Әліпбиді өзгертпесе, болашақ жоқ па?

Елбасының сананы жаңғырту туралы көлемді мақаласы шыққалы бері бір аптадан көп уақыт өтсе де, әлі күнге дейін қызу талқыланып келе жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты өз ойымды тағы да білдірейін деп едім.
Мен осы платформада аталған мәселеге байланысты қазақ және орыс тілдерінде өз пікірімді бұрын да білдіргем.
Мен адастым ба, әлде әліпбиді өзгертпесе, болашақ жоқ па?
Мен көрші елдің тыңшысы емеспін, ел мүддесіне қарсы шыққандардың өкілі емеспін. Алайда, өзім өмір бойы қолданып келген, бойыма сіңген жазу жүйесі бір күнде бізге жат жүйеге айналғандай болды. Бұл (кириллица) біздің жаңаруымызға кедергі жасайтын жүйе екен-ді...
Өткен жетпіс жылды былай қойып, соңғы жиырма бес жыл бойы латын графикасын қолданбаған халық елбасы мақаласынан кейін бір-ақ күнде «дұрыс, қолдаймыз» деп бірден латын қаріпін қолдана бастағанына өзім куә болдым (әлеуметтік желілерде мысалдар толып жатыр), ал сіздер ше?
Бұл шынымен де бүкілхалықтық әрі тілдің дамуына дәл осы сәтте ауадай қажет үрдіс болса, онда мен адасқан шығармын...
Бірақ, туған тілдің болашағы сияқты осындай аса маңызды мәселеде азаматтық қоғамға тән іс-қимылдың нышанын емес, біраз белсенділердің әлі де болса биліктің айтқанына ғана мән беріп, сол билік «ақпараттық түрткі» берген кезде ғана шабыттанып, қанаттанып қалатын жайтты аңғардым.
Маған латын қаріпіне кешегідей бір күнде өтіп кету қиындыққа соқпайды (бірнеше тіл мен жазу жүйесін меңгергем - қазақ, орыс, ағылшын, араб, француз, испан), бірақ мен қазіргі жүйені қолданудан бас тартпаймын. Ал мына соңғы жаңалық астымдағы орындықты біреу келіп, қағып жібергендей болды.
Жан-жақтан «жақсы болды, енді бәрі де жақсы болады, тіл дамиды, ел дамиды, жаңарамыз, алға басамыз және т.с.с.» деген қуанышты әрі қолданыстағы жазу жүйесін анық жақтырмайтын ұрандар мен пікірлерді естіген кезде, өзіңді өз еліңде барлығынан оқшауланып қалған біреу деп сезінеді екенсің. Осылай болады деп ойламап едім.
Тіл халықты топтастыратын күш емес пе, ал біз осы күндері неге куә болдық? Халық пен қоғамдық пікір бөлініп кетті емес пе? Мәселе тілді дамытуда болса, осы мәселеге назар аудару қажет, графиканың мұны қалай өзгертетінін мен әлі түсіне қойған жоқпын.
