Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Өлшемнің өлшемін білесіз бе?

«Қарыстан сүйем жақын». Мағынасын шамалай аласыз ба? Толығырақ тоқталмас бұрын бір елі 1-1,5 см болатынын айта кеткен жөн. Мұзафар Әлімбаев «Көне өлшемдер» атты өлеңінде былай түсіндіреді:

Сүйем деген немене?

Жүрген елдің ойында,

Ескі өлшемдер мол екен.

Бір сызықтың бойында,

Созсақ сұқ қол, бармақты-

Сүйем деген сол екен.

Қарыс  деген немене?

Жүрген елдің ойында, ескі өлшемдер мол екен.

Бір сызықтың бойында,

Бармақ пен ортан  қолыңды,

Созсаң өлшей қоюға-

Қарыс деген сол екен.

Екі сөз де дене мүшелерін ұзындық өлшем ретінде қолданғаннан туындаған. Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың екінші буынын бүккендегі  17-18 см қашықтық. Сынық сүйем – бүкпегендегі аралықты айтамыз. Киіз үйдің уығы 12-16 қарыс мөлшерінде жасалады. Бас бармақ пен шылдыр шүмектің созылуын, 20-22 сантиметрді «қарыс» деп атасақ, бас бармақ пен ортанғы саусақтың арасы «қарыс сүйем» делінеді. Осы саусақтардың барынша керілуін «кере қарыс» деп жатамыз. Ал, сере қарыс – бас  бармақ пен шынашақтың арасы. Өлшемі жақындау, мағыналас жырта қарыс, қарыс сүйем, қарыс-қарыс, сүйем-сүйем, қарыс жер, аузы алты қарыс, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс сияқты сөздер кездеседі. Тұтам тобылғы, тұтамдай сары мүйіз, тұтамдай кестіріп, тұтам күміс деген сөздер мен «бір-ақ тұтам жер» деген тіркестерді кезіктірсек, көз алдымызға көлемі елестету үшін келесі анықтамаға назар аударыңыз. Тұтам – алақанның, таяқ немесе арқанды ұстап жұмылған жұдырық өлшемі. Этнограф Жадға Бабалықұлының түсіндірмесіне жүгінуді жөн көрдік.

Кез – 50 см, Саржын – төрт кезге тең, 2 метр 13 см. Аршын – шынтақтан саусақ ұшына дейінгі ұзындық немесе 75 см. Ғалым  Е. Аққошқаров парсы тілінен енгендігін айта кетеді.

Құлаш – иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының аралығы немесе 1,80-2 м. (Құлаш созым жер).

Адым – жай жүргендегі екі аяқ арасының алшақтығы, 1 метр. (Қарға адым жер).

Таяқ тастам жер – тым жақын жер, яғни 10-15 м.

Әудем жер – «әй» дейтін таяу жер, яғни 100 м.

Дауыс жететін жер – 250-300 м.

Тепе – екі шақырым.

Иек астында – 4-5 шақырым.

Қозыкөш жер – 5-6 шақырым.

Көз ұшында – 6-7 шақырым.

Тайшаптырым – 4-5 шақырым.

Құнаншаптырым – 8-10 шақырым. Шоқтығы биік тұлға Жүсіпбек Елебековтың дауысы  7-8 шақырымға жетсе, осы қашықтықта жүрген жылқышылар Әміре Қашаубаевтың шырқаған әнін естіген.

Бір көш жер – 10-15 шақырым.

Атшаптырым – 25-30 шақырым.

Бұл ұғымдар құлағыңызға түрпідей тиіп, жат естілуі мүмкін. Жаратылыстағы саналмайтын зат есімдерден өзгесінің бәрінің өлшемі бар. Мөлшерсіз дүние жоқ. Салмақ, қашықтық, мерзім, ұзындықты анықтау құралдары болмағандықтан, табиғи көріністерді, төңіректегі іс-әрекеттерді қабыстырған. Өлшеудің өзіндік халықтық жүйесі ешқандай тілде жоқ. Энциклопедиядан қарағанымызда, Дешті Қыпшақта арпа дәнінің ені үшін аттың қатар қойылған алты тал жалы алынған. Ал арпаның 6 дәнінің еніне тең өлшем бармақ деп аталған. Сондай-ақ, уақыт мөлшерін болжауға күннің, айдың немесе басқа да аспан шырақтарының көкжиекпен салыстырғандағы орны алынған. Егін шаруашылығымен айналысатын аймақтарда уақыт мөлшерін судың белгілі бір ыдыстан ығысып шығу мерзімі бойынша анықтаған. Жетілдіріле келе бұл ыдыстар су сағатына айналған.  Тар түсініктен құлантаза құтылмайынша, сөздік қорымыз өскелең ұрпақтың жадынан ұмыт қала береді. Бағзыдағы бабалар танымын сараптап, тәулік пен мезгілге байланысты назарыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Күн шығар алдыңдағы мезгілді «таң» немесе «таңертең» деп атайды.

1.  Алагеуім, алатөбе, алаң – ғұлан, алаң – елең – таңертеңгі мезгілде айналаның әлі жарықтанбай, сәл ғана бозғылт тартқан кезі.

2. Құланиек, құлан сәрі – таң жаңа сыз беріп ата бастаған кез.

3. Таң сәрі – жерге жарық түсе бастаған кез.

Күн көкжиектен көтерілген мезгіл мезгілді «сәске» деп атайды.

1. Сиыр сәске – күн арқан бойы көтерілген кез.

2. Сәске түс – түске жарқындаған мезгіл, сағат 12 шамасы.

3. Ұлы сәске – тал түске жақыңдаған мезгіл.

Етпісірім – 2-3 сағат.

Бие сауым – 1,5 сағат.

Қас-қағым сәт – 1 секунд.

Сүтпісірім – 5-10 минут.

Асыл рухымыздың күбірі жәй ғана естілгенімен, санаға сіңдіре алмай жатқанымыз өкінішті-ақ. Әсіресе зиялыларымыздың еңбектерін оқығанымызда  ұғынып, қолданысқа енгіздіре білсек, ұтқанымыз болар еді.

Салтанат Сүгір

1
0
3291

Осы тақырып бойынша

Өлшемнің өлшемін білесіз бе? - Yvision.kz