Ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, бізге не керек?
Жалпы білім беретін мектептерге арналған қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы туралы айтылған сындардан халық жақсы құлағдар. Олардың көпшілігі орыс тілінен орашолақ аударылған немесе орыс тілді азаматтар қазақша жазғаны көзге ұрып тұрады.
Ал, негіздердің негізі - мектепке арналған оқулықтардың жайы осылай болса, Адам және азамат құқықтарын қазақ тілінде түсіндіретін оқулықтар, нұсқаулықтар мен дидактикалық материалдар мүлдем жоқ деуге болады. Бірен-саран жарыққа шыққаны қазақ тілді аудиторияның талаптарын қанағаттандыра алмайды.
Азаматтарымыздың үлкен бөлігі өз құқықтарын білмейді.
Бірен-саран білетіндері түрлі психологиялық және басқа да кедергілердің әсерінен өз құқығын талап ете алмайды.
Осы мәселеге байланысты, қазан айының 8-10 жұлдызында (2016 ж.) Алматы қаласында «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жиын өтті.
Жиынға аталған қордың президенті Айна Шорманбаева, осы қордың сарапшы-заңгерлері Амангелді Шорманбаев пен Қызғалдақ Байжанова, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту Қоғамдық Қорының президенті, белгілі құқыққорғаушы Зәуреш Батталова, "Аспандау" ғылыми және білім беру қорының Батыс өңірдегі филиалының атқарушы директоры, белгілі философ Еркін Ирғалиев және осы жолдардың авторы қатысты.
Жиында ұлт болашағына қатысты көптеген мәселелер қозғалды. Адам және азамат құқықтарын қазақ тілінде түсіндіретін оқулықтар, нұсқаулықтар мен дидактикалық материалдар дайындау жөніндегі болашақта атқарылатын жұмыстардың тұжырымдамасы жасалды.
Жиынның маған өте ұнаған тағы бір ерекшелігі...
Атақ-даңқы мен дәрежесіне қарамай қатысушылардың бір біріне ерекше құрметпен қарауы болды. Егер ниет білдірсе, қазақ азаматтары да бір бірінің аузын жаппай тыңдап қана қоймай, ешқандай айғай-сүреңсіз, даңғаза ұрансыз, тізе қосып жұмыс істей алатынына көзіміз жетті. (Егер, ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, бізге одан өзге жолдың жоқ екені де белгілі).
Біздің кейбір шенеуніктер мен өздерін оппозиция санайтын азаматтардың бойынан табылып қалатын «Тек қана менікі дұрыс! - деген секілді кеуде ұрушылық мүлдем болған жоқ.
Осы жиынды қарапайым мектеп мұғалімінің жұмыс кестесін есепке алып ұйымдастырып, бар жағдайымызды жасаған азаматтарға алғысымыз шексіз.
