Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Өлмес өнер тудырған

Айқын, 14.01.2014

Осы өнеріміз бен өнер тарихымызда да тереңірек зерделеп, тұтас қарастырып, болашақ өнер мамандарын оқытып тәрбиелеу саласында қажырлы еңбек сіңірген біздің замандасымыз философия ғылымдарының докторы, профессор Болат Кесікқалиұлы Байжігітов болатын. Ол 1978-1996 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқытушылық қызметтен басталып, кейіннен 1996-1999 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі болып жұмыс атқарды.

2001-2006 жылдар аралығында фило­софия мамандығы бойынша док­торлық диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, төрағасы, төрағаның орынба­сары қызметтерін атқарды. Ал 2006 жы­лы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында ректордың ғы­лыми жұмыстары бойынша проректоры қызметінде болды. Қысқа да, мәнді өмі­рінде оның алған атақтары мен дәре­же­леріне тоқтала кетсек: ҚР Білім беру ісі­нің Құрметті қызметкері (2003), «Аста­на Бәйтерек – 2005» республикалық кон­курсының «Өнертану» номинация­сының иегері (2005), Қазақстан Су­рет­шілер одағының мүшесі (1987).

Ал енді артынан бізге қалдырған ең­бектеріне келетін болсақ, оның жетек­шілігімен 6 ғылым докторы, 31 ғылым кандидаттарын қорғатып, 1 оқулық, 2 монография, 1 альбом, 1 католог, 1 сөз­дік, 50-ден астам ғылыми мақалаларды жарыққа басып шығарған автор, соны­мен қатар 1981-1991 жылдар аралығында теледидардан жүргізілген өнер тақыры­бындағы 108-ден астам хабарлардың сценарийлерінің (олардың бір бөлігі «Қазақстан» телеарнасының Алтынқо­рын­да сақталған) авторы және жүр­гізушісі болатын.

Болат Кесікқалиұлы институтты бі­тір­геннен кейін 1978-1996 жылдар ара­лығында Абай атындағы ҚазПИ-дың көркемсурет факультетінде «Өнер та­ри­хынан» дәріс берген, сонымен қатар 1996-1999 жылдар аралығында «арнайы пәндер мен өнер тарихын оқыту әдіс­темесі» кафедрасын меңгерген, 2001-2006 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың философия ғылымы бо­йын­ша диссертациялық кеңесінің ғы­лы­ми хатшысы, төрағасы, төраға­сының орынбасары, ал 2006-2007 жыл­дар ара­лы­ғында Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның ғылыми істері жөніндегі прорек­то­ры болып қызмет атқарды.

Қазақ өнері мен мәдениетiн дамы­туда аянбай тер төккен азаматтардың бірі десек, артық айтпаған болар едік. Оның бейнелеу өнері, мәдениет пен өнер философиясына, қазақ бейнелеу өнерінің философиялық мәселелерін зерделеп, зерттеуге қосқан үлесі қомақ­ты.
Болат Кесікқалиұлы республи­ка­мызда «Өнер тарихын» қазақ тілінде оқытуды бірінші болып бастаған жан еді. Орта және жоғары оқу орындарына арналған өнер тарихы бойынша оқулық­тардың тұңғыш авторы. Р.Алфред, Радклиф-Браун, Л.Алфред, Кребер, Франц Боас, Э.Эдвард, Эванс Причард және Ю.Лотманның кейбір еңбектерін қазақ тіліне аударып, «Әсемдік әлеміне саяхат» атты 108 теледидар бағдарла­масының және «Ұлы суретшілер» атты 28 бағдарламаның сценарий авторы мен жүргізушісі болған.

Ол өз ортасында бейнелеу өнерін жетік меңгерген, өте шебер, әйгілі ға­лым болатын. Ол республикамызда өзі­нің танымал шәкірттері және ізбасар­ларымен «Байжігітов мектебі» деген атқа лайық негіз қалыптастырды. Өзінің қысқа да, мазмұнды, маңызды өмірінде ғалым болашақ ұрпаққа қадірлі де, қас­терлі де, өшпес мұра қалдырып үлгерді.
Болат Кесікқалиұлы теориялық өнер философиясының тың мәселелерін талдау барысында, көркемөнердің син­тездік қасиетін ескерді, мәдени құбы­лыстардың ұлттық сипаты, форма мен образдың табиғи үйлесімділігі сияқты мәселелерді қарастырып, оқытудың бас­ты принциптерін айқындай отырып, реалистік шығармалардың рационалды ой-санаға, форманың мазмұнды айқын­даудағы негізгі жетекші рөліне ерекше көңіл бөлген еді.

Ол ұсынған оқыту процесінің жаңашылдығымен көркем шығарманың табиғатын, тәрбиелік, технологиялық мүмкіндіктерін және образдық тілін тұтастай бірлікте қарас­тыруын анықтады. Сонымен қатар ол жеке адамның шығармашылық қабі­летін, суреткерлік қиялын эмоционалды түйсіне білу қасиетін арттыруда пробле­малы ситуациялар тудырту және өз бетінше ойлай білу, көркем шығармаға, құбылыстарға, бағыттарға салыстыр­малы талдаулар жасай білуге баули оты­рып, педагогикалық процестің біртұтас­тылығы мен жүйелілігін анықтаған ғалымның бірі болды.

Қоғам өзгерген сайын адамдар да өзгереді. Бірақ өнерді өзгерту мүмкін емес... Өйткені өнер – халықтікі. Сол өнерді кейінгі ұрпақтың санасына, бойына сіңіре білу құрметіне қол жеткізе білген Болат Байжігітов болатын.

Болат Кесікқалиұлы ылғи да, қажырлы еңбек пен үнемі ізденіс үстінде жү­ре­тін адам еді. Өзінің рухани қай­талан­бас мұрасын, ұлағатты өнегесін, ғы­лы­мын, өнерін, терең білімін жас­тарға үйретуден жалықпаған дара тұлға деп айтсақ артық болмас. Артына қайталанбас ғылыми-шығармашылық мол мұра қалдырды. Бақытты да баянды ғұмыр кешкен ұлағатты ұстазымызға әлі күнге дейін рақметіміз шексіз.

Шолпан АҚБАЕВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Магистратура
және PhD докторантураинститутының
«Қазақстан тарихы мен мәдениеті»
кафедрасының доценті,
педагогика ғылымдарының кандидаты

 
0
0
606

Осы тақырып бойынша

Өлмес өнер тудырған - Yvision.kz