Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ұлт болмасын десең – жазуыңды түзе!

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым әрі көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл (ұлттық сана), дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел, халық болудан қалатындығын айтқан. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үлкен рөл атқаратындығын аңғарамыз.

Кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі 1940 жылы тоталитарлық билік тарапынан күштеп енгізілу салдарынан мемлекеттік тіліміздің лингвистикалық әлеуетін аша алмай отыр. Керісінше, әлі күнге дейін шетелдік кірме сөздер мен терминдер қазақ тіліне орыс тілі арқылы немесе орыс тілінің орфографиялық ережесімен кірігуде. Бұл, өз кезегінде, қазақ халқының ұлттық санасына кері әсер етуде. Бұл құбылыс жалғаса беретін болса, мемлекеттік тіліміздің дамуына нұқсан келіп, қазақ ұлттық санасында бөтен тіл мен мәдениеттің үстемдігі күшейе бермек. Ал, бұл – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін бірден-бір фактор.

Қазіргі біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырдың ақпарат дәуірі екендігін ескерсек, компьютер мен Интернет қолданысы артқан сайын қолданыстағы әліпбидегі қазақ әріптерінің компьютерлік код жүйесіне енгізілмеуі салдарынан қазақ тілі өзінің мемлекеттік тіл ретіндегі коммуникативтік әлеуетін көрсете алмай, тілдік бәсекелестіктен ұтылып отырғаны жасырын емес.

Міне, осындай тілдік, ақпараттық-коммуникациялық және саяси себептерге байланысты қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – заман талабы. Сондықтан да бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстан – 2050» стратегиясына енгізілген болатын. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру арқылы қазақ тілінің коммуникациялық әлеуеті артып, қазақ халқының ұлттық бірегейлігін қалпына келтіруге болады.

Тәуелсіздік алған 1990 жылдардың басында-ақ қазақ әліпбиін реформалау қажеттілігін алғаш рет академик Әбдуәлі Қайдар ағамыз айтқан болатын. Өйткені дәл сол кезеңде әліпби реформасы Өзбекстанда, Түркіменстанда және Әзербайжанда қолға алынды. Алайда, ол кезеңде әліпби реформасын жүргізуге экономикалық күрделі жағдаймен қатар, еліміздегі этнодемографиялық ахуал тұсау болды.

2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ сессиясында Елбасы: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» - деген болатын.

Елбасының осы мәлімдемесінен кейін қоғамда әліпби мәселесі қызу талқыланып, латын графикасына көшуді қолдайтындар саны артты. Ғалымдар мен бірқатар институттар тарапынан кешенді зерттеулер қолға алынып, шетел тәжірибесі зерттеле басталды. Осы кезеңде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасында оқып жүрген тұста аталған тақырыпты саяси тұрғыдан зерттеп, диссертация қорғаған болатынмын. Сол зерттеу жұмысымда латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын дәлелдеп, бұл реформаны алдағы он жыл ішінде қолға алу керектігін айтқан болатынмын.

2012 жылғы Жолдауында Елбасы латын әліпбиіне көшіруді 2025 жылдан бастауды ұсынды. Алайда, бұл осы кезеңге дейін қам-қарекетсіз отыру дегенді білдірмейді. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да мұны қайталап айтты: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет», деп, осы реформаны іске асыруға кірісу қажеттігін Үкіметке шегелеп тапсырды.

Латын әліпбиіне көшу реформасы шеңберінде әліпбиіміздегі басы артық бөтен әріптердің саны азайып, тілді үйрену оңайлай түспек. Заманауи ақпараттық технологияның құралына айналған латын қарпін үйрену, әсіресе, шетел тілдерін, соның ішінде орыс және Еуропа тілдерін жетік меңгеріп, қазақша жөнді білмейтін қандастарымызға, жалпы қазақстандықтарға оңайға түспек.

Өкінішке орай, мәселенің байыбын жете түсінбейтін кейбір азаматтар «Латын тіліне көшу қазақ тілінің дамуына тежеу болады» деп, негізсіз ой айтады. Нақтылап айтайын, біз латын тіліне емес, тек латын графикасы негізінде әзірленген қазақ әліпбиіне көшеміз.  Сондықтан тіл мен графика ұғымдарын шатастырмауымыз керек.

Кезінде америкалық этносаясаттанушы Бенедикт Андерсонның «Елестетілетін қауымдастық» тұжырымдамасына сәйкес «Ұлт – елестетілетін саяси қауымдастық» болып табылады. Ол өзінің бұл тұжырымдамасын Еуропада XV-XVI ғасырда басталған «баспа капитализмімен» («print capitalism») түсіндіреді. Андерсонның айтуынша, осы уақыттан бастап баспа капитализмі алдымен кітаптарды, кейіннен газет-журналдарды жаппай шығаруға ұйытқы болған.

