысты» алға сүйреген ол баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында мүмкіндік туып жатса, Қазақстанға қайтып оралғысы келетінін айтқан екен. Чех Новотны да далада қалған жоқ. Жиырма тоғыз жастағы шабуылшы бұл күндері «Лев» командасының капитаны. Аталған ұжым да ҚХЛ-да өнер көрсетеді және қазір көш бастаушылардың қатарында келеді. Тағы бір чехиялық легионеріміз Крепс Швейцарияға қоныс аударып, сол жақтағы «Клотен Флайерз» командасының намысын қорғап жүр.
«Барысқа» кімдер қосылды?
Бұл ретте сөзді атақты отандасымыз Н.Антроповтан бастайық. 1980 жылы Өскемен қаласында дүниеге келіп, спорттық ғұмырын жергілікті «Торпедоның» қатарында бастаған Николай кейінірек Мәскеудің «Динамосы» мен Қазанның «Ақ Барыс» командаларының сапында ойнаған болатын. Бірақ оның даңқын шығарған мұхиттың арғы бетіндегі жарыс - Ұлттық хоккей лигасы (ҰХЛ). Әлемдегі ең танымал хоккей чемпионатында жерлесіміз алдымен «Торонтоның» намысын жыртты. Одан соң «Нью-Йорк Рейнджерс», «Атланта Трешерс» клубтарының жейдесін киген ол 2011 жылдан бері «Виннипег Джетс» командасының мүшесі. Орталық шабуылшы «Барысқа» ҰХК-дегі локауттың (команда басшылары мен ойыншылары арасындағы келіспеушілік - ред.) арқасында көмектесіп жүр. Оның қанша уақытқа созылатынын әзірге дөп басып айту мүмкін емес. Бірақ осы аралықта Николай Антроповтың астаналықтарға зор көмек тигізіп отырғаны анық.
Команда қатарын толықтырған бағалы ойыншылардың бірі - Д.Уппер. Өскемен хоккей мектебінің түлегі «Ақ Барыс», «Спартак», ЦСКА сияқты белді клубтарда өнер көрсетті. 2010 - 2012 жылдар аралығында ол Мәскеу облысының «Атлант» командасы қатарында болып, капитан ретінде айдынға шықты. 1999 жылы еліміздің үздік хоккейшісі болып танылған Дмитрий бұл күндері ұлттық құраманың құнды ойыншыларының бірі.
«Барыстың» сапын 2011 жылғы әлем чемпионы, финляндиялық Теему Лассила толықтырды. Жиырма тоғыз жастағы қақпашы астаналық ұжымға Новокузнецкінің «Металлургінен» ауысып келді. Бұлардан өзге де бірнеше жаңа ойыншы елордалықтардың қатарына алынды.
Қадірің қандай, Крикунов?
Бас бапкер В.Крикунов туралы мамандардың пікірі жақсы. Бапкерлік тәжірибесі мол бұл маман бұған дейін үш бірдей ұлттық құраманы жаттықтырған. Атап айтсақ, 1995-1996 жылдары ол Словенияның ұлттық командасының тізгінін ұстады. 2002 жылы Белоруссия құрамасын жаттықтырып, Олимпиада ойындарының жартылай финалына дейін жетті. Бұл - Белоруссияның ең биік жетістігі. Ал 2005 жылы Ресей құрамасын баптап, әлем біріншілігінде қола жүлдеге ие болды. Бұл маман жаттықтырған клубтардың ішінде Мәскеудің «Динамосы» мен Қазанның «Ақ Барысының» орны ерек. Жуырда Хабаровскінің «Амурын» ұпайсыз қалдырған елордалық ұжым Владимир Крикуновқа тамаша сыйлық жасады. «Барыстың» тізгінін жаңа маусымда ұстаған маман бапкерлік ғұмырындағы 1000-шы кездесуін өткізген болатын. Ресей хоккейінің тарихында ол осы межені бағындырған төртінші бапкер. Оған дейін даңқты маман Виктор Тихонов бастап, Геннадий Цыгуров және Валерий Белоусовтар осындай құрметке бөленген екен.
