Өліп бара жатқан тілдер..
Өліп бара жатқан тілдер..
Тіл — халықпен бірге туып, бірге өмір сүретін бөлінбейтін бөлшек. Дей тұрғанмен қоғамдық қажеттілік аясы тар тілдің ғұмыры да соншалықты қысқа. Әлемде біз естіп-білмей жатып жоғалып кеткен тілдер көп. Және керісінше, жүре пайда болып, ресми тіл қатарына еніп, жалпақ жұртпен біте қайнасып, қолданысқа жаңадан сінген тілдер де жетерлік.
Халықаралық сарапшылардың сөзіне сенсек, әлемде әр 15 күн сайын бір тіл қаза болады екен. Қаза болып бара жатқан тілмен сол елдің тарихы, дәстүрі, мәдениеті де қаза болатыны ешкімге жұмбақ емес. Халықаралық интеграцияның салқыны жанбай жатып өшіп жатқан талай тілдердің кесіріне айналды.
Мәселен, австралиялық аборигендер мен американдық үндістердің тілінде санаулы ғана халық сөйлейді. Австралияда 20 ғасырдың басында 400 -ге жуық тіл болса, қазіргі таңда 25 тіл ғана қалған екен. Африкада 1400 тіл түрлерінің ішінде 600 тіл жоғалып кеткелі тұр: әсіресе, Нигерия және Шығыс Африка аймағы. Солтүстік Шығыс Азия аймағында орыс тілінің қысымынан 47 тілдің ішінде 6 тіл ғана аман қалып тұр. Тайваньда қытай тілінің басымдық көрсетуінен 23 тіл жойылып кетті.
Кезінде соғыс, әлемдік ауру шақыратын эпидемиядан тілдер қаза болса, бүгінгі таңда басқыншы тілдерге жаппай көшудің арқасында жойылып барады: ағылшын, француз, испан, итальян, қытай, неміс тілдері үстемдік көрсетіп тұр.
Тіл мамандарының дерегіне қарағанда, 2100 жылға дейін әлемде 3500-дей тіл қолданыстан шығып, жоғалады екен. Бұл деген бүгінгі таңда дүниежүзіндегі бүкіл тілдердің тең жартысы болмақ. Деректерге қарағанда, әлемдегі жоғалып бара жатқан тілдердің 28 пайызының 1000-нан сәл ғана асатын сөйлеушісі бар. Мысалы, Ауғанстандағы тирахи тілінде сөйлейтін 100 адам ғана қалған. Арменияда ломаврен тілінің сөйлеушісі тіпті 50-ден аспайды. Ал бұрынғы совет республикалары болған.
Орталық Азиядағы тәжік, қырғыз және өзбек тілдері ел тәуелсіздіктерінен кейін күшейе түскендерімен, Тәжікстандағы памир тілдері сияқты бұл аймақтағы кішігірім тілдер ұмытыла бастаған. Әлемде 6000-нан астам тіл болса, солардың 600-не ғана жойылу қаупі төнбейді екен (2700 — негізгі тіл, 4000-ға жуығы — сол тілдердің диалектісі).
Камерун деген елде 1995 жылы қарашаның 5-і күні Момбила ауданында касаба тілінде сөйлейтін ең соңғы Богон есімді азамат дүниеден өткен. Қарашаның 4-і күні касаба тілі тірі болса, қарашаның 5-і күні ол тіл өлді.
Яғни, бірде-бір адам сөйлемейтін тіл өлген тіл болып саналады. Стив Андерсен деген лингвист 1992 жылы қарашаның 8-інде Батыс Кавказдағы обух тілінде сөйлеген ең соңғы адам Тефлик Есенщ дүние салғанда, обух тілі де бірге өлгенін айтады. Тілші обух тілін жазып алуға 2-ақ сағат үлгермей қалыпты. Себебі, ол сол ауылға жеткенде Тефлик екі сағат бұрын дүниеден өтіп кеткен екен. Сонымен сіз өз тіліңіздің ең соңғы өкілі, яғни сөйлеушісі болсаңыз, онда тіліңіз өлді деп есептей беріңіз. 
