Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ұлттық киім - ұлтымыздың айнасы

Ұлттық киім - ұлтымыздың айнасы. Халқымыз атам заманнан бері мың бір сырлы әсем киім үлгілерін жасап киініп келген. Киім жай ғана бір жапырақ мата емес. Ол белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Оның эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні де орасан. Сондықтан әр қазақ мақтан тұтатын мол мәдениетіміздің елеулі бір саласына киім кию ғұрыптарымызды жатқызсақ болады. Шындығында да, әлемдегі озық өнер түрлерін сарапқа салар болсақ, қазақ өнері алдыңғы қатардан көрінері даусыз. Себебі, қазақ дүниетанымы терең, мәдениеті бай, әрбір өнері көрнекті, көрген-түйгені мол үлгілі ұлт. Халқымыздың бүкіл ішкі жан дүниесі, ұстанған діні мен ділі киім үлгілерінен, олардың пішілуінен, тігілуінен, қолданылған әшекейлерден, таңдалған түр-түстен аңғарылады десек әсіре айтқандық емес. Өйткені кез келген киім оны жасап шығарған халықтың ішкі руханиятының материалданған көрінісі екені даусыз. Демек киімдеріміз қандай сұлу болса, жан байлығымыз да соншалықты сұлу болғаны! Қазақтың ұлттық киімдері - Еуразия даласын қоныс еткен көшпелі ел қазақтардың басқа халықтарға ұксамайтын киім үлілері табиғи ерекшеліктер мен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасты. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол - біздің ұлттық мәдениетіміз! Бағзы заманда аттың жалы - түйенің қомында көшпенді тірлік кешкен қазақ халқы күнделікті тұрмыста киетін киімге айрықша назар аударған. Қазақ халқының киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы. Мұның басты себебi қазақ халқының табиғат төсiнде өсiп, еркiн ғұмыр кешуімен байланысты. Өткен ғасырлардың өзінде-ақ киіміне қарап адамның ұлтын ғана емес, сонымен қатар оның қандай дінді ұстанатындығын, қала адамын ауыл тұрғынынан, бойжеткенді жас келіншектен айыруға болатын. Халқымыздың ұлттық киімдері- заманауи тарихпен қатар дамып, біте қайнасып келе жатқан асыл қазынамыз. Жер бетін мың түрлі әсем гүлдер қалай құлпыртса, сан түрлі киімдеріміз де қазақ даласына өзінше сән беріп келген. Қазақ халқының қыз-келіншектерге арналған бүкіл киімдерінің бәріне ортақ бір ерекшелігі бар. Ол адамның дене бітімін қымтап жауып тұратындығында. Бұл жағынан алғанда, қазақ киімдерінің көпшілігі қасиетті дініміздің талаптарына сай келеді деуге толық негіз бар. Әйелзатына арналған дәстүрлі бас киімнің әлем жаратылысындағы себеп-салдарлық жүйемен сабақтасып жатқан қырлары мен сырлары мол түрлері көп болған. Мәселен, сәукеле, бөрік, кимешек, қарқара, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, шылауыш, т.б. бас киімдерді атауға болады. Әр ұлттың ұлттық киімдеріне қарасты өзіндік философия жатқанын жете түсінуіміз керек. Ұлттық киімдер ұлттың мекендеген жерінің географиялық ерекшеліктері мен ауа райына қатысты да қалыптасқанын көреміз. Қазақ түркі тектес халық болғанымен, өз киім үлгісі ерекше дамыған. Әр киімнің әр жаста киілетін және өз орны бар. Қазіргі таңда күнделікті кимесек те, өз маңызын сақтап отырған ұлттық киімдерімізді құрметтеу керек деп білеміз.

Abyroikz компаниясы

2
1
8229

Осы тақырып бойынша

Ұлттық киім - ұлтымыздың айнасы - Yvision.kz