ҚХЛ-дегі бәсекеге араласа бастаған 2008-2009 жылдардан бергі уақытта «Барысты» Александр Высоцкий, Андрей Хомутов және Андрей Шаяновтар жаттықтырып келді. Астаналық хоккейшілер осы үш бапкердің кезінде де плей-офф кезеңінің алғашқы сатысынан өте алмады. Мәселен, 2008-2009 жылдардағы маусымда «Барыс» 1/8 финалда Қазанның «Ақ Барысына» жол берді. Кейінірек Татарстан хоккейшілері плей-офф кезеңінің жеңімпазына тиесілі Гагарин кубогын еншіледі. Бір қызығы, 2009-2010 және 2010-2011 жылдардағы плей-оффта да «Барыс» Қазанның «Ақ Барысына» тап болып, екі ретте де жеңіліс тапты. Ал 2011-2012 жылғы біріншілікте елордалықтар Магнитогорскінің «Металлургімен» плей-офф бәсекесінің алғашқы кезеңінде жолықты. Бірақ атақты «Магнитканы» айналып өтуге командамыздың шамасы жетпеді. Десек те, астаналық хоккейшілер соңғы сәтке дейін берілмей, сериялық есепте 3:4 нәтижесімен ұтылып қалды.
Ресейлік маман А.Хомутов та, жерлесіміз А.Шаянов та «Барыстың» бабын таба алмады. Әйтпесе команда құрамы айтарлықтай мықты болатын. «Барыс» ала-құла өнер көрсетіп жүрді. Бірде мықты деген ұжымнан ұпай тартып алса, келесі ойында-ақ аутсайдерлердің бірінен ұтылып қалатын. Мамандардың пікіріне сүйенсек, Шаяновқа тәжірибе жетіспеді. Ал Хомутов команда мүшелерімен тіл табыса алмаған секілді.
Жалғыз қазақ
Қазір «Барыстың» негізгі құрамындағы 30 хоккейшінің тек 8-і ғана өз отандасымыз болса, олардың арасында жалғыз қазақ жігіті бар. Ол - Талғат Жайлауов. Өскемен қаласының өрені 2002 - 2007 жылдар аралығында «Торпедоның» сапында ойнаса, 2007 жылдан бері «Барыстың» құрамында жүр. Көптеген жанкүйерлер «Барыстың» капитаны болуға Жайлауов лайық деп бекер айтпайды. Бірақ әзірге бапкерлер 2007 жылы Қазақстанның үздік хоккейшісі атанған қазақ жігітіне капитандық белгіні беруге асығар емес. Сол сияқты Ресейдің ашық біріншіліктері мен өзіміздің ішкі жарыстарда талантты қазақ жігіттері жетерлік. Алдағы уақытта олар да еліміздің бас клубының қатарын толықтырса, нұр үстіне нұр.
Сонымен «Барыстың» Ресейдің ашық біріншілігіндегі аяқ алысы әзірге мәз емес. Дегенмен уақыт өте жағдайды түзеу мүмкін болады деп сенеміз. Команда плей-офф бәсекелеріне жолдама алып, онда сәтті өнер көрсетуді мақсат етіп отыр. Ал ұлттық құрамамыз ше?
2012-2013 жылдарға арналған еліміздің хоккей күнтізбесіне көз жүгіртсек, ұлттық құрама үшін келер жыл сынаққа толы болатынын аңғарамыз. 2013 жылдың сәуір айында ерлер құрамасы Венгрияда өтетін әлем чемпионатында өнер көрсетеді. Бірінші дивизиондағы бәсекелер барысында В.Крикунов шәкірттері элиталық дивизионға жолдама алуға міндетті. Міне, осы жауапты жарысқа тыңғылықты дайындалу үшін құрама ағымдағы жылдың желтоқсан айында «Еурошақыру кубогында» бақ сынайды. Бүл дәстүрлі дода Румыния жерінде ұйымдастырылмақ. Одан соң еліміздің бас командасы Олимпиада ойындарына таратылатын жолдамаға таласу үшін Латвияны бетке алады. Балтық жағалауындағы іріктеу жарысында да бәсеке өте күшті болмақ.
Шалқар ЕСТЕН