Әлемдік мәдениет жүйесінен ығысып, өлі тілдер қатарынан орын алған латын тілі – ағылшын, француз, неміс, итальян, испан, одан кейінгі кезеңдерде Шығыс Еуропа, Азия мен өзге де аймақ тілдерінің дамуына серпін берді. Осы кезеңде баспа өнімдерін оқитын бұқаралық оқырман қалыптасты. Үнемі бір баспа өнімін (газет, журнал, көркем әдебиет, оқулықтар т.б.) үзбей оқу арқылы оқырмандар санасында белгілі-бір, іштей байланысқа негізделетін елестетілетін қауымдастық қалыптасты. Осылайша олардың бойында ортақ бірегейлік пайда болып, ол ұлттың қалыптасуына алып келді. Қалыптасатын осы іштей өзара байланысты қауымдастықтың негізі оған кіретін мүшелерінің барлығының ортақ бірегейлігі болып табылады. Осының нәтижесінде ұлт туып, дамиды.

Елімізде жүргізілген зерттеу қорытындыларына сүйенсек, Қазақ елестетілетін қауымдастығы ХІХ ғасырдың соңында-ақ қалыптаса бастады, бірақ оның дамуын Қазан төңкерісі тоқтатты. Кеңестік кезеңде қазақ елестетілетін қауымдастығының дамуы оны идеологияландыру мен соған байланысты орыстандыру негізінде жүріп, оның басты элементі қазақ тілін кириллицаға көшіру болды. Елестетілетін қауымдастықты (яғни ұлтты) қалыптастыруға негіз болатын баспа өнімдері Қазақстанда толығымен кириллицада басылды және әлі де басылып келеді. Алайда, тілдің материалдық тасымалдағышы ретінде жазу елестетілетін қауымдастықты қалыптастыру ісінде тіпті бірінші кезектегі мағынаға ие болады. Ол қазақтың ұлттық сана-сезімінің орыс тілі мен орыс мәдениеті жағына қарай бағдар алуына ықпал етіп келеді. Нәтижесінде қазақ бірегейлігі көп жағдайда анықталмаған күйінде қалып отыр. Осы тұрғыда латын графикасына көшу қазақтардың нақтыланған ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстанмен мәдени-тарихи тәжірибесі ұқсас Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстанның латын графикасына көшуін дәл осы көзқарас аясында қарастырған жөн.

Әлемдегі көптеген ұлттардың мәдени тарихы көрсеткендей, ұлттық бірегейлікті қайта қалпына келтіруде жазу тілден де маңызды рөл атқарады екен. Қытайлар үшін иероглифтары қытай халқын біріктіретін мәдени код болып саналады. Себебі, бір ғана Қытайдың өзінде қытай тілінің түрліше сөйлеу нұсқалары бар, ол ауызекі коммуникацияға кедергі келтіруде, ал  ортақ жазуы арқылы олар бір-бірін түсінісе алады. Орыстар, грузиндер, армяндар, еврейлер, арабтар үшін  қолданыстағы жазбалары олардың тілдерінің жай графикасын ғана емес, діни, мәдени, тіпті ұлттық бірегейлігін де танытады. Кезінде түрік халқының көшбасшысы Ататүріктің латын жазуына көшуі империялық (османдық) бірегейліктен ұлттық (түріктік) бірегейлікке ауысуды білдірді. Сол сияқты қазақ жазуын латын графикасына көшіру қазақ халқы үшін кеңестік (отарлық) бірегейліктен зайырлы (ұлттық) бірегейлікке ауысуды білдіреді.

Осы орайда 1991 жылы Мәскеуде жарық көрген «Без правых и левых» атты кітабында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының жазу жүйесін бұзудағы кеңестік саясат туралы: «Ғасырлар бойы мұнда жазбаша тарих пен бай әдебиет қалыптасты. Отызыншы жылдары барлық аймақтарда араб жазуын алдымен латын жазуына, ал кейіннен кириллицаға ауыстыруға қандай түсіндірме беруге болады? «Марксшілдердің» игілігіне қарай ғылыми негізделген бұл іс ұлттар арасындағы барлық ерекшеліктерді жоюды көздеген мақсатпен саналы түрде қолға алынған. Осылайша адамдарды мәңгүрттендіріп, халықтың жадын жоюға кіріскен... Біз қалайық, қаламайық, бірақ қазақ халқының жүрегінде жапа шегушілік сезімінің сақталуы кездейсоқ емес. Аймақтан жергілікті халықтың тілдері, мәдениеті, дәстүрі ығыстырылған жағдайда бұлай болмауы мүмкін емес» - деп тұжырымдады.

Супердержавалар аз ұлттарды жұтып жатқан жаһандану дәуірінде біздер үшін де ұлт болып бірігудің маңызы зор. Бұл ретте, Қазақстанның қазақ елі екендігін ай­ғақтайтын басты атрибут, ол – қазақ тілі. Ал қазақ пен қазақтың қазақша сөйлесуі, қазақша ойлауы үшін әліпбиді заманға сай жаңғырту қажет.

Латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ ұлттық бірегейлігі қалыптасып, ұлттық санасы жаңғырып, әлем қазақ­та­рымен ортақ ақпарат кеңістігі қалыптасып, ға­ламторда қазақ жазуы толық оқылып, сол арқылы, шын мәнінде, бүтін әрі бәсе­ке­ге қабілетті ұлт боларымыз анық.

Айдос САДУАҚАСОВ,

журналист-саясаттанушы

 

0
0
825

Осы тақырып бойынша

Ұлт болмасын десең – жазуыңды түзе! - Yvision.